Басты жаңалықтар Мәселе

Қарабұлақ қашанғы қан сасиды?

Сайрам ауданының тізгінін Ұласбек Сәдібековтың ұстағанына көп бола қойған жоқ. Осы қысқа уақыттың өзінде аудандағы қордаланып қалған қаншама мәселелер қолға алына бастады. Ең бастысы, тұрғындар арасында басшыға деген сенім қалыптасты. Осындай сенімге ие болып отырған Ұласбек Сәдібекұлы Қарабұлақ ауылындағы күрмеуі қиын мәселелерді шешуге де көңіл бөлсе деген жергілікті тұрғындардың базынасы бар.

Біздің бұлай деуіміздің себебі жоқ емес. Оқырманның есінде болса осыдан тура бір жыл бұрын «Қарабұлақ қан сасуда…» Жергілікті тұрғындар осылай деп шағымданып жүр», – деген тақырыппен мақала жазған едік. Онда Сайрам ауданының Қарабұлақ ауылындағы мал бордақылайтын орындардағы қолқаны қабар сасық иіс туралы айтылған. Мәселенің маңызын ашқан Рахматжан Мамаев есімді ауыл тұрғыны «Күн ысыды, бұдан былай қан қазіргіден де қатты саситын болады. Неге біз зардап шегуіміз керек?» – деген мұң-зарын жеткізген-ді. Содан бері арада бір жыл өтті. Ал, тұрғындардың сөзіне сенсек, ауылда әліге дейін заңсыз мал сою орындары жұмыстарын тоқтатпаған секілді. Тұрғындардың қарсылығынан бірі жабылғанымен, екіншісі ашылады. «Заңсыз әрекетке тоқтам болмайды ма?» деген сауал қарабұлақтықтарды ғана емес, бізді де толғандыра бастады. Әлде Сайрам ауданында әкімдік, полиция, ветеринария, СЭС секілді қолында билігі бар сала мамандары жұмыс істемейтін болған ба? Олар өздеріне тиесілі жұмыстарды сапалы атқарса, тұрғындардың шағымданып несі бар?

Мәселенің маңыздылығынан болар, телефонымызға жексенбі күні де тыным болмады. «Біз сасық иістен дем ала алмай отырмыз. Есік-терезені ашсақ, жаман иіс қолқаны қабады. Ыстық күнде қашанғы есік-терезені қымтап отырамыз? Үйімізге қонақ шақырудан да қалдық. Жанайқайымызға құлақ түрер жан қалмады», – дейді олар ашынып. Біз үшін басты тірегіміз – оқырман болғандықтан олардың бұл жанайқайларын жаңғырық күйі қалдырғымыз келмеді.

Қарабұлақта қалыптасқан жағдай шын мәнінде қауіпті күйінде ме? Мәселенің мән-жайына қанығу үшін аптаның жексенбі екеніне қарамастан Қарабұлақ ауылына жолға шықтық.

Жағымсыз иіс ауылға кіре беріс тұстағы қақпаның тұсына тоқтағанда-ақ сезіле бастады. Негізі бұл қақпа маңы тұрғындарға тынығу үшін арнайы орындықтар қойылып, дайындалған кішігірім демалыс орны. Бізді күтіп алған бірнеше жігіт өздерінің заңсыз мал сою алаңы орналасқан жерге көрші тұратындарын айтады. Бұл уәждерінің жалған емес екеніне үйлеріне барған бойда көз жеткіздік. Шынында да сасық иіске шыдау қиын. Тіпті, мұрынды бітеп, ауызды жабу да көмек бермейді. «Мен 5-ші бұрылыс көшесінде тұрамын. Жақын маңда мал соятын алаң орналасқан. Бүгін жексенбі болғандықтан мал сойылмайды. Себебі ертең базарлар істемейді. Ал дүйсенбіден бастап мал сою басталғанда, сасық иіспен қоса түнде сиыр мен жылқылардың бақырған ащы дауыстары ұйқыны жүз бөледі. Мал сойғаннан шыққан қан мен тезектерді сарайдың ішінде сақтайды. Ауылдың сыртында, екі шақырымдай жерде арнайы алаң бар. Соған алып кеткенге дейін үйінде сасып тұрады», — дейді өзін Бақадыр Момынов деп таныстырған азамат.

Бұдан кейін біз үстінен шағым айтылған Ахмад Исаховтың өзімен сөйлеспекші болғанымызбен таба алмадық. Мешітте істейді дегеннен кейін ол жайлы ауыл имамынан сұрадық. Таба алмаған соң имам берген телефон номеріне қоңырау шалдық. «Мен малды үйде соймаймын, арнайы алаңымыз бар. Мүмкін кейде кішкене иіс шығатын жағдай болып қалатын шығар, бірақ, ол реттеуге болатын мәселе. Осы кезге дейін де менің үстімнен арызданған адамдар болды, бірақ кейін олар алданып қалдық деген себеппен арыздарын қайтып алған. Мал союмен айналысып келе жатқанымызға жиырма жылдай болды. Талапқа сай жұмыс істейміз. Құжат, салық мәселесінде кемшілік жоқ», – деді ол кісі.

Күн жексенбі болғандықтан, біз малдың сойылып жатқанын көргеніміз жоқ. Бірақ, сасық иістің қатты шығатынына куә болдық. Ал А.Исахов болса өзін кінәлі сезінбейді. Барлығын заң аясында атқарып отырмыз дейді. Демек, бұл мәселенің анық-қанығын бақылаушы мамандардан білген жөн. Осындай оймен біз Сайрам аудандық аумақтық инпекцияның басшысы міндетін атқарушы Белтаев Смағұлға хабарласып көрдік. «Қасапшылықпен айналысатындарға құжатты мен емес, ветеринария бөлімі берген, бірақ қазір ол бөлім жабылған. Менің айтарым, біріншіден, алаң уақытша пайдалануға беріледі. Оның қызмет ету мерзімі — бір жыл. Маған Сіз айтып отырған адамдар келіп кеткен. Мен оларға қазіргідей карантин кезінде бір жерге барып тексерудің мүмкін еместігін түсіндіргенмін. Карантин бітпей ештеңе істей алмаймыз», — деді С.Белтаев.

Әрине, біздің міндетіміз күрмеудің түйінін тарқату емес, оны құзырлы органдардың назарына ұсыну. Сол себепті, кімнің не айтқанын сол күйі беріп, міндетімізді атқардық. Ал одан әрі қандай іс-амалдар жасалатынын уақыт көрсетеді. Смағұл Белтаев айтпақшы, карантин бітсе, бәлкім бұған жауапты мекемелер барып, мәселенің мән-жайын анықтайтын шығар. Әйтеуір, әр нәрсені сылтауратып жүргенде жаз өтіп, қыс келмесе болғаны. Қалай болғанда да Қарабұлақ жайы әңгіме болғанда сасық иіс мәселесі қоса қозғалатыны ащы болса да ақиқат. Ал жел тұрмаса, шөптің басы қимылдамайтыны белгілі дүние.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *