Қоғам

Алтын әріптермен жазылған апта

Өткен апта Шымкент қаласының тарихы үшін алтын әріппен жазылған айшықты мерекенің орын алуымен ерекшеленді. Әрине, Шымкенттің жасын зерттеуші ғалымдар оны 2200 жыл деп белгілегені белгілі. Тарихы тереңде жатқан атақты Жібек жолының бойындағы шаһардың мегаполис ретінде танылғанынан 19 маусым күні тура екі жыл болды.

                          

«Ең ірі үш қала әкімдіктерінің құзыретін, соның ішінде қала құрылысы саясаты, көлік инфрақұрылымы, қала сәулетін қалыптастыру саласындағы құзыреттерін кеңейту керек». ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жолдауынан

Аздап шегініс жасар болсақ, 2018 жылдың 19-маусымы күні Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Н.Ә.Назарбаевтың №702 Жарлығына сәйкес, Шымкент қаласына республикалық маңызы бар қала мәртебесі беріліп, мегаполис атанды. Сол себепті бұл атаулы дата Шымкент қаласының күні болып белгіленді.

Тарих жылнамасына көз жүгіртсек, Шымкент қаласының жер бетінде ғұмыр кешіп келе жатқанына биыл 2200 жыл болса, дәл осы жылы ТМД елдерінің мәдени астанасы атанып отыр. Бұл 2017 жылдың 11 қазанында Сочиде өткен Тәуелсіз мемлекеттер достастығының мемлекет басшылары кеңесінің отырысында белгіленген болатын. Ал ресми түрде мегаполис атанғанына екі жыл толды. Міне, осы дөңгелек даталардың барлығы Шымкент қаласын биылғы жылы мерекеге көміп тастауы тиіс болатын. Айталық, ТМД елдерінің мәдени астанасы мерекесі 18 мың адамның, 1300-ден астам өнер жұлдыздарының қатысуымен өтуі жоспарланған болатын. Алайда, әлем елдерін алаңдатқан пандемия мерекені көпшіліктің бас қосуымен тойлануына кедергісін келтірді. Дегенмен, мерейлі мерекелер мүлдем аталусыз қалмайды. Салтанантты іс-шаралардың барлығы да онлайн жүйеде, тележоба күйінде өткізілуде.  

Мәселен, қала күніне орай, «Shymkent-Fest» онлайн өнер фестивалі 2020 жылдың 1-19 маусым аралығында алты бағыт бойынша, атап айтқанда: «2200 жылдық шежірелі Шымкент» (Республикалық онлайн ақындар айтысы); «Ғажайып қала — Шымкент» (жазба ақындар арасында онлайн мүшайра); «Ертегі қала — Шымкент» (фотографтар арасындағы онлайн байқау); «Балалар көзімен — Шымкент» (жас суретшілер арасындағы сайыс); «Қайырымды қала — Шымкент» (оқырмандар арасындағы онлайн оқу); «Туған күніңмен, Шымкент!» (ТМД өнерпаздарының құттықтаулары) бағыттары бойынша өткізілді. Жергілікті телеарналарда онлайн форматта мәдениет өнерпаздарының ұйымдастыруымен «Шарықтай бер, Шымқалам!» атты мерекелік концерттік бағдарламаның көрсетілімі әзірленді. Сонымен бірге, Қазақстанда төтенше жағдай жариялануына байланысты Шымкент қаласында 15 наурыз — 21 мамыр аралығында 700-ден астам онлайн форматтағы мәдени іс-шара ұйымдастырылып, 63 бейнеролик дайындалды. Оларды 200 мыңнан астам көрермен тамашалап отыр. Онлайн форматтағы мәдени іс-шаралар шектеу шаралары аяқталғанға дейін жалғасатын болады.

           Баспаналы болғандар қос қуанышқа кенелді

Мерекелік іс-шаралар концерттік бағдарламалармен шектелмейді. Мерекенің маңызы – халыққа сүйіншіленген қуаныштар екені даусыз. Осы тұрғыдан алғанда қала күні қарсаңында бірнеше отбасы жаңа баспана кілтін алып, қоныс тойын тойлауымен ұласқанын айтуымызға болады.

              19-маусым күні Шымкент қаласының 90 тұрғынына жаңа пәтердің кілті табысталды. Қала әкімі Мұрат Әйтенов қуаныш иелерін карантин режиміне байланысты онлайн құттықтады. Қоныс тойын тойлағандардың  қатарында ҰОС ардагері Халил Ергешов та бар. «Ұлы Отан соғысында бейбіт заман үшін барын берген Сіздей батырдың бүгін қоныс тойын тойлайтынына қуаныштымын. Өзіңізді шын жүректен құттықтаймын! Өкінішке орай, әлемді жайлаған аты жаман індет басылмай тұр. Сол себепті, сақтық шараларын сақтау үшін сізді онлайн құттықтауға тура келді», — деді қала басшысы.

              Бұл күні баспаналы болғандар қатарында 65 көпбалалы, 24 әлеуметтік аз қамтылған отбасы бар. Ал жыл соңына дейін тағы 1 144 пәтер иелеріне табыс етіледі деп жоспарланып отыр. Оның 300-і жұмыс істеп жүрген жастарға тиесілі болса, 450-і көпбалалы, 192 пәтер әлеуметтік аз қамтылған отбасыларға бұйыруы тиіс. Осылайша, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлының «Менің Үкіметке тапсырмам – кезекте тұрған аз қамтылған көп балалы отбасыларға баспана беру мәселесін үш жыл ішінде шешу керек», — деген нақты тапсырмасы үшінші мегаполисте қарқынды орындалуда.

Осы тұста айта кеткен жөн, биыл қалада жалпы алаңы 1 миллион шаршы метрден асатын көпқабатты 248 тұрғын үйдің құрылысы жүргізіліп жатыр. Оның ішінде ауданы 594 мың шаршы метрді құрайтын 126 тұрғын үй жеке инвесторлардың қаржысына салынуда. Инвестиция көлемі 150 миллиард теңгені құрайды. Жеке инвесторлардың қатарында құрылыс саласының үздіктері болып саналатын «BI Group», «Highvill Kazakhstan» ЖШС, «Отау-Строй» ЖШС, «FEB Group» ЖШС, «Оңтүстік Құрылыс Сервис» ЖШС, «South Company» ЖШС, «Заманауи құрылыс бұйымдары» ЖШС, «Корпорация Сити-строй» ЖШС секілді отандық компаниялар бар. Жоспар бойынша инвесторлар жыл соңына дейін 33 үйдің құрылысын аяқтауы тиіс. Қалған 93 үй 2021 жылы пайдалануға беріледі.

                   «Ақылды қалаға»  — ақылды жүйе

              Президент өз жолдауында айтып өткеніндей, жер-жерлерде «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы іске асырылуы тиіс. Міне, Шымкент қаласының билігі осы мақсатқа айрықша көңіл бөлумен келеді. Қандай жаңа жоба жасалса да халықтың сұранысы ескеріліп барып жүзеге асырылады. Мәселен, қазір Шымкентте ақылды қала тұжырымдамасын іске асыруға көп күш салынуда. Осы мақсатта қыруар жұмыс атқарылуда. Өйткені, қазір, Тұңғыш Президент айтқандай, «бой жарыстыратын емес, ой жарыстыратын заман».

              Осы тақырыпты қозғағанда Шымкент қаласында іске қосылған «Ақылды күнбағыс» ақпараттық-танымдық жүйесін айтуға болады. Аталған жүйе саябақтар мен қоғамдық орындарда тұрғындардың телефондарын қуаттап, жалпыға қолжетімді Wi-Fi пайдалануына мүмкіндік береді. Құрылғы күн көзінен қуат алатын панельдер мен аккумуляторлар арқылы жұмыс істейді. «Ақылды күнбағыс» кешені Шымкентте 20 жерге орнатылды. Атап айтсақ, олар: Тәуелсіздік саябағында – 6, Орталық саябақта — 3, Металлург саябағында — 3, Жеңіс саябағында — 3, Дендро саябағында – 3 және Қошқар атада — 2. Ендігі жерде жұмысы ғаламтор желісіне тәуелді азаматтар үшін саябақтарда отырып-ақ жұмыс істеуіне мол мүмкіндік ашылды.

              Ғаламтор желісінің таралу аймағын кеңейту, сапасын арттыруға да айрықша көңіл бөлінуде. Осы мақсатта Шымкент қаласының әкімі М.Әйтенов «Қазақтелеком», «ТрансТелеКом» АҚ директорлары және ұялы байланыс операторларымен онлайн жиналыс өткізді. Онда Цифрландыру басқармасы басшысының міндетін атқарушы Д.Әлібеков қаланы сапалы интернетпен қамтамасыз етудің 2020-2021 жылдарға арналған стратегиялық жоспарымен таныстырды. Оның айтуынша, базалық станция орнату үшін қала аумағынан 11 жер телімі анықталып, Google maps картасында белгіленген. Олар Н. Назарбаев даңғылы, Арғынбеков пен Айша бибі көшесінде, Қайтпас, Шымсити-Асар қиылысы, Қайнарбұлақ шағын ауданы, Асар шағын ауданындағы ішкі айналма жолы, Шымкент-Алматы тас жолынан Достық шағын ауданы бағытына қарай, Төлеметов-Өтегенов көшелерінің қиылысына қойылады деп жоспарлануда.

              «Стратегиялық жоспарда қаланы интернетпен қамту мәселесі бойынша зерделеу жұмыстарын жүргізетін жұмысшы топ құру, тұрғындарды сапалы интернетпен қамтамасыз ету үшін байланыс операторларымен меморандум түзу, «Ақылды күнбағыс» ақпараттық-танымдық кешенінің қызметін күшейту және санын арттыру, орнатылған базалық станциялардың адам өміріне қауіпсіздігі жөнінде тұрғындар арасында кеңінен түсіндіру жұмыстарын жүргізу қаралған. Еліміздің цифрлық даму жолында интернет мәселесінің басты назарда екенін айтқан Мұрат Дүйсенбекұлы мегаполисті сапалы интернетпен қамтамасыз ету – бүгінгі күннің басты талабы екенін жеткізіп, салалық қала әкімінің орынбасарына стратегиялық жоспардың орындалуын қатаң бақылауды тапсырды», — деп хабарлайды Шымкент қаласы әкімінің баспасөз қызметі.

                   Еріктілердің де еңбегі еленген күн

         «2020 жыл «Волонтер жылы» деп жарияланды. Еріктілер қызметіне азаматтардың, әсіресе жастардың, студенттер мен оқушылардың қатысу аясын кеңейту, олардың бойында белсенді өмірлік ұстанымдарға қатысты дағды қалыптастыру – маңызды міндет. Бұл – азаматтық қоғамды нығайту жөніндегі жұмысымыздың маңызды құрамдас бөлігі», — деген Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы еріктілердің еңбегін ескеруді де атап өткен болатын.

         Иә, биылғы жыл — еріктілердің еселі еңбектерімен көзге түскен жыл болып отыр. Ел басына түскен ауыр күндерді барынша жеңілдетуге еріктілер көп күш салуда. Әрине, олардың еңбектері атқарушы билік тарапынан ескерусіз қалып жатқан жоқ. Шымкент қаласы күніне орай шаһар басшысы, «Nur Otan» партиясы қалалық филиалының төрағасы Мұрат Әйтенов конференц-байланыс арқылы волонтерларды құттықтап, «Biz Birgemiz» республикалық акциясына белсенді қатысқан еріктілерді еліміздің Тұңғыш Президенті, Елбасының Алғыс хатымен марапаттады. Еске сала кетсек, волонтерлардың көмегімен «Biz Birgemiz» акциясы шеңберінде қалада 8500-ге жуық мұқтаж отбасыға 107 миллион теңге көлеміндегі азық-түлік үлестіріліп, жалғызбасты қарияларға, ерекше қажеттіліктері бар азаматтарға және тұрмысы төмен көпбалалы отбасыларға 1 миллион дана маска тегін таратылды. Бұдан бөлек, ерікті жастар техногенді апаттан зардап шеккен мақтааралдықтарға 81 миллион теңгеден астам қаржыға азық-түлік, гигиеналық заттар мен киім-кешектер және техника жөнелтуге көмек берді. «Волонтер болу – жүректің ісі, яғни шынайы ниеттің көрінісі. Сіздер қолға алған жұмыстардың барлығы дәл осындай мейірімділіктің жарқын үлгісі екеніне күмәніміз жоқ. Сіздерге барлық бастамаларыңызға сәттілік, зор денсаулық, отбасыларыңызға амандық тілеймін», – деді марапаттау барысында Мұрат Дүйсенбекұлы. 

              Бұл күні Шымкент қаласы бойынша төтенше жағдай кезінде халыққа көмек қолын ұсынған 130-дан аса ерікті марапатқа ие болды. Олардың қатарында «Jas Otan» Жастар қанатының төрағасы, Жастар мәслихатының депутаттары, қоғамдық қор мүшелері, Ішкі істер саласының мамандары мен БАҚ өкілдері бар.

              Еліміздегі үшінші мегаполис тұрғындары осылайша ақылды ғана емес, қайырымды да қаланың тұрғындары екенін паш етуде. Дәл осы тектес жұмыстар алдағы уақытта да үзіліссіз жалғасын табатын болады.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *