Құқық

Қойшыларда мылтық болу керек

«Ертеректе әрбір қойшының үйінде мылтық болатын, — дейді редакциямызға хабарласқан отырарлық оқырманымыз Хасен Тұрлыбеков. — Одан ешкім қауіп етпейтін. Мылтықты қойшылар қойды қоруға, яғни қасқыр мен шиебөріні атуға пайдаланатын. Егіншілер қарғадан қорғанатын. Қарға жүгерінің қас жауы. Қазір осы дағды тоқтағандықтан, жүгерінің белгілі бір бөлігі қарғаға жем болуда. Қай ауылдағы қойшымен сөйлессеңіз де айтатыны «мылтық керек» деген бір ауыз сөз. Осыдан жиырма жылдай бұрын ауыл адамдарының барлығынан мылтықты жинап алды. Біреулері сатты, екіншілері тегін берді. Өз еркімен өткізбегендерді заңмен үркітті. Осыдан кейін қойлы ауылдағылар қорғансыз қалды. Жасыратыны жоқ, аш қасқырлар ауылға келсе қойшылар оның алдынан таяқпен шығатын болған. Бұл өте қауіпті.

Шиебөрі деген де қаптап жүреді. Мен Шәуілдір ауылының орталығында тұрамын. Соған қарамастан түнде шиебөрінің дауысын естиміз. Демек олар ауылға жақын келеді деген сөз. Сондай кезде ауыл сыртында қалып қойған жас балалар оның жемтігіне айналуы әбден мүмкін. Ал тоғайға жиі баратын қойшылар кеш мезгілінде шиебөрінің ортасына түсіп қалмауға тырысатындарын айтады. Егер аш болса, топтап жүретін шиебөрілердің адамға шабуыл жасауы әбден мүмкін.

Әрине, үйде мылтық болса оның атылмай қоймайтыны белгілі. Дегенмен, осы шектеу арқылы қойшылардың өз-өзін, қорадағы малын қорғау мүмкіндігін де шектеп қойғандаймыз. Қазір де дүкендерден мылтық сатып алуға болады. Бірақ, оның машақаты көп, оның үстіне бағасы да қымбат.

Бұрын үйлерде болатын 16 немесе 18 калиберлі қаруды керегеге іліп қоя беретін. Одан ешкім бір-бірін атып тастағанын естігеніміз жоқ. Керісінше адамға қарап қару кезену оны жинап алғаннан кейін үдеген секілді. Жасыратыны жоқ, соңғы кездері даладағы жалғыз отырған қойшыларға төрт аяқтылардан ғана емес, екі аяқтылардан да қауіп күшейді. Талайды байлап, тонап кетіп жатыр. Соның барлығы қорғанатын қарудың жоқтығынан.

Сол себепті мен қойшылар мен дихандарға өзін, егінін және малын қорғау үшін мылтық керек деген болар едім».

Бұл Х.Тұрлыбековтың жеке пікірі. Оны біз дұрыс немесе бұрыс деп айта алмаймыз. Мұның дұрыс-бұрыстығын бәлкім, оқырман қауым Сіз айтарсыз. Ал құқық қорғау органдарының мамандары не дейді? Ендеше, ой қосыңыз.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *