Әлеумет

Қазығұртта — тың бастамалар

Елімізде карантиндік жағдайдың күшеюіне қарамастан, Түркістан облысы ауылшаруашылық саласында оң өзгерістер көп. Бұған, әрине, Үкіметтің ауылшаруашылық пен бизнес саласын қолдау мен дамыту үшін «Агробизнес-2020», «Бизнестің жол картасы-2020» деген секілді бағдарламаларды қабылдауы септігін тигізгені анық. Үкіметтің осындай қамқорлығын сезінген шаруалар мен дихандар қайталанбас мүмкіндіктерді пайдаланып қалуға тырысуда.

Өткен аптаның соңында Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев аудандық ардагерлер кеңестерінің төрағалары және мәслихат депутаттарымен бірге Қазығұрт ауданында егістік алқаптарды аралап, астық ору науқанының барысын бақылады. Осы сапар барысында Өмірзақ Естайұлы алдымен Қ.Әбдалиев ауыл округіндегі  «Тілеуберді» шаруа қожалығында болып, алқапта жайқалған егінге оң бағасын берді. Жиырма жылдан астам уақыт бойы егін шаруашылығымен айналысып келе жатқан шаруа қожалығының 1500 гектар жерге жуық алқабында бидай, арпа, мақсары мен жоңышқа егілген. Жеті дана астық ору комбайнымен он бес шаруа тынымсыз еңбектенуде. Былтыр астықтың әр гектарынан жиырма центнер егін алынған болса, биыл одан да жоғары өнім жинау жоспарланып отыр екен. 

«Биыл жауын-шашын көп жауып, мол егін жинауға қолайлы жағдай болды. Ауданда жұмыс қарқынының ілгерілігі де байқалады. Астық қорының мол болуы аса маңызды. Халықты өз өнімімізбен қамтамасыз етуіміз қажет. Сол себепті аянбай еңбек етіңіздер. Ауданда ауыл шаруашылығын қарқынды дамытуға барынша қолдау көрсетіледі. Сол мүмкіндікті пайдаланып, неге бір жылда бір жерден екі, тіпті үш өнім алмасқа? Оған бізде барлық мүмкіндік жеткілікті. Әкімдік тарапынан кез келген қолдау білдіруге дайынбыз. Тек сіздер жұмыс жасасаңыздар болды», – деді аймақ басшысы.

Облыс әкімі бұдан соң Қызылқия елді мекенінде үй іргесінен жеке қосалқы шаруашылығын дөңгелеткен шаруа қожалығының жұмысымен танысты. Дихандар тамшылатып суару жүйесін тиімді пайдалана отырып, тәтті бұрыш өсірумен айналысады. Жылдық өнімі қырық тоннаны құрайды. Қожалық егесі Бахтияр Сапарбаев жобаға бес миллион теңге қаржы құйған. Еңбекқор дихан қосымша ауыл тұрғындарын жұмыспен қамтып отыр.

Өмірзақ Естайұлы үйіргелік жерде өсіп тұрған болгар бұрышының өзгеше сортын көріп: «Мұны қалай өсірдіңіздер?» деген таңданысын жасыра алмады. Расында Бақтиярдың құрметті қонақтарға көрсеткен өнімі Қазақстан былай тұрсын, шетелдердің өзінде өсе бермейтін болгар бұрышының тәтті де, жаңа сорты болатын. Бақтияр Сапарбаев қонақтарды жаңа өнім түрімен таныстыру барысында былай деді: «Мынау тек үйіргелік он екі соттық жердегі өнім. Егер мемлекет тарапынан қолдау болса, біз егіс көлемін ұлғайтуға дайынбыз. Негізі біз бұған дейін гүл өсіріп, оны Шымкенттегі «ЛТД» тұрмыс» мекемесіне сатумен айналыстық. Ғылым мен техника қарыштап дамып, алға жылжып жатқанда адамның бір жерде тұрып қалуына болмайды. Осы мақсатта біз егіннің жаңа түрін өсіруді ойластырдық. Әрине, кез келген жаңалықтың оңайлықпен келмесі белгілі. Қаржы да талап етіледі. Бастаған істің жемісін көру үшін әзірге бес миллион қаржы салдық. Алдағы уақытта егіс көлемі артса, шығынның да көбейетіні белгілі. Бірақ біз бастаған ісіміздің жемісін көретінімізге сенімдіміз. Көріп тұрған мына болгар бұрышы бұрын сіздер көріп жүргеннен өзгеше. «Советский-79» бен голландық сортты будандастыру арқылы өмірге жаңа сорт алып келдік. Одан бөлек Америкадан құлпынайдың жыл бойы өнім беретін жаңа тұқымын алып келдім. Ол бес жыл бойы, күз, қыс деместен, үзіліссіз өнім береді. Күннің ыстығы әсер етпейді. Алғаш оны Өзбектанда егіп көрдім, Алматыда да сынақтан өткіздім. Бәрі ойдағыдай шықты. Енді осында жетілдіруді көздеп отырмыз. Бизнес жоспарын жасап қойдық. Біз қашанға дейін Пәкістан, Иран мен Түріктерден бақша өнімдерін тасимыз. Өздеріңіз білесіздер, қазіргі жағдай кез келген нәрсеге дайын болу керектігін көрсетіп отыр.

Осы жобалар іске асса, ауылда қаншама жұмыс орны ашылады. Жалпы, мен жастардың жұмыс іздеп Алматы, Ақтау асатынына қарсымын. Жалақысы жоғары жұмыс үшін алысқа немесе шетелге кету міндет емес. Сол нәпақаны алысқа ұзамай-ақ табуға болады. Ол үшін ең дұрысы – жеке кәсібіңді дамыту. Әрбір адамның қолынан бір шаруа келетіні анық. Көзін тауып, соны дамыту қажет. Оның үстіне ерлі-зайыптылар, әсіресе жас отбасы иелері бірге болуы керек. Сонда отбасы беріктігі де сақталады. Табыс та тұрақты болады».

Б.Сапарбаевтың бұл уәжі облыс әкімінің көңілінен шықты. «Бақтияр секілді жақсы идеялары бар азаматтарға неге қолдау білдірмеске? Мұндай тың бастамаларың болса, кез келген уақытта тікелей өзіме шыға бер. Әкімдік жаңа идеяларды қолдайды. Тиісті сала мамандарына тапсырма беремін. Көмектеседі», – деді Өмірзақ Естайұлы.

Осылайша аймақ басшысы Қазығұртқа жасаған сапарында ауданның ауылшаруашылық саласының жетістігін көріп қана қоймастан, жаңа бастамалардың да куәсі болып қайтты. Мұндай тың істерге Үкімет тарапынан қолдау болатынын білген шаруалар да көңілдерін демдеп, марқайып қалды. Айналысып жүрген шаруаларына деген қызығушылығы одан сайын арта түскені байқалды.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *