Әлеумет

ШЫМКЕНТТЕ ШУАҚТЫ ТІРЛІК КӨП

      Денсаулық сақтау саласында даму бар

         Тарихы шежіреге бай Шымкент Астана мен Алматыдан кейінгі еліміздегі үшінші мегаполис. Мәртебелі атауды ресми иеленген шаһарда халық саны бүгінде миллионнан асып, әлеуметтік, экономикалық тұрғыдан өсіп, өркендеп келеді.

         Қаланы дамытуға бағытталған тірліктер қазіргі кезде сан-салалы, түрлі бағытта қарқын алуда. Елімізде жарияланған төтенше жағдай режимінде де Шымкентті еліміздің қуатты қаржылық, инновациялық, мәдени орталығына, мемлекетіміздің тұрақты даму сатысындағы ірі мегаполистердің біріне айналдыру жолындағы тірліктер толастаған жоқ. Газетіміздің өткен аптадан бүгінгі санына дейінгі бір жұмада атқарылған жұмыстарға жасаған шолуымыз осыған айғақ бола алады.

         Карантин мерзімінде қалада барынша әлеуметтік тұрақтылық пен тұрғындардың денсаулығын сақтауға баса мән берілуде.Төтенше жағдай кезеңіндегі халықтың коммуналдық қызметтерінің шығындарын өтеп беру бойынша арнайы сайт ашылған-ды. Оған қала тұрғындарынан 31 975 өтініш келіп түссе, 17 566 азаматтың дербес есеп шотына ақша аударылған. Ал, қалған азаматтардың коммуналдық шығындары шілде айына дейін өтеліп берілмек. Қала аумағында вирустық инфекцияның таралу қаупіне сәйкес Президент Қ. Тоқаевтың тапсырмасымен салынған модульді жұқпалы аурулар госпиталінің құрылысы да өткен аптада аяқталды. Жаңа денсаулық сақтау орталығы Қаратау ауданының «Ақжайық» шағын ауданында орналасқан. Қалалық жұқпалы аурулар ауруханасының филиалы болып табылатын госпитальдің 20 төсектік реанимация бөлімшесі бар, барлығы 200 төсек-орынға арналған. Орталық короновирустық инфекцияға күдікті науқастарды қабылдайтын болады. Оларға 300-ден астам білікті медицина қызметкері қызмет көрсетеді. Компьютерлік томограф, сандық рентген аппараты, 20 ИВЛ аппараты сияқты заманауи медициналық техникамен жабдықталған жобаның ерекшелігі — операциялық блок пен перзентхана залының қосымша орналасуы.

         Өткен аптада денсаулық саласында орын алған жағымды жаңалықтардың тағы бірі — ҚР Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртановтың Шымкентке жұмыс сапарымен келіп, күрделі жөндеу жүргізіліп жатқан перзентхана жұмысымен арнайы танысуы болды. Бүгінде мекеменің 6 корпусы жаңартылады деп күтілсе, 2 нысанда жөндеу аяқталған. Ал, жүкті әйелдер қалалық перзентхананың ескі ғимаратында қажетті медициналық көмек алуда. Ғимараттың материалдық-техникалық базасы жөндеуден кейін жүз пайыз жаңартылмақ. Мұнда жылына тоғыз мың ана өмірге сәби әкелсе, алдағы уақытта бұл көрсеткіш арта түседі деп жоспарлануда. Осындай күрделі жөндеу Шымшаһардағы «Ана мен бала» оңалту орталығында да жүргізілуде. Бұл орталық еліміз бойынша АИТВ жұқпасымен және вирустық гепатитпен өмір сүріп жатқандарға медициналық, психологиялық, салауатты өмір салтын үйрететін және көмек көрсететін жалғыз ұйым.

         Үшінші қалада денсаулық саласында болып жатқан оң өзгерістер көп. Соның бірі — жаңадан салынып жатқан «Менің емханам» көпсалалы клиникасы. Жаңа орталық қалалық емханалардағы жүктемені азайту мақсатында бой көтеруде. Болашақта медициналық мекемеге білікті мамандар жұмыс істеп, науқастарға медициналық скринингтік тексеру түрлері жүргізілетін болады. Отбасын жоспарлау, әлеуметтік, психологиялық көмек көрсету түрлері де осы клиникада жүзеге асырылады деп күтілуде. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа арнаған былтырғы жолдауының «Әлеуметтік жаңғырудың жаңа кезеңі» деп аталатын ІV тарауында медициналық қызмет көрсетудің сапасы мен қолжетімділігін қамтамасыз етуге баса назар аудару қажеттігін ескерткен болатын. Міне, үшінші мегаполисте атқарылып жатқан жұмыстар осы Жолдаудағы тапсырмалардың сапалы орындалуының көрінісі деп айтуға болады.

                            Баспаналы болу бақыты бұйырғандар

         Шымкентте тұратын Қарлығаш Әлжанова (фамилиясы өзгертілді) автосалондардың бірінде еден жуушы болып жұмыс істейді. Он баланы дүниеге әкелген алтынқұрсақты ана қазір келесі перзентіне жүкті. Мегаполис шаһарға осыдан он жыл бұрын көшіп келген ол бұл қадамға балаларының болашағы үшін барғанын айтады. Перезенттерім үлкен қалада білім алсын, зиялы ортада өссін деген ниетпен көш аударыпты. Бірақ, он баланы жеткізіп-жетілдіру қайдан оңай болсын? Құрқылтайдың ұясындай пәтерде тұрып жатқандарына біраз жылдың жүзі болды. Әйтеуір, қайырымды адамдардың көмегімен азық-түлікке аса мұқтаж бола бермейді. Жақында мегаполис шаһарда жаңадан бой түзеген аудандардың бірінен үш бөлмелі пәтердің кілтіне ие болған көп балалы ананың қуанышында шек жоқ.

         Биыл Шымкентте Қарлығаш ана сияқты тұрғын үйге мұқтаж барлығы  мыңнан астам отбасы баспаналы болады деп күтілуде. Бұл туралы өткен аптада қала әкімі Мұрат Әйтеновтің қатысуымен өткен жиында тұрғын үй және тұрғын үй инспекциясы басқармасының басшысы  Ғ.Төлепов айтты.  Оның ішінде 450 көпбалалы отбасы, 394 әлеуметтік жағынан осал топтағы азамат, 300 жас баспаналы болады. Айта кетерлігі, осы жылы «7-20-25»  бағыты бойынша 219 азамат, «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» арқылы 73 азамат баспаналы болған. Жыл соңына дейін арнайы мемлекеттік бағдарламалар бойынша бастапқы жарнаның белгілі бөлігіне әлеуметтік көмек ретінде қайтарымсыз негізде жергілікті бюджеттен ақша қаралып, сертификаттар беру жоспарланған. Шаһар тұрғындарын баспанамен қамтамасыз ету жұмыстары кезең-кезеңімен жүзеге асуда.

         Президент өз жолдауында баспана мәселесіне де басымдық берген болатын. «Менің Үкіметке тапсырмам – кезекте тұрған аз қамтылған көп балалы отбасыларға баспана беру мәселесін үш жыл ішінде шешу керек. Бүгінде олардың саны 30 мыңға жуық», — деп атап өткен еді Президент. Шымкентте қазіргі жүргізіліп жатқан құрылыс қарқынына қарап, мемлекет басшысының осы тапсырмасының орындаусыз қалмайтынын болжауға болады.    

                   Қоғамдық мәселелер назардан тыс қалмайды

         Өткен аптада қаладағы қоғамдық көліктер мәселесін реттеу шаһар басшысының назарына алынды. Онлайн режимде өткен қалалық мәслихаттың кезекті сессиясында М.Әйтенов автобустардың қызметін жақсарту мақсатында бағаларды саралады. Осыған сәйкес алдағы уақытта қала тұрғындары жолақысын электронды төлеген жағдайда 70, ал қолма қол болса 100 теңге төлейтін болып бекітілді.

         — Бүгінгі қоғам бізден күнделікті өзгерісті талап етуде, оған дайын болуымыз керек. Еліміздің үлкен қалаларында автобус жолақысын онлайн төлеу бірнеше жыл бұрын қолданысқа еніп қойды. Сондықтан, үшінші қала тұрғындары да бұл режимді тез меңгереді деп ойлаймын. Оған қоса, қазіргі пандемия кезінде онлайн төлем жасау оның таралмауына аз да болса үлес қоса алады, —  дейді қала тұрғыны Анар Байшырақова.

         Қалада қоғамдық көлік саласының жұмысын жақсарту мақсатында бағыттар желісі жаңартылып, жолаушылар көлігін дамытудың кешенді сызбанұсқасы әзірленуде. Шымкент қаласының ақпараттық-коммуникациялық орталығында өткен брифинте жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы басшысының орынбасары Абай Тұрханов биыл жыл соңына дейін 590 жаңа автобус әкелінетінін мәлімдеді.

– Бірыңғай оператор болып анықталған «БРК-Лизинг» АҚ-мен түзілген шартқа сәйкес 2020 жылы сыйымдылығы үлкен, сығымдалған табиғи газбен жүретін 590 жаңа автобусты қаржылық лизингке алу көзделуде. Бүгінде 70 автобус жеткізілді. Қалған автобустар қыркүйек, қазан айларында келеді. Ал қоғамдық көліктерде «Төлем» электрондық билеттендіру жүйесін енгізу жобасы «QazSmartTrans» ЖШС-нің жеке инвестициялары есебінен жүзеге асырылады. Жүйені осы жылдың тамыз айында пайдалануға беру жоспарлануда, – деді Абай Әбдіманапұлы.

Жолаушылар үшін маңызды ақпаратты айта кетер болсақ, электронды төлем жасауға арналған картаның бағасы – 500 теңге. Карталардың 4 түрі бар: жалпы пайдаланатын карта, оқушылар картасы, студенттік карта және тегін жүру картасы. «QazSmartTrans» ЖШС-і тарапынан көлік картасы Ұлы Отан Соғысы ардагерлері мен мүгедектеріне, тыл еңбеккерлеріне, Батыр ана, Алтын алқа, Күміс алқа төс белгілерімен марапатталғандарға және  І топтағы зағип жандарға тегін таратылады.

Қазіргі таңда қаланың магистралды жолдарының 75,3 шақырымында құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Ірі жобалар қаладан шығатын барлық бағыттарды қамтып отыр. Ташкент, Түркістан және Алматы бағыттарына шығатын жолдар желісі бойынша заманауи талаптарға сәйкес көлік ағынын өткізу қабілеті жоғары автомобиль жолдары 2023 жылға дейін пайдалануға беріледі. Көлік кептелістерін болдырмау мақсатында 4 жолайрықтың құрылысын жүргізу жоспарлануда.

         Биыл «ТМД елдерінің мәдени астанасы» болып атанған  Шымшаһардың сыртқы көрінісі мен келбеті де айрықша маңызға ие. Бұл ретте қаладағы қоқыс шығару қызметіне  пилоттық жоба негізінде жаңартулар енгізілді. Жоғарғы және Төменгі Отырар шағынауданы, Түркістан көшесінде, Нұрсат 126 үй маңында орналасқан қоқыс алаңшасы жаңартылды. Алматы, Көшеров, Жанқожа көшесіндегі әрбір үйге қоқыс жәшіктері таратылды.

         Ағымдағы жұмада, сондай-ақ, қалада жыл басынан бері 20 мың гектар жер учаскесіне түгендеу жұмыстары жүргізілгені де мәлім болды. Бұл туралы Жер қатынастары басқармасының басшысы Б.Әшірбеков қалалық мәслихат сессиясының кезекті отырысында баяндады. Басқарма басшысының айтуынша, нысаналы мақсатқа пайдаланылмай бос жатқан жерлерді қайтару жұмыстары жүргізілуде. Қазіргі таңда 152 жер телімін мемлекет меншігіне қайтару көзделуде.

         Бос, пайдаланусыз жатқан жерлерді тиімді пайдалану, мемлекет меншігіне қайтару – мемлекет басшысының да басты мақсаттарының бірі ретінде өз жолдауында айтылды. «Жер ресурстарын тиімсіз пайдалану мәселесі өте өзекті болып отыр. Мемлекеттен жерді тегін жалға алу құқығына ие болғандардың көпшілігі жерді игермей, босқа ұстап отыр.

Елімізде «шөп қорыған иттің» кебін киген «латифундистер» көбейіп кетті.

Пайдаланылмай жатқан ауыл шаруашылығы жерлерін қайтарып алатын кез келді. Жер – біздің ортақ байлығымыз және оны кім игерсе, соған тиесілі болуы тиіс», — деп атап көрсеткені барлық атқарушы билік органдарына айтылған тікелей тапсырма екені түсінікті. Шымкентте бұл тапсырманың орындалуы көңіл қуантады. 

         Ежелден күншуақ қала атанған Шымкент — еліміздің ең ыстық нүктесі. Күні мейірлі, халқы пейілді қала кедергілерге қарамастан қарыштап дамып келеді. Алдағы уақытта туристер келетін «түтінсіз фабрикаға» айналдыру да кезек күттірмес іс. Шуақты, шырайлы қала  біз армандаған болашақтың қаласына бүгін-ақ қадам басып үлгерді!

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *