Біле жүріңіз

Ауруын жасырған өледі

Бүгінгі Түркіменстанның шынайы жағдайы қандай?

Түркіменстан бүгінгі таңда жабық мемлекетке айналған. Өзін ешқандай одақпен саяси ұйымдарға кірмейтін ел деп жариялағаны түркімен халқы үшін тиімсіз болған секілді. Мемлекеттік телеарналар мен газеттерде айтылып, жазылып жатқан мәліметтерге сенсек, бұл елде бәрі тамаша. Халық жұмақтағыдай өмір сүруде. Бірақ кейбір оппозиялық ұйымдар ондай мәліметтің шындыққа жанаспайтынын алға тартады. Ал ел билігі оларды жетістіктерді көре алмайтын, ел ішіне араздық тудырғысы келетіндер санатына қосып, мұндай пікірмен санаспауға, тыңдамауға шақырып әлек.

Шындық мүлде басқа ма?

Жуырда Азаттық сайтында бір қызықты мәлімет назарға ілікті. Онда былай делінеді. «Ресми Ашхабаттың адам нанғысыз мәлімдемелерінен кейін жұрт қазір түркімен үкіметінің сөзіне сенуден қалған. Бірақ Еуропа одағы Түркіменстан ұсынған деректерді шындық деп қабылдап, соның кесірінен бұл ел коронавируспен күресте шетелдің көмегінен қағылды. Ел аумағының басым бөлігі шөл және шөлейт аймаққа жатады. Ал шөл далада сағым жиі көзді алдайды. Құм басқан даладағы адамға алыстан мұнартып су не тіпті оазис көрінгенімен, шын мәнінде ол жай ғана елес.

Түркіменстан үкіметі сырттағы жұрттың бұл елді сол сағымдай көріп, қабылдағанын қалайды. Президент Гурбангулы Бердімұхаммедовтен бастап шенеуніктердің барлығы Түркіменстанды ештеңеден тарлық көрмейтін таңғажайып ел ретінде суреттейді. Әппақ боп жарқыраған ғимараттар, молшылықта өмір сүріп жатқан алты миллион бақытты адам, бүкіл елді алда күтіп тұрған жарқын болашақ.

Алайда бұл елде тұрып жатқан халық үшін шындық мүлде басқаша. Тұрғындар таң сәріден үйінен шығып, әлі ашылмаған дүкендер мен банктерге кезекке тұруды үрдіске айналдырған. Сондағы көздегендері – сәтін салса дүкендерден ұн, қант сатып алу, ал банктерден нақты ақша алуға үміттену. Кейінгі кезде қатқан нан немесе талғажау етерлік қалған-құтқанды іздеп, қоқыс жәшігін жағалап жүру – үйреншікті көрініске айналып барады. Ел ішіндегі қиын жағдай Түркіменстаннан тыс жерде тұратындар үшін де құпия болудан қалған.

Түркіменстан неге тізімде жоқ?

Сәуірдің 15-і күні Түркіменстандағы үкіметті қолдайтын orient.tm веб-сайтында Еуропа одағы жағдайы осал елдерге коронавирусқа қарсы күресуге және пандемияның экономика мен денсаулық сақтау жүйесіне келтірген зардабын жоюға жәрдем ретінде 20 миллиард еуроға (22 миллиард долларға) жуық қаржы бөлуді көздейтін Team Europe жоспарын әзірлеп жатқаны туралы ақпарат жарияланды.

Еуропа одағы Орталық Азиядағы үш ел – Қырғызстан (36 миллион еуро), Тәжікстан (48 миллион еуро) және Өзбекстанға (36 миллион еуро) жәрдем беруді жоспарлап отыр. Ал Түркіменстан бұл тізімге неге енбей қалды? Оның себебі, бұл елдің үкіметі ұсынған экономика көрсеткіштері Еуропа одағы көмек беретін елдерге қойылатын талаптарға сай болмай шыққан. Еуропа одағы Дүниежүзілік банк принциптеріне сүйенеді. Дүниежүзілік банктің «әр тұрғынға шаққандағы ұлттық жалпы кірісті бағалау негізінде» жасаған рейтингісіне сәйкес, Түркіменстан кірісі орташадан жоғары елдер қатарына жатқызылған, бұл мемлекетте ресми орташа жылдық еңбекақы мөлшері 4086 доллардан 12615 доллар аралығында деп көрсетілген.

Түркіменстаннан Еуропаға қашуға мәжбүр болған белсенділер жүргізетін Hronika Turkmenistana сайтында сәуірдің 16-сы күні жарияланған ақпаратта Түркіменстан үкіметінің елдегі орташа жылдық еңбекақы мөлшерін 7065 доллар деп көрсеткені жазылған. Бірақ бұған қоса сайт хабарламасында бұл көрсеткіш бір АҚШ доллары 3,5 манатқа тең дейтін Түркіменстан ұлттық валютасының ресми айырбас бағамы бойынша есептелгені айтылған. Ал Манаттың шынайы құнына жақын «қара базардағы» бағам бойынша есептегенде, елдегі орташа жылдық еңбекақы 1200 долларға сәл жетпейді. Егер осы көрсеткішке сүйенсек, онда жағдай мүлде басқаша болмақ. Яғни Түркіменстанға кірісі орташадан төмен ел ретінде Еуропа одағынан жәрдем алуға мүмкіндік туып, ақшадан тарығып отырған ел ондай қаржылай қолдауды көп жылға созылған экономикалық дағдарыспен күресуге пайдаланар еді.

2016 жылдан бері Түркіменстанда негізгі тауар түрлері тапшы. Көрші елдердің барлығында коронавирус індеті тарап отырған қазіргі кезде Түркіменстан шекарасын бұрынғыдан да қатты қымтап, жауып алды. Тауар тиелген жүк көліктері Түркіменстанмен шектесетін Иран мен Қазақстаннан кіре алмай, шекарада күні бойы қаңтарылып тұруға мәжбүр. Елде тамақ өнімдері мен негізгі тауар түрлері тоқтаусыз қымбаттап жатыр. Азаттықтың Түркімен қызметі – Азаттық радиосы ел астанасы Ашғабатта полиция қызметкерлерін қалаға кіреберісте, автобус бекетінде, мектепте және өзге де қоғамдық орындарда адамдардың дене қызуын тексеруге міндеттеп қойғанын хабарлады.

Тек мемлекет полицияға дене қызуын тексеретін ешқандай құрал-аспап бермеген. Полицейлерге ондай заттарды өз ақшасына сатып алуды бұйырған.

Егер Түркіменстан билігі елдегі шынайы жағдайды, әсіресе адамдардың кедейлікте өмір сүріп жатқанын жасырмай айтса, бәлкім, Еуропа одағы ондаған миллион еуро бөлген болар еді. Ол полицияға әлгіндей термометр және одан басқа да қажетті заттар сатып алуға жетер еді.

Ашхабад пен АҚШ арасында достық қарым-қатынас бар ма?

Еуропа одағының лауазым иелері неміс банктерінде жасырулы жатқан, түркіменстандық белгісіз тұлғаларға тиесілі делінетін 24-25 миллиард долларға байланысты сұрақтар қозғала бастауы да мүмкін. Бірақ түркімен үкіметі табиғи газға бай елдің дәулеті өзіне жетеді, сондықтан ондай «қайырымдылыққа» мұқтаж емес деген сағыммен өз-өзін алдаусыратуды жөн көреді.

Оған жақында болған бір жайт дәлел бола алады. Сәуірдің 6-ына АҚШ елшілігі ресми сайтында жариялаған мәлімдемеде «АҚШ-тың ондаған азаматын Түркіменстаннан Құрама штаттарға қайтаруға» көмектескені үшін түркімен үкіметіне алғыс білдірген. Мәлімдемеде, сонымен бірге, АҚШ-тың Түркіменстанға COVID-19 пандемиясынан қорғану мақсатында лабораториялар дайындауға, инфекцияны анықтауды белсенді жүргізуге, індеттің өршуіне қарсы іс-қимыл жасайтын техникалық сарапшыларды қолдауға және қауіп-қатер туралы ақпаратты таратуға септесу үшін медициналық жәрдем ретінде 920 мыңнан астам доллар бергені айтылған. Бұған қоса мәлімдемеде Вашингтонның «кейінгі 20 жылда Түркіменстанның денсаулық сақтау саласына 21 миллион долларға жуық инвестиция құйғаны және бұл елге 201 миллион доллардың жалпы көмегі берілгені» айтылған.

Түркіменстан сыртқы істер министрлігі бұған дереу жауап қатып, «ондай ақпарат шындыққа сай емес» деп мәлімдеді. Бірақ елде АҚШ компанияларымен бірлесіп, жалпы көлемі 3,5 миллиард доллардың 167 жобасы іске асырылғанын айтты».

Қысқасы, Түркіменстанның шетелде жүрген оппозиция өкілдері түркімен халқының ашаршылықта өмір сүріп жатқанын айтады. Бірақ жағдайдың керемет екенін айтудан жалықпайтын билік онымен келіспейді. «Жараны жаба тоқыған» елдер Азияда мұнымен шектелмейтінге ұқсайды. Мұндайда атам қазақ «Ауруын жасырған өледі» деуші ме еді?!

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *