Қоғам

Жалған ақпарат жарға жығады

Бүгінде ғаламторда, әлеуметтік желілерде коронавирустың пайда болуы, таралуы және оны емдеуге байланысты түрлі шындыққа жанас­пайтын ақпараттар, қисынсыз болжамдар таралып жатыр. Ал оның өзіндік қаупі де жоқ емес. Ел-жұрттың үрейін ұшыратын жалған ақпараттар легі бүгінде инфодемия деген атауға ие болған. Биылғы ақпан айынан бастап қолданысқа енген инфодемия термині – қазіргі таңдағы ең өзекті, күн тәртібінде тұрған мәселе. Яғни пандемия секілді инфодемия немесе инфопандемия да қауіпті. Оның таралу жылдамдығы пандемиядан да асып түседі.

Қазақстан Журналистер одағы Түркістан облыстық филиалының ұйымдастыруымен биыл екінші мәрте өткен «Turkіstan open mеdіa-2020» форумында осы инфодемия тақырыбы талқыға түсті. Қазіргі күннің өзекті мәселесіне арналған форум онлайн-конференция режімінде жүргізілді. «Пандемия тұсындағы инфодемияның бүгіні және ертеңі» тақырыбында өткен шараны ашқан Қазақстан Журналистер одағы Түркістан облыстық филиалы­ның төрағасы, «Egemen Qazaqstan» газетінің Түркістан облысы бойын­ша меншікті тілшісі Ғалымжан Ел­шібай алдымен форумға ізгі тіле­гін біл­діріп, қолдау көрсеткен Қазақ­стан Журналистер одағының төр­ағасы Сейітқазы Матаевтың, «Егемен Қазақстан» республикалық газеті» АҚ басқарма төрағасы Дархан Қыдыр­әлінің хатын оқып берді.

Форумға онлайн түрде қатысып, сөз алған спикерлердің арасында Мә­жі­­­ліс депутаты Дархан Мыңбай да бол­ды. Ал облыстық тауарлар және қыз­меттердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментінің басшысы Нұрбек Нышанов COVІD-19 ауруына қатысты өңірдегі эпидемиялық ахуалға тоқталып өтті. Облыста алғашқы науқас наурызда тіркелсе, сәуірден бастап жағдай күрделене түскен. Кейінгі кездері карантин режимін бұзудың салдарынан тұмау мен пневмония дерттерінің көбейгені байқалады. Тексерілмеген, қате ақпараттың қоғамда дүрбелең тудыруы мүмкін екенін облыстық Қоғамдық денсаулық басқармасының басшысы Марат Пашимов та айтып өтті. Сондай-ақ ол журналистердің жеке басының қауіпсіздігін сақтау қажет екенін ескертті.

Инфодемияның басты көрінісі – тексерілмеген ақпаратты тарату. Бұл ретте әрбір журналист немесе блогер коронавирусқа қатысты қандай да материал, пост жазатын болса, әрдайым жауапкершілік мәселесін ойда ұстауы тиіс. «Тексерілмеген ақпарат және журналист жауапкершілігі» тақырыбында баяндама жасаған онлайн-конферен­цияның спикері, медиатренер, журналист Жұлдыз Әбілданың айтуынша, әр мәліметті әр ақпарат құралы әртүрлі таратады. Кейбір ақпарат құ­ралдары болмашы жаңалықты дабыра еткенге құмар. Ғалымдардың коронавирустың еміне қатысты айтқан сөздерін үзіп-жұлып, мың құбылтып беріп, нәтижесінде жұртты адастыратын ақпарат құралдары да жоқ емес. Мәселен, коронавирустың емі ретінде әлдебір дәрілердің аттарын атаған ақпарат құралдары да кездес­кен. Алайда бұл дәрі тек ауыр халде жатқан науқастарға ғана қолданылады. Тамақты ас содасы қосылған сумен булау, спиртті қолдану сияқты емдеу, алдын алу шаралары туралы да осыны айтуға болады. Журналист мұндай ақпараттарды таратар кезде сарапшылардың, дәрігерлердің пікіріне жүгінгені жөн.

Форумда көтерілген тағы бір өзекті мәселе – коронавирус кезеңіндегі журналистердің қауіпсіздігі. Өкі­нішке қарай, елімізде бірқатар әріп­тестеріміздің кәсіби міндеттерін орын­дау барысында осы қатерлі ін­детті жұқтырып алғанына қатысты ақпараттар тарады. Жалпы, журналист COVІD-19 тақырыбымен қалай жұмыс істеуі керек, қалай ізденгені жөн, қай мәселеге көбірек назар аударуы тиіс? Бұл сұрақтар да форумда кеңінен талқыланды.

Форумда сөз алған Қ.А.Ясауи атын­дағы Халықаралық қазақ-түрік университеті журналистика кафе­­д­ра­сының меңгерушісі Бекжігіт Сердәлі журналист мамандарын даярлауға қатысты пікір білдірді. Оның айтуын­ша, қазіргі уақытта аталған университетте цифрлы журналистика мамандарын даярлау қолға алынған. Жалпы, журналистикадағы ең қажетті дүниенің бірі – тәжірибе алмасу. Осы­ған байланысты оқу ордасында білікті журналистерді шақырып, ше­берлік сыныптарын өткізу қалыпты үрдіске айналған. Сондай-ақ форумда коронавирустың медианарыққа тигізген кері әсері де айтылды. Жалпы бұл мәселенің алда талай алқалы жиындардың негізгі тақырыбы болары айдан анық.

Бұқаралық ақпарат құралдары қыз­меткерлерінің кәсіби мерекесі қарсаңында өткен форум барысында Қазақстан Журналистер ода­ғының Түркістан облыстық филиалы еңбегімен елдің назарына іліккен шы­ғармашылық қауымды марапаттады.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *