Әлеумет

Әр отбасыға — бұзаулы сиырдан

Келес ауданында тың бастама қолға алынды. Бұл бастаманы көтеруші әкімдік те, көшбасшы партия да емес. Ауылдан шыққан қарапайым азаматтар. Егер Келесте бастау алған осы игі іс өзге өңірлерде де көрініс табар болса, елде жағдайы төмен отбасылардың саны күрт төмендейтіні анық.  

Өткен аптада Келестен шыққан кәсіпкерлер мен басқа да салада қызмет атқаратын азаматтар Келес ауданы, Қошқарата ауылдық округінде тұратын тұрмысы төмен екі отбасыға бұзаулы сиыр табыстады. Бұл жөнінде Бесауыл елдімекеннің биі Мәулен Ыстыбаев былай дейді: «Қошқарата ауылдық округі — ауданымыздағы үлкен елдімекендердің бірі. Әкіміміз Қонай Бекмұратов жергілікті ауыл билерімен ақылдаса отырып, жағдайы төмен екі отбасыны анықтадық. Оның бірі — Жаңақоныс елді мекенінің тұрғыны Өмірзақ Әріпбаев. Басында баспанасы болмағандықтан ол төрт баласымен пәтер жалдауға мәжбүр. Екіншісі — Бесауыл елді мекенінің тұрғыны, төрт перзент тәрбиелеп отырған Нұрғазы Махамбетұлы. Оның да жеке баспанасы жоқ. Екеуі де тұрақты жұмыссыз, әр жерде жалданып, маусымдық жұмыстарда жүреді. Осы екі отбасыға бұзаулы сиырдан табыс етіп, үйлеріне жеткізіп бердік.

Екеуі де қатты қуанып қалды. Әрине, мұндай жұмыстар демеушісіз болмайтыны белгілі. Ауылдан шыққан кәсіпкер жігіттер аз емес. Тіпті олардың алды Шымкент, Алматы, Нұрсұлтан қалаларында табысты жұмыстар атқарып жүр. Солардың және ауылдағы қолы ашық азаматтардың арқасында базардан барып сүтті сиыр сатып алдық. Мақсатымыз жарнама жасау емес, сол отбасылардың балаларының аузы аққа жарысын деген ой.

Бұл игі бастаманы алдағы уақытта жалғастырамыз деген ұйғарымға келдік және мұның арасын суытпай, әр екі-үш айда қайталап отыруды жоспарладық. Ауылымызда 70 отбасы бар. Оның бәрі көмекке мұқтаж дей алмаймыз. Арасындағы көмекке мұқтаж жандарды осылай демеп жіберсек, қатарға қосылып кетер.

Халқымызда «Ердің атын еңбек шығарады» деген сөз бар. Осылай әр салада еңбек етіп жүрген бір топ азаматтар қарапайымдылық танытып, ауылдық жерлерде тұратын көпбалалы отбасыларға көңіл бөлуді бастады. Бірақ олар өздерінің мұндай қайырымдылықпен айналысқандарының жария болуы қаламайды. Шариғатта «оң қолыңмен бергенді сол қолың көрмесін», – деген сөз бар емес пе? Бұл жігіттер де өздерін жарнамалағысы жоқ. Біз де оны құп көрдік».

Ал, ойламаған жерден бұзаулы сиырлы болған екі отбасы мүшелерінің дастарханы бүгінде ағарғаннан үзілмейді. Бірді екіге көбейтіп, мал басын көбейте алар болса, айран-сүті, құрт-майы да көбейіп, өздерінен артылғандарын ақшаға айналдыруға мүмкіндік туады. Ал, малға икемді жандар болса, бұл, тіпті, отбасылық бизнесінің бастауы болуы да ғажап емес.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *