Біле жүріңіз

Айырқалпақ ағайындар басшыларын аямайды

Тәуелсіздікке қол жеткізгелі Қырғыз елінде бір тыныштық орнамай-ақ қойды. Халық сайлаған алғашқы екі президент төңерістен кейін шетелге қашты. Өз елімнен ешқайда кетпеймін деген үшіншісі бүгінде түрмеде отыр. Ал, Атамбаевтың өзі аттай қалап, орнына қалдырған Сооронбай Жээнбеков өзін іні санаған Атамбаевты түрмеге тығып қана қоймасатан, оның төңірегіндегілердің барлығын қылмыстық жауапқа тартуда. Алмазбектің жақтастарынан біреулері қамалды, екіншілері үй қамақта отыр. Мұның соңы немен аяқталатынын әзірге ешкім дөп басып айта алмайды.

Жуырда Қырғыз елінің бұрынғы Үкімет басшысы Сапар Исаков 18 жылға сотталды. Экс-премьерге «Ел астанасындағы Тарих музейін жөндеу және Шолпан-Атадағы ипподром құрылысын жүргізу кезінде сыбайластыққа барған», – деп кінә тағылуда. Істі қараған судья Марат Сыдықов «Бұған дейін шыққан сот үкіміндегі жазамен жартылай біріктіріп, Исаковқа 18 жыл бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалсын. Жазаны өтеу 2018 жылдың 5 маусымынан есептелсін», – деген үкім шығарыпты. Ол аз болғандай, Бішкектегі Первомай аудандық соты Экс-премьерге 247 миллион 650 мың сом айыппұл салған. Екінші айыпталушы – президент әкімшілігінің азаматтық даму, дін және этникалық саясат бөлімінің жетекшісі Мира Қарыбаеваға да 247 миллион айыппұл салыпты.

Өткен жылдың соңында С.Исаков жемқорлық айыбымен 15 жылға сотталғаны белегілі. Оның дүние-мүлкі тәркіленіп, дипломынан, екінші дәрежелі «Манас» орденінен айырған. Жазасын өтеп шыққаннан кейін де үш жыл көлемінде мемлекеттік қызметпен айналыса алмайды. Оған қатысты жазаның мұншалықты қатал болуын әлдекімдер Сапар Исаков 2017-18 жылдары Алмазбек Атамбаевтың кезінде үкіметті басқарып, оның сенімді адамы болғандығымен байланыстырады. Себебі ол – Атамбаевтың жақын серіктестерінің бірі. Кез келген уақытта соңына адамдарды ерте білетіндіктен, Атамбаевқа қысым жасалмас бұрын бірінші оның төңірегіндегі сенімді серіктерінен айырды дейді олардың өз жақтастары.

Бірақ билік мұнымен келіспей, жемқор болса өткен, бұрынғы қызметіне қарамастан адамдардың барлығы жауап беретінін алға тартады. Былай қарасаң ол да дұрыс секілді. Мүмкін С.Исақовтың да өз қызметін асыра пайдаланып, байлыққа қызыққан кезі бар шығар. Аталарымыз мұндайды «Алтын көрсе, періште жодан таяр» деп атаған.

Осыдан бірнеше жыл бұрын Қырғыз елін, үкіметін басқарғандар бүгінде түрмеде отыр. Мұның жалыны әлі де кімдерді шарпитынын ешкім дәл айта алмайды. Айырқалпақты ағайындарда саяси жағдайдың бір күнде өзгеріп кететінін ескерсек, бәрі керісінше болып кетуі де ғажап емес.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *