Өмірдің өзі

ТАЙҚАЗАН – ҚАЙТАЛАНБАС ҰЛТТЫҚ ҚҰНДЫЛЫҒЫМЫЗ

Кезінде руханиятымыздың жанкешті жоқшысы, мемлекет және қоғам қайраткері Өзбекәлі Жәнібеков мұрындық болып, Петербургтегі Эрмитаждан арнайы алдырған, ішіне үш мың литр су сыйатын, салмағы екі тонна, жеті түрлі металл қоспасынан жасалған қасиетті тайқазан бүгінде рухани астанамыз Түркістандағы Қожа Ахмет Иассауи кесенесінде тұр. Бірнеше қоспадан жасалған соң «қола қазан» аталыпты. Жан жағындағы гүл тәріздес он құлағы да ерекше сән беріп тұр. Араб әріптерімен үш қатар жазылған мәтіндердің бірінші қатарында: «Мешітке келушілер мен тағзым етіп келіп, шамалы садақа берушілерді салыстыруға болмайды» деген тәмсіл бар. Мұнан кейін Құранда бар, мұсылмандарға арналған жәннаттағы зәм зәбіл, сан сәбіл туралы айтылыпты да, Әмір Темірдің бұл қазанды Қожа Ахмет Иассауиге арнайы жасатқаны жазылыпты. «Аллаға құлшылық еткен байғұс, табриздік шебер Абул-Азиз Шерефаддин шебердің баласы» деген екінші қатардағы жазудан ұстаның атын білеміз.

Ал, «күфі» әріптерімен жазылған Аллаға сыйынуды байқататын қысқа аят қазанды айналдыра жазылыпты. Байқап қарасақ, тайқазанның атқаратын қызметі мен қойылуы халықтың наным-сенімі, дүниетанымы мен әдет ғұрпына байланысты екеніне көз жете түседі. Көлемділігі сонша ішіне тұтас тайдың еті сыйып кететіндіктен «тайқазан» атанған. Бәрімізге белгілі жеті дәннен, болмаса жеті дәмнен тұратын Наурыз көже де осындай тайқазандарда қайнатылып, жыл сайынғы Наурыз мейрамдарында жалпы жұртқа таратылып отырған. Оның өзіндік терең мәні елдің бірлік, ынтымақ, ниет тілек, мерей, мереке сынды адами үмітін білдірсе керек. Сонымен бірге діни сенімге байланысты қасиетті қазан шипалы саналып, оған зәмзәм суы құйылып, зиярат етіп келушілерге ем-дом ретінде ұсынылған.

Сол бір жыл Жәнібековтың басшылығымен Ленинградтан алдырылған тайқазан Ахмет Иассауи кесенесі мұражайының орталық қазандық бөлмесіне, биік күмбездің нақ астына қойылған болатын. Көзкөргендердің айтуына қарағанда, қазандық бөлмесін көмкеріп тұрған күмбездің төбесінен    ұзын арқанмен тартылған салмақты зат болған көрінеді. Әлгі салмақты зат қазанның тура ортасына бағытталған және әрдайым теңселіп тұрады екен. Екінші бір көнекөз қарияның айтуына қарағанда, қазан төрт құлағынан төбеден тартылған шынжырға ілініп тұрған дейді. Екі пікір де шындыққа жанасады. Алдында айтылған салмақты зат о баста тәулік мерзімін білу, белгілеу үшін жасалған деуге болады. Салмақты зат қазанның сыртындағы белгілері арқылы уақыт дәлдігін көрсетіп отырған. Қазанның құлақтары мен ұшқыр дөңгелек белгілер арақашықтығының орналасу дәлдігі де сөзімізді растай түседі. Әлгі белгілер он-оннан үш қатарға орналастырылыпты. Әріптердің ұшы біркелкі әрі бір бағытта жазылған. Осыған қарап ақ, тайқазанның ғажайып құпиясы мен ғылыми қызметін аңғаруға болады. Ой көзімен бағамдасақ, қазанды және Қожа Ахмет кесенесін тұрғызушы ұсталардың жердің өз осімен айналу құбылысын білгендігіне шәк келтіре алмайсыз. Яғни, Фуко магнитінен ғасырлар бұрын ашылған ғылыми жаңалық болып табылады. Бесенеден белгілі әр ай жаңа айдың тууынан бастау алады. Күнделікті уақыт мөлшерін білу мұсылмандар үшін бес парыз намаз оқып, ораза ұстағанда, таңның батуы мен атуын айыру үшін аса қажет екені белгілі. Демек, қазан діни қызметпен бірге ғылыми қызмет атқарған деуге толық негіз бар. Шүкір дейміз, «Ұлы Даланың жеті қыры» атты кең ауқымды, терең мәнді бағдарламаның арқасында көптеген құндылықтарымызды тарих қойнауынан аршып алудамыз. Міне, соның бірі де бірегейі — қасиетті тайқазанымыз деуге әбден болады.   

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *