Қоғам

Қайырымдылық пен қуаныш

Біз бұған дейін Шардара ауданының Қоссейіт ауылында мектепті бұдан жиырма жыл бұрын бітірген түлектердің бір отбасыға баспана сыйлағаны туралы жазғанбыз. Мұндай игі іс Шардарада әлі де жалғасын тауып жатыр.

«Ауданымызда қайырымды жандардың арқасында он отбасы баспаналы болды. Олардың үшеуі «Қаракет» қайырымдылық қоры, біреуі айтыскер ақын Айнұр Тұрсынбаеваның «Айдың нұры» қайырымдылық қоры, екеуі жеке демеушілердің және төртеуі жиырма жылдық түлектердің ұйымдастыруымен берілді. Сондай-ақ, мектеп бітіргендеріне жиырма жыл болған Сүткент ауылының түлектері ауылдағы саябақ ішіндегі аяқ жолдарды жөндеп, орындықтар қойып, көгалдандыру жұмыстарын жүргізуде. Оған қоса ауылға мерекелерде пайдаланатын киіз үй мен мектепке шатыр (палатка) сыйламақ.

Жуырда Қ.Тұрысбеков ауылының 20 жылдық мектеп түлектерінің ұйымдастыруымен тағы бір мұқтаж отбасы баспаналы болды. Түлектер алты баланың анасы, «күміс алқа» иегері Бақтыгүл Налтаева мен шаңырақ иесі, жалдамалы шопан болып жұмыс істейтін Құттыбай Әуелбековтың отбасын үлкен қуанышқа кенелтті», — дейді аудан әкімінің орынбасары Бауыржан Шомпиев.

Қайырымды жандардың игі істері аудан басшылығы тарапынан ескрусіз қалып жатқан жоқ. Қ.Тұрысбеков ауылына аудан әкімінің орынбасары Б.Шомпиев арнайы барып, 20 жылдық түлектерді аудан әкімінің алғыс хатымен марапаттады. Жалпы, мұндай игі бастамалар Шардара ауданында алдағы уақытта да жалғасын таба беретін болады.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *