Мәселе

Егістікті әртараптандыру – табысқа бастар төте жол

Шыбық шаншысаң шынар болып өсетін оңтүстіктің халқы да еңбекқор. Жомарт жердің берерінен мол үміт күтіп, ала жаздай арқа босатпайды. Көктемнің әр күні жылға азық екенін ұғынып өскен ұрпақ үшін егіс даласы ерте көктемнен екінші үйіне айналады.

Аграрлы облыс саналатын Түркістанда шаруалар жыл он екі ай дамылсыз жұмыс істейді десе де болады. Ал көктем мезгілі – ең қауырт шақ. Күннің көзі жылт еткеннен жаппай егіс науқанына араласқан шаруалар бүгінде көктемгі егістік жұмыстарын толығымен аяқтаған жайы бар. Ендігі мақсат – егістікті әртараптандыру. Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеевтің бастамасымен, тапсырмасымен соңғы жылдары облыста дәстүрлі мақта, масақ дақылдарын азайтып, олардың орнына көкөніс, мал азығы мен майлы дақылдарды көбейту қолға алынған. Осы мәселе жайын баян еткен облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Нұрбек Бадырақовтың мәлімдеуінше, аталған бастама 3 негізгі бағытта дамуда екен. Ең алдымен агроқұрылымдарды ірілендіре отырып, заманауи озық технологиялар енгізілген. Сонымен қатар, өңірде 2-3 гектар алқаптан жылына 2-3 өнім алу жобасын ендіру өз нәтижесін беріп жатқан сыңайлы. Жобаның тиімділігі – 1 гектар жерден жылына 6-7 миллион теңгеге дейін табыс табуға мүмкіндік беріп отыр. Үшінші бағыт – жеке қосалқы шаруашылықтардың ауласына тамшылатып суғару технологиясын ендіру арқылы ерте пісетін көкөніс, картоп, бақша өнімдерін өндіру.

Тамшылатып суғарумен қатар жаңбырлатып суғару әдісі де облыс диқандары үшін тиімді тәсіл екені дәлелденіп отыр. Осы бағытта Түркістан қаласы аумағында азық-түлік белдеуін қалыптасыру аясында жаңбырлатып суғару технологиясы іске қосылып, қурап, бос жатқан жерлерге су келе бастаған.

«Жаңбырлатып суғару технологиясының тиімділігін ескере отырып, елімізде кеңінен ендіруді қажет деп санаймыз. Жаңа технология қою керек. Сала үш бағытта дамиды. Үлкен шаруашылық жасап, не орта шаруашылықпен жылына 2-3 өнім алуға болады. Болмаса, кішігірім үйдің іргесіндегі жерден де өнім алуға болады. Кейбір аудандар бар, бос жатқан, не тал жоқ, не егіс жоқ. Жұмыс істету керек, бос жатқан жер қалмау керек», – деді Өмірзақ Естайұлы аппарат жиынында.

Облыс әкімі Өмірзақ Естайұлы ауыл шаруашылығын нақты нәтиже беретін үш негізгі бағытта дамыту жөніндегі жоспар жайын Үкімет отырысында да баяндаған болатын. Соның iшiнде белгiленген екінші бағыт: кооперативтерге бірікпейтін екі-үш гектар жері бар агроқұрылымдар үшін бір алқаптан жылына екі-үш өнім алу жобасын ендіру еді.

Бүгінде осы жобаны тәжірибеге енгізу ісі барлық аудандарда қолға алынған. Айталық, тау бөктеріндегі Түлкібас ауданында диқандарды осы жаңа әдіске үйрету мақсатында кеңiнен түсiндiру, тəжiрибе алмасу жұмыстары басталып кетті. Осы мақсатта аудан əкiмi Нұрлан Байғұттың бастамасымен Жаскешу ауылында карантин режиміне сәйкес барлық санитарлық талаптарды сақтай отырып, семинар-кеңес ұйымдастырылды.

Семинар-кеңес жайында аудан әкімінің баспасөз хатшысы Бақытжан Иманбаев былай деп хабарлайды: «Облыстық ауылшаруашылық басқармасы бекіткен 265 гектар жерге екі-үш өнім егу қажет болса, бұл жоспар Түлкібаста асыра орындалып отыр. Яғни, 266 гектар жерден 154 шаруа қожалық екі рет өнім алуды жоспарлауда. Көшпелі семинар бағдарламасына сәйкес аудан әкімі бастаған округ әкімдері мен шаруалар «Андасбек» шаруа қожалығына табан тіреп, егіс алқабымен танысты. Шаруа қожалық төрағасы Әділбек Құрманбаев ерте көктемде бес гектар жерге «Наташа» және «Ривейра» сортты картоп егіп, гектарынан 250 центнер өнім алуды көздеп отыр. Ауылшаруашылығы мамандарының болжамына сәйкес бір гектардан түсетін таза табыс көлемі 1 миллион 325 теңгеге жуық болмақ. Бірінші өнімді шілде айының орта тұсында жинап алуды жоспарлап отырған шаруа сол жерге қияр екпекші.

Семинар барысында шаруа қожалық төрағасы округ әкімдері мен ниет білдіруші шаруаларға кәсібінің қыр-сырын айтып, тәжірибесімен бөлісті. Шаруа қожалық төрағасымен сұхбат құрған аудан басшысы Нұрлан Мархабатұлы адал терімен іске асырып жатқан еңбегіне оң бағасын беріп, шаруашылығын ұлғайтуға жан-жақты қолдау көрсетілетіндігін жеткізді. Бұл бағытта округ әкіміне және аудандық жер қатынастар бөлімінің басшысына нақты тапсырмалар жүктеп, мерзімінде орындауды тапсырды.

Содан соң, көшпелі семинар «Жұлдыз» шаруа қожалығының егіс алқабында жалғасын тапты. Бұл жерде шаруа қожалық төрағасы С.Өмірбеков 1,5 гектар жерге көкжелке (укроб) егіп отыр. Шаруа маусым айында көкжелкені жинап алған соң жерді қайта өңдеп, орнына қияр отырғызуды жоспарлауда. Көшпелі семинар қорытындысы «Ерсары-1» және «Ерасыл-2» шаруа қожалығында өз мәресіне жетті. Бұл жерде ағайынды Төлепбергеновтер жалпы төрт гектар жердің екі гектарына пияз, бір гектарына қызанақ және бір гектарға қияр еккен.  

Семинарды қорытындылаған аудан әкімі Нұрлан Байғұт: «Бүгінгі таңда басты мәселе – ауылшаруашылығы мен кәсіпкерлікті дамыту. Осы орайда, мемлекеттік қолдауларды мүмкіндігінше пайдаланып, егін шаруашылығы мен мал шаруашылығын және басқа да бағыттағы жеке кәсіпкерлікті дамытуымыз қажет. Осындай сындарлы сәтте облыс әкімі Өмірзақ Естайұлының әр бастамасын іске асыра отырып, біз Республика, облысымыздың, оның ішінде ауданымыздың әлеуметтік-эканомикалық дамуына үлесімізді қосамыз. Бұл бағыттарды дамыту арқылы тұрғындардың да әл-ауқатын көтереміз», – деп, тиісті басшыларға семинардан жинаған тәжірибені пайдалана отырып, әр ауылдық округ, кенттердегі шаруа қожалықтарға және ниет білдірген азаматтарға табыс көзі мол түсетін ауылшаруашылық дақылдарынан нақты мысалдар келтіріп, түсіндіру жұмыстарын жүргізуді тапсырды».

Түлкібас ауданының ауылшаруашылық саласында бұдан өзге де оңды істер атқарылуда. Мәселен, жергілікті кәсіпкер, «Арман» шаруа қожалығының төрағасы Аңсаған Алимбаев мал шаруашылығын дамытуға ден қойыпты. Ол «Бастау-бизнес» жобасы арқылы кәсіпкерлік негіздері бойынша білімін жетілдіріп, «Кәсіпкерлік мектебі» мамандарының көмегімен бизнес жоспарын әзірлеп, «Түлкібас» несие серіктестігіне құжаттарын өткізген. Нәтижесінде «Агробизнес — 2020» бағдарламасы аясында 30 бас сауынды сиыр, 13 бас сауынды бие сатып алып, кәсібін жандандырып отыр. Халыққа табиғи сүт өнімдерін ұсынып отырған кәсіпкер, сонымен қатар,
сүт өнімдерінен неше алуан құнарлы ұлттық тағамдар әзірлеп, дастарқан мәзірін молайтуға үлес қосып отыр. Өз кәсібін дөңгелету арқылы тағы екі адамды тұрақты жұмыспен қамтып отырған кәсіпкер өнімдеріне деген сұраныстың да артып отырғанын жасырмайды.

«Облыс әкімі Ө.Шөкеевтің тапсырмасына сәйкес, бүгінде Түлкібас ауданында ауылшаруашылығы мен кәсіпкерлікті дамыту мақсатында мемлекеттік қолдауды пайдалана отырып кәсіпкерлікті дамыту шаралары жүйелі түрде іске асып келеді. Бұл шаралар өз кезегінде аудан тұрғындарының әл-ауқатын көтеріп қана қоймай, төтенше жағдайдан зардап шеккен аудан экономикасының қалпына келуіне үлкен септігін тигізбек», — деп хабарлайды Түркістан облысының Өңірлік коммуникациялар қызметі.

Табиғаты әсем, тау бөктерін жағалай орналасқан сұлу Түлкібас ауданында шынында да тұрғындардың өмір сүру сапасы жылдан жылға артып келеді. Бұл ауданда көгілдір отын, ауыз су, электр энергиясы, жол мәселесі жақсы жолға қойылған. Ендігі мақсат – тек қана алға қадам басу. Шаруаны шатқаяқтатпай, өндірістің өрісін кеңейту, кәсіпкерліктің тынысын ашу. Аудандық әкімдік осының барлығына да көңіл бөліп, дамуына жағдай жасауда.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *