Қоғам

Сардобаға ақша аудармасаңыз жеріңізден айырыласыз

Өзбекстанның Әндіжан облысы Бустон ауданының шаруаларынан Сырдария облысындағы Сардоба су қоймасында болған апат салдарын жоюға ақша талап етіп жатыр.

Бустон ауданындағы шаруалардың бірінің «Озодлик» редакциясына хабарлауынша, аудан әкімшілігі шаруалардан ақша талап еткен. «Әрбір шаруа 2 миллион сум (200 доллар) өткізуі тиіс. Ақша өткізбегендердің жерін тартып алады. Жақында ғана шаруалар «Жақсылық пен көмек» қорына 1-2 миллион сумнан жинап берген», – дейді шаруа.

 Шаруалар әкімшілік сұратқан ақшаны бір аптаның ішінде өткізуі керек. «Олар маған 2 миллион сумды әкімшілікке алып кел дейді. Біздің ауданда шаруалар әкімшілік өкілдерінен қашады, өйткені тағы да ақша сұрай ма деп қорқады», — дейді тағы бір шаруа.

Ал аудандық әкімшіліктегілер шаруалардан ақша жиналып жатқанын жасырмады. «Шындығын айтсақ, ақшасы бар шаруалар қайырымдылыққа шығын шығарғысы келмейді. Сол себепті оларды осылай қорқытып тұруға тура келеді. Бұны қорқыту деп айтуға да болмайды. Шаруалардың жерін тартып алу оңай шаруа деп ойлайсыз ба?», — дейді Бустон ауданы әкімдігінің өкілі.

Есесіне Өзбекстанда шағын кәсіп иелері мүлік және жер салығын төлемейді. Бұл туралы 23 маусымда мемлекеттік салық комитеті басшысының орынбасары Музаффар Юсуф Назаров хабарлады. «Қазір елде 142,5 мың шағын кәсіп иесі бар. Олар 332,8 миллиард сумның (32,7 млн доллар) салығынан босатылды», — деді шенеунік. Оның айтуынша, шағын кәсіпке мұндай жеңілдік президент жарлығы негізінде жасалған.

 Биыл 1 мамыр мен 1 шілде аралығында шағын кәсіп иелерінің әлеуметтік салық мөлшері 12-ден 1 пайызға төмендеген еді.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *