Қоғам

Халық үнін еститін қала

Жаңа ай мен жаңа аптаның алғашқы күнін шымкенттіктер жағымды жаңалықтармен бастады. Адамзат баласы үшін ғана емес, жалпы жер бетіндегі тіршілік иесі үшін өміріндегі ең қымбаты – өзінің ұрпағы екені талассыз. «Бар жақсылық – балаларға» деген тәрбиемен өскен замандастарымыздың бүлдіршіндерге деген қамқорлығы айрықша. Бала дегенде қарапайым адам болсын, әкім болсын, тіпті, мемлекет басшысы болсын шығарға жаны бөлек. Балалар құқын қорғау мәселесін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдауында айрықша атап өткен болатын. Осы тұрғыдан алғанда Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов те балаларға деген кіршіксіз сезімін іспен көрсетті.

Шаһар басшысы 1 маусым — Халықаралық балаларды қорғау күні қаладағы балалар үйінің тәрбиеленушілерімен онлайн кездесіп, олардың дайындаған концерттік бағдарламасын тамашалады. Бүгінде әр баланың дені сау, сапалы білім мен саналы тәрбие алуы үшін мемлекет тарапынан барлық жағдайдың жасалып жатқанын айтқан қала басшысы кез-келген сәтте балалар үйінің тәрбиеленушілеріне қолдау көрсетілетінін атап өтті.

«Құрметті балақайлар! Сіздерді жаздың алғашқы күнімен келіп жеткен айтулы мерекемен құттықтаймын! Жазғы демалысты ұтымды пайдаланып, көңілді өткізулеріңізге, шынығып, жаңа оқу жылына күш жинауларыңызға тілектеспін», — деді М.Әйтенов балалармен онлайн байланыста.

Биылғы жылы №3, 4 балалар үйлері тәрбиеленушілерінің жазғы демалысын ұйымдастыруға 45,8 миллион теңге қаржы қаралған екен. Осы қаражатқа балалар 10 маусым мен 28 тамыз аралығында «Бәйшешек» сауықтыру лагерінде тынығып қайтады.

         Дәл осы күні, яғни Халықаралық балаларды қорғау күні үшінші мегаполисте орын алған екінші жағымды жаңалық — қаладағы №2 оңалту орталығының жаңа корпусының ашылуы болды.

«Жаңа корпус 60 төсек-орынға лайықталған. Орталықта невралогиялық ақауы бар және кардиохирургиялық, ортапедиялық отадан кейін балалар оңалту емін алады. Бұл үшін мұнда медицина мамандары балаларға физиотерапиялық емнен бастап, гидроәдіс, массаж және логопед пен психологтың қызметін көрсетеді. Сондай-ақ емдеу мекемесінде мамандар монтессори жүйесі бойынша жұмыс істейді. Тағы ескерерлігі, өз еркімен қимылдай алмайтын балалар арнайы анықтама қағазы арқылы ата-анасымен келіп орталықта ем қабылдай алады», — деп хабарлайды Шымкент қаласы әкімінің баспасөз қызметі орталықтың қызметі жайында.

Балалар мен жасөспірімдер, жастар мәселесі сөз болғанда олардың паналайтын баспана жайы алғашқы орындарға шығады. Ресми мәліметтерге сүйенсек, бүгінде Шымкент қаласы бойынша 29 жасқа дейінгі 1698 жетім бала тұрғын үй кезегінде есепте тұрады екен. Оның ішінде кәмелетке толмаған балалар саны – 589-ды құрайды. Жалпы, жетім балаларды баспанамен қамту ісінде Шымкент республикада алдыңғы орындардан көрініп жүр. Мәселен, Шымкентте 2016-2018 жылдары тұрғын үй кезегіндегі 345 бала, 2019 жылы 108 бала баспанамен қамтылып, республика бойынша алғашқы 3 орынға көтерілген. Ал биыл жыл басынан бері 48 жетім балаға баспана кілті табысталған. Сонымен қатар, былтырғы жылы мектеп бітірген 46 тәрбиеленуші жоғары және орта арнаулы оқу орындарына оқуға түсіп, тегін білім алуда. Оның ішінде 30 түлек мемлекеттік грант ұтып алса, 10 бала колледждің, 2-і жоғары оқу орны ректорының грантына ие болды. Ал 4 талапкерге білім гранты басқарманың қаладағы жоғары оқу орындарымен жүргізілген келіссөздердің қорытындысымен берілген.

«Бүгінде балалар үйіндегі тәрбиеленушілердің санын азайту мақсатында жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар отбасыларға қорғаншылық, қамқоршылық, патронаттық тәрбиеге берілуде. Бұл балалардың «үйдегідей» отбасында тәрбие алуына, отбасылық өмір мен нарықтық жағдайға бейімделе отырып, өмірлік жолын табуға оң септігін тигізбек», — деп хабарлайды Отбасы, балалар және жастар істері жөніндегі басқармасының баспасөз-қызметі. Иә, мұны балалардың өмір сүру сапасын жақсарту мақсатында жасалған құтты қадам деуге болады.

         Азаматтардың өтініш-тілектері қанағаттандырылды

«Азаматтардың барлық сындарлы өтініш-тілектерін жедел әрі тиімді қарастыратын «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын іске асыру – бәрімізге ортақ міндет. Билік пен қоғам арасында тұрақты диалог орнату арқылы ғана қазіргі геосаяси ахуалға бейімделген үйлесімді мемлекет қалыптастыруға болады. Сондықтан азаматтық қоғамға қолдау көрсетіп, оның әлеуетін нығайта түсу керек. Сондай-ақ, аса маңызды жалпы мемлекеттік міндеттерді шешу үшін талқылау жұмыстарына азаматтық қоғамның мүмкіндіктерін кеңінен қолдану қажет». Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы өз Жолдауында осылай деген болатын. Осы тапсырманы басшылыққа алған Шымкент қаласының әкімдігі халық тілегін ұдайы алдыңғы орынға қоюмен ерекшеленіп келеді.

Карантиннен қажыған халық үшін халыққа қызмет көрсету орталығының қызметі өте маңызды есептеледі. Міне, маусым айының басталуымен шектеу талаптарын жұмсартып, халықтың игілігі үшін жұмыс атқаратын бірқатар мемлекеттік мекемелердің жұмыс істеуіне рұқсат берілді. Атап айтсақ, Шымкент қаласының бас санитарлық дәрігерінің шешімі бойынша 1 маусымнан бастап Шымкент қаласының барлық халыққа қызмет көрсету орталықтары өз жұмысын қайта бастады. Алайда вирустың таралу қаупі сақталуына байланысты Шымкент қаласының тұрғындары ХҚО-да электронды форматта қолжетімсіз «қағаз жүзіндегі» қызметтерді және egov.kz порталында рәсімделген қызметтердің нәтижелерін ала алады. ХҚО-ға бару үшін кезек уақытын 1414 байланыс орталығы немесе немесе egov.kz порталындағы арнайы сервис және egovkzbot2.0 телеграм-боты арқылы алдына ала брондау қажет болады.

         Үшінші мегаполис өндірісімен ерекшеленеді.

         Миллионды қала үшін өндіріс саласын дамыту өте маңызды. Бұл – облыс экономикасының қозғаушы күші болуымен қатар, азаматтар үшін тұрақты жұмыс орны. Сол себепті, бұл саланың тыныс-тіршілігі қала әкімі Мұрат Дүйсенбекұлының ұдайы басты назарында. 

         Осы аптада шаһар басшысы Мұрат Әйтенов «Оңтүстік» индустриалды аймақта орналасқан бірқатар кәсіпорындардың жұмысымен танысты. Ондағы кәсіпкерлерге мемлекет тарапынан көрсетілетін қолдауларды атап өтіп, іскер азаматтармен пікір алмасты.

«Индустриялық аймаққа жасаған сапары барысында қала басшысы «Шымкент Темiр» ЖШС-нiң болат құю зауытының құрылысымен танысты. 2018 жылы iске қосылған өндiрiстiң жалпы құны 5,9 миллиард теңге болып отыр. Жылына 250 мың тонна өнiм шығаруға қауқарлы кәсiпорында 300-ге жуық адам жұмыспен қамтылған. Зауыт ТМД елдерiнде баламасы жоқ, заманауи құрылғылармен жабдықталған. Өндіріс ошағы толықтай iске қосылғанда жылына 1 миллион тонна өнiм алу жоспарланып, 2100 адам жұмыспен қамтылады деп күтілуде.

Әкім танысқан келесі нысан «Ferrum-Vtor» ЖШС-ның болат құю цехы. Жобаның құны 1 миллиард 244 миллион теңгені құрайды. 235 азамат жұмыспен қамтылған цехта еуропалық стандарттарға сай және баға жағынан тиімді тот баспайтын болат металл шығарылады. Бұдан бөлек, Мұрат Дүйсенбекұлы алюминий сымын шығаратын цех пен бетоннан құрылыс материалдарын өндіретін кәсіпорындарды аралап көрді», — деп хабарлайды Шымкент қаласы әкімінің баспасөз қызметі.

«Оңтүстік» индустриалды аймақта қазіргі таңда жалпы құны 41 миллиард теңге болатын 66 жоба жүзеге асырылып, 4 мыңнан астам жұмыс орны құрылған.

Қала әкімінің артта қалған аптадағы тағы бір табан тіреген кәсіпорны – «Рахат-Шымкент» кондитерлік фабрикасы болды. Фабриканың жаңа желісінің, яғни мармелад өндірісінің ашылуы өткен жылдың сәуір айында қол қойылған Шымкент қаласы әкімдігі мен «Рахат-Шымкент» ЖШС арасындағы серіктестік меморандумы нәтижесінде іске асырылған. «Бұл жоба барысында Қазақстандағы үшінші мегаполистің өндірістік әлеуетіне 1,8 миллиард теңге инвестиция тартылған. Сонымен қоса, жоба мемлекет тарапынан қолдау тауып, 90 миллион теңге субсидия төленген. Жаңа желінің ашылуының арқасында 80 азамат жұмыспен қамтамасыз етіледі. Бұл фабрика бір сағат ішінде 1 тонна, бір жылда 3,5 мың тонна мармелад шығаратын болады.
         Шымкент қаласында кіші және орта кәсіпкерлік, өндіріс саласының дамуымен қатар ауылшаруашылық саласында да тың серпіліс орын алғаны қуантады. Бұл салада егін шаруашылығымен қатар мал шаруашылығында да алға басушылық бар. Осы мақсатта жалпы сомасы 2,3 миллиард теңгені құрайтын 7 ірі инвестициялық жоба жүзеге асырылуда. Нәтижесінде жыл соңында қосымша 1,5 миллион литр сүт, 40 миллион дана жұмыртқа, 2,2 мың тонна құс еті, 2 500 тонна ет өндіріліп, 210 жаңа жұмыс орындары ашылатын болады. Аталған бағыттағы жұмыстарды жүргізуге субсидиялау бағдарламасымен бюджеттен 1140,7 миллион теңге қаржы қаралған.

         Жақсыны көрмекке. Ауылшаруашылық саласында тындырымды тірлігімен табыс тауып отырған бірқатар нысандардағы ауқымды жұмысты журналистер қауымы өз көздерімен көріп қайтқан-ды. Тассай тұрғын алабында орналасқан «ККК» ЖШС құс фермасын ашып, кәсібін дөңгелеткен. Кәсіпкер бұл жетістікке жеңілдетілген несиенің арқасында қол жеткізіпті. Ал 2007 жылдан бері бал ара шаруашылығын дамытып, асылдандыру жұмыстарына мемлекеттен қолдау алып, алыс-жақын өңірлерге асыл тұқымды аналық аралардың өнімін сатумен шұғылданып жүрген ЖК «Нормухамедов» бүгінде жылына 100 тоннадан астам бал өндіреді. 5000-нан астам бал ара ұясы бар екен.

Журналистер танысқан келесін нысан «Зертас» ШҚ — ның сүт фермасы. Қожалық 2019 жылы Австрия елінен жеңілдетілген несие және мемлекеттік қолдау арқылы 128 бас сүтті-етті бағыттағы асыл тұқымды сиырлар әкелген болатын. Шаруашылықта жалпы ірі қара мал басы 161-ге жеткен. Кәсіпкер сүт өндірісіне мемлекеттен қолдау алуда. Жыл соңына дейін ірі қара мал басын 300-ге жеткізіп, шаруашылықты кеңейтуді жоспарлап отыр.

 Статистиканы сөйлетер болсақ, Шымкент қаласында биылғы жылдың төрт айында ауыл шаруашылығы өнімінің жалпы көлемі 7,4 миллиард теңгені құрап, былтырғы жылмен салыстырғанда едәуір артқан. Оның ішінде өсімдік шаруашылығы – 1, мал шаруашылығы – 6,2 миллиард теңгені құраған. Осы уақыт ішінде 4 мың тоннадан астам ет, 13,3 тонна сүт және 48,6 миллион дана жұмыртқа өндірілді.

Рас, биылғы жыл еліміз, жалпы әлем жұртшылығы көптеген қиындықтарды бастан өткеруде. Соның ішінде шымкенттіктер де біраз сынақтарды артта қалдырды. Коронавирус қаупі үшінші мегаполисте әлі де толығымен сейілген жоқ. Дегенмен, барлық санитарлық талаптар сақтала отырып, көптеген кіші кәсіпкерлік нысандары, халыққа қызмет көрсететін орындар жұмысын бастады. Ал жергілікті билік тарапынан жыл басынан бері қауырт тірлік қарқынын жоғалтқан жоқ. Соның арқасында қай салада болмасын тоқтап, тоқырап қалған нысан жоқ. Керісінше, ауылшаруашық, құрылыс саласында қарқынға қарқын қосылды.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *