Әлеумет

Тіршілік қазаны қайнаған қала

Рас, соңғы уақытта жағымсыз жаңалықтар легі көбейді. Бірақ, біз артта қалған аптада Шымкент қаласында орын алған оқиғаларға шолуды жақсы жаңалықтан бастағалы отырмыз. Қала аумағындағы Елтай тұрғын алабында «Шымкент қайырымды қала» әлеуметтік қор есебінен су тасқынынан зардап шеккен 5 үй қайта салынатын болды. Осылайша жуырда ғана баспанасына су кіріп, уайым тұңғиығына батқан отбасылар жағымды жаңалыққа марқайып қалған жағдайлары бар.

         Бұл қуанышты хабар жайында жергілікті тұрғындармен кездесу барысында қала әкімінің орынбасары Бауыржан Мамыталиев мәлім етті.  Оның айтуынша, аталған әлеуметтік қордан тиісті қаражат бөлініп, апта соңында құрылыс жұмыстары басталады. Бұйыртса, қайта салынатын үйлер бір жарым айдың ішінде толығымен бітуі тиіс. Ал арнайы комиссия тасқын су кірген тағы 32 үйдің зақымданғаны туралы шешім шығарар болса, оларды қалпына келтіру үшін де аталған әлеуметтік қордан қаражат қаралатын болады.

«Қала әкімінің орынбасары, сонымен қатар, су басып өткен аулалар мен көшелерді тазарту жұмыстарының барысын тексерді. Еңбекші ауданының Елтай тұрғын алабында қазіргі таңда су толығымен тоқталып, авариялық-қалпына келтіру жұмыстары қарқынды жүргізіліп жатыр. Бұл жұмыстарға Шымкент қаласы Төтенше Жағдайлар департаментінің жеке құрамында 48 қызметкер, 3 техника мен 1 мотопомпа жұмылдырылған. 
Өрт сөндіру бөлімдерінің жеке құрамы су басқан аула, аумақтардан, көшелерден батпақ лай мен тастарды шығарып, арықтарды жиналған қоқыстардан тазартуда. Сондай-ақ, олар бүгінге дейін ұзындығы 30 метр болатын екі көше мен 48 үйдің ауласын лайдан тазартты», — деп хабарлайды Шымкент қаласының баспасөз қызметі.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдауында «Азаматтардың барлық сындарлы өтініш-тілектерін жедел әрі тиімді қарастыратын «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын іске асыру – бәрімізге ортақ міндет. Билік пен қоғам арасында тұрақты диалог орнату арқылы ғана қазіргі геосаяси ахуалға бейімделген үйлесімді мемлекет қалыптастыруға болады», — деп айтқандағы негізгі меңзегені осындай игі істерді жүзеге асыру болғаны анық.

           Кәсіпкерлікті қолдауға – 19,4 миллиард теңге…

         Бизнесті, оның ішінде ірі кәсіпорындармен бірге орта және шағын бизнесті дамыту – ел экономикасының өркендеуіне тікелей әсер ететіні талассыз. Осы салаға қатысты Президент Жолдауында «Шағын, әсіресе, микробизнес еліміздің әлеуметтік-экономикалық және саяси өмірінде маңызды рөл атқарады. Атап айтқанда, ең алдымен, ауыл тұрғындарына тұрақты жұмыс береді, жұмыссыздықты азайтады. Сонымен қатар, салық базасын құрап, жергілікті бюджетті нығайтады. Сондай-ақ, жаппай кәсіпкерлікті дамыту санаға сіңген патерналистік пиғыл мен масылдықтан арылуға мүмкіндік береді», — деп атап өтіп, осы салаға Ұлттық қордан 100 миллиард теңгеге жуық қаржылай қолдау болатынын жариялаған-ды.

Президенттің осы тапсырмасын орындау Шымкент қаласы үшін үш жақты тиімділігі бар. Біріншіден, қазына қаржысы толықса, екіншіден жұмыссыздықты төмендетуге сепетігін тигізеді. Үшіншіден, кәсіпкерлікті дамыту шымкенттік тұрғындар үшін аса қиындық тудырмайды. Өйткені, жергілікті халық кәсіпкерлікке бейім. Билік тарапынан азды-кем қолдау болса, дөңгелетіп әкетуге даяр тұрғындар аз емес. Осыны ескерген Шымкент қаласының әкімдігі кәсіпкерлікті қолдау мақсатында 2020 жылғы бюджеттен 19,4 миллиард теңге қаржы бөлуді ұйғарды. Бұл өткен жылмен салыстырғанда екі есе жоғары.

Шымкент қаласы әкімі баспасөз қызметінің хабарлауынша, аталған қаржының 4,2 миллиард теңгесі ауылшаруашылық субсидияларына және 5,2 миллиард теңгесі пайыздық мөлшерлемелерді ішінара субсидиялауға, ал 823 миллион теңге кредиттерді ішінара кепілдендіруге бағытталып отыр екен. Сонымен қатар, инновациялық жобаларға грант беруге 205 миллион, жеңілдетілген несие бөлуге 816 миллион және кәсіпкерлік қызметті қолдауға 40 миллион теңге бөлінді.

Экономикалық өсімді қайта қалпына келтіру жөніндегі кешенді жоспарға сәйкес Шымкент қаласында дағдарысқа қарсы іс-қимыл жоспары бекітілгенін мәлім еткен қала әкімі М.Әйтенов: «Жоспарда бағаны тұрақтандыру, жергілікті тауар өндірушілерді қорғау, 2020 жылдың соңына дейін экономикалық өсімді қамтамасыз ету бойынша 29 іс-шара қарастырылды. Сонымен бірге, Президенттің тапсырмасымен шағын және орта бизнестің жекелеген санаттары үшін салықтық жеңілдіктер берілді, 3 жылға тексеруден босатылды. Жылдың соңына дейін ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерге салық төлеуден босатылды», — деп атап өтті.

Ең бастысы, бағытталған қаражат тиімді жұмсалып, көздеген нәтижеге қол жеткізілсе болғаны. Ол үшін қатаң бақылаудың қажет екені айтпаса да түсінікті.

     Госпиталь 1 маусымда пайдалануға беріледі

         Әрбір қиындықтың өз қайыры болады демекші, коронавирустың адамзатқа тигізген пайдасы – қауіпсіздік шараларына мығым болып, етек-жеңімізді жинауды қатаң ескертті. Жұқпалы аурулардың алдын алмасақ, одан қорғанудың талаптарын күшейтпесек, ешқандай да аяушылықтың болмайтыны түсінікті болды. Осы мақсатта, яғни инфекцияның тез таралуына жол бермеу мақсатында Шымкент қаласында жылдам уақыт ішінде 200 орындық жұқпалы ауруларға арналған госпиталь салып, пайдалануға беру жоспарланған болатын. Құрылыс жұмыстарына 5,8 миллиард теңге қаралған. Міне, сол жоба іске асып, бұйыртса, маусымның алғашқы жұлдызында қолданысқа беру жоспарланып отыр.

Қала әкімі баспасөз қызметінің хабарлауынша жалпы, коронавируске қарсы шараларға қала әкімдігі резервінен 1,2 миллиард теңге қаржы бағытталған. Мұның 501 миллион теңгесі медициналық мекемелердің материалдық-техникалық базасын нығайтуға жұмсалды. Қауіптілігі жоғары ұйымдарда қызмет ететін медицина қызметкерлерін қаржылай қолдау шараларына байланысты 1, 2, 3-ші тәуекел топтағы 2 764 медицина қызметкерлеріне наурыз-сәуір айларында 799 миллион теңге жалақыларына үстеме ақы төленіп, одан бөлек, демеушілердің есебінен 752 қызметкерге 42 миллион теңгеге қаржылай көмек көрсетілген. Ал, науқастармен жақын байланыста болған медицина қызметкерлерін оқшаулау мақсатында тегін 6 қонақ үй және жұмысына тасымалдауға 120 автобус ұйымдастырылған.

Әрине, миллионды қалада инфекцияның таралуына тосқауыл болу оңай шаруа емес. Оның үстіне қазір қай салада болмасын жұмыстың қарқын алған мерзімі. Тұрғындарды үйде тапжылтпай қамап ұстап отыру да тиімсіз. Осы секілді жайттарға байланысты індет жұғу қаупінің сейілмеуіне байланысты карантиндік режим мерзімі үшінші мегаполисте тағы екі аптаға ұзартылды.

              Тазалық бар жерде ауру болмайды

Жергілікті тұрғындар үшін де, қонақтар, туристер үшін де қаланың таза болуы өте маңызды. Өйткені, тазалық – түрлі жұқпалы аурулардың алдын алудың бірден бір жолы. Мұның, әсіресе, мезгілдің жазға жақындап, күннің қатты ысыған уақытында маңызы арта түспек. Осыған байланысты қала әкімі Мұрат Дүйсенбекұлының тапсырмасымен Шымкентте жеке тұрғын үйлер аумағына қоқыс тастайтын жаңа металл жәшіктер орнатылатын болады.

Шымкент қаласы Энергетика және коммуналдық шаруашылық басқармасы басшысының м.а Нұрлан Жаманкөздің мәлім еткеніндей, қатты тұрмыстық қалдықтарды кәдеге жарату үшін және қоршаған ортаның экологиялық тазалығын арттыру мақсатында осы жылы 1474 контейнер сатып алынбақ. Статистиканы сөйлетсек, қала аумағында қоқыс тастайтын 488 қоқыс алаңшасы, 2039 қоқыс контейнері бар екен. Алайда, бүгінде олардың көбінің тозығы жеткен. Сол себепті, қоқыс салатын контейнерлерді мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында жаңарту көзделіп отыр. Мамандар жаңа қоқыс контейнерлері басқа контейнерлерге қарағанда ыңғайлы, әрі сапалы екеніне сендіреді. Арнайы қақпақтары жеңіл қалдықтардың ұшып кетуінен, шашылуынан қорғайды және жағымсыз иісі шықпайды екен. Қала әкімінің төрағалығымен өткен жиында әкім, сондай-ақ, қатты тұрмыстық қалдықты игеру, кәдеге жарату және қайта өңдеу бағытындағы жұмыстарды кезең-кезеңімен жүзеге асыру, үй қалдықтарын сұрыптап, эко-контейнерлерге жинау қажеттігін айтты.

«Осы орайда, Grееn line компаниясының өкілі қала басшысына эко-контейнердің бір нұсқасын ұсынып, қоқысты өңдеудің өзіндік жүйесін көрсетті. Мұнан бөлек, бұл салада бірнеше жылдан бері қызмет етіп келе жатқан «ОрионНовТех» компаниясының да ұсынысын талқылады. Жиын барысында Мұрат Дүйсенбекұлы қаладағы қоқыс жинау жүйесіне, әсіресе жер үйлердің көше бойына қалдықтарын шығарып тастайтынына көңілі толмайтынын жеткізді. Сондықтан, қоқыс жинаудың жаңа алгоритмін жасауды тапсырды. Сондай-ақ, әкім түрлі контейнерлер қойып, бизнесті мемлекеттік-жекеменшік әріптестік арқылы қайта өңдеумен айналысуға ынталандыру керек екенін айтып өтті», — деп хабарлайды қала әкімінің баспасөз қызметі.

Күннің күрт ысуы тағы бір мәселенің маңызын арттырады. Ол – өрт қауіпсіздігі. Шымкент қаласының аумағында орман және дала өрттерін алдын алу бойынша онлайн режимде қала әкімінің төрағалығымен өткен жиында төтенше жағдайлар департаментінің басшысы Н.Дербісов мәлімдеме жасады. Оның сөзіне сенсек, қала аумағындағы орман қоры жерлеріндегі 406 шақырымда, егістік алқаптарында 400 шақырым, республикалық маңызы бар жолдардың бойында 65 және жергілікті автомобиль жолдарының бойында 315 шақырым өртке қарсы жолақ жыртылыпты.

«Өртке қарсы минералды жолақ жырту жұмыстары сапалы болуы үшін енін кемінде 7 метр етіп жүргізу қажет. Орман-дала өрттерін дер кезінде сөндіру мақсатында аудан әкімдіктері тиісті елді мекендерде 527 адамнан тұратын 52 өрт сөндіру тобын құрды. Олар 94 бейімделген қосалқы техникамен, 22 өрт сөндіру мотопомпасымен және қолда бар өрт сөндіру құралдарымен жабдықталған. Орман және дала өрттері орын алған жағдайда дер кезінде сөндіру үшін бір соқалы трактормен бірге 3 тонна суы бар тіркемелі бөшкелер, 4 уақытша бақылайтын өрт сөндіру бекеттері құрылды», — деді жиында департамент басшысы.

Тағы да статистикаға жүгінсек, Шымкент қаласында өрт саны өткен жылмен салыстырғанда 20 пайызға, ал адамдардың қаза болуы 40 пайызға азайған екен. Дұрыс, бірақ, көрсеткіш түзелді деп сақтық шараларын ұмыт қалдыруға болмайды. Керісінше дайындықты күшейтіп, ерікті өрт сөндіру жасақтарын құру жұмыстарын жандандыру қажет. Қала басшысы өрт оқиғасы орын алған жағдайда бірінші кезекте сол ауданның басшысы жауап беретіндігін қатаң ескертті.

Осы тұста айта кеткен жөн. Көптеген әлеуметтік нысандарда, оның ішінде білім ошақтары мен денсаулық сақтау ұйымдарындағы өрт қауіпсіздігінің алдын алу құрылғыларының сапасын жіті тексеруден өткізудің артықтығы болмас еді. Өйткені, аталған нысандардың кейбірінде өрт сөндіруге арналған құрал-жабдықтардың сапасы сын көтермейді. Тіпті, «для галочки» ұстап отырған жабдықтардың да бары жасырын емес. Ал, сақтық шараларының төмендігі ол мекеменің өзіне ғана емес, жергілікті тұрғындардың да өміріне қауіп төндіретінін ұмытпау керек. 

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *