Әлеумет

Бие байлап, қымыз баптап…

Атакәсіпті жандандырған ауыл

Түркістан облысының Төлеби ауданы, Алғабас ауылында тұратын Мұғатовтар отбасы атакәсіппен шаруасын алға сүйреп жүрген жандар. Бие байлап, қымыз сауып, несібесін теріп отырған отбасы бүгінде бұл кәсіпті ірі шаруа қожалығына айналдырып отыр. Қожалықтың иесі Орынбасар Мұғатов пен Айған Әбдікерімова ауыл тұрғындарын да ұйымдастырып, жылқыны көбейтіп, жайылымды кеңейткен.

         Алғабас ауылына 1985 жылы келін болып түскен Айған Әбдікерімова бие саууды енесінен үйренген. Алғаш үй ауласында аздаған жылқы ұстаған әулеттің кейін қорасы малға тола бастады. Заман ағымына сай атакәсіпті жандандырып, отбасылық кәсіп етуге бел буды. Мемлекеттік қаржылай қолдауға ие болудың жолдарын зерттеп, іздестірді. Cөйтіп, ауылшаруашылығын қаржылай қолдау қорынан несие алып, тірлігі алға өрлей бастады. Субсидия талабы бойынша 20-30 биеге қаржы берілмейтін еді. Бұл кедергіден шығудың тиімді жолын да таба білді. Ауылдағы өздері сияқты бие байлап отырған бірнеше үйді ұйымдастырып, субсидияға қол жеткізді. Нәтижесінде әр шаруа қожалығы үш миллион теңгеден алып, сауынды бие сатып алады. Бүгінде 30 қожалық қарайтын іргелі орталықта 260 бие сауылады. Көрші ауылдардан да қымыз қабылдап, нарық қажеттілігін өтеп отыр. Осылайша ауылдағы бірнеше үйді жұмыспен қамтып, алғабастықтардың тіршілігі атакәсіппен алға басып келеді.

Бие байлап, қымыз баптау оңай шаруа емес. Кешкі сағат жетіден басталатын сауым мезгілінде таңғы тоғызға дейін тірлік толастамайды. Ал, сауылған қымызды баптап, сату — күндізгі бейнет. Алғабас қымызы Шымкенттегі «Студенттер қалашығы» аялдамасындағы арнайы сауда нүктесінде, бұдан басқа арнайы дүкендер арқылы тұтынушыларға жеткізіледі. Сондай-ақ, тау етегіндегі «Біркөлік» демалыс орталығына келушілер де арнайы тапсырыспен алғызады екен. Отағасы сауылған бие сүтін жайлаудан жеткізіп, сауда нүктелеріне таратады, жем-шөп мәселесімен айналысады, шаруалардың кем-кетігін түгендейді. Ал, жұбайы Айған апай бие сауумен қатар мал шаруашылығына берілетін мемлекеттік қолдауларды үнемі бақылап, зерттеп отырады екен.

— Біз үкіметке қол жаймаймыз, бірақ, беріліп жатқан тиісті қаржылай қолдаулар болса мүмкіндікті мүлт жібермеуге тырысамыз. Алғабаста жайылмалы жер көлемі тоғыз жүз гектарды құрайды. Бұл аз. Жерге негізінен  бидай, жоңышқа егілгендіктен, жем-шөп тапшы. Егер бос жатқан жерлер болса мемлекеттік қолдау арқылы мал шаруашылығына берілсе дейміз. Онда қой, сиыр сияқты түлік басын көбейтіп, іргеміздегі «Фудмастер» компаниясына сүт өткізер едік. «Агронесие», ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қорларынан осы мәселеге қолдау болса дейміз. Келешекте бие сүтін тонналап өткізетін жағдайға жеткіміз келеді. Ол үшін жайылым, база болуы тиіс. Қазір дамыған қожалықтарда бес жүз биені бір-ақ сауатын аппараттар бар. Егер осындай мүмкіндіктер болса, арнайы технолог мамандарымыз да дайын, — дейді Айған Әбдікерімова.

Алғабас ауылында әрбір жылқылы үйде кемі он бие сауылса, әрқайсысы бес литрден, яғни елу литр қымыз сауады. Ал, жиырма биесі бар үйлер жүз литрден сүт өнімін баптайды. Тіпті, қыста да жұмыссыз адам жоқ. Ал, шаруа қожалығы жұмысшыларға ең кемі жүз мың теңгеден жоғары жалақы төлейді. Жалпы, бие сүтін баптауда үлкен мән бар десек, Айған апай апаларымыздың байырғы қымыз дайындау технологиясынан артық әдіс жоқ деп біледі. Киікотыны қайнатып, күбіге құйып, шамалыдан кейін төгіп тастап, ысталған  ыдысқа сүтті құяды. Кейбіреулер қойдың құйрығын қосып әзірлейді. Уыз қымыз, дөнен қымыз, бесті қымыз, бал қымыз деп аталатын бернеше түрі бар бие сүтінің ащысын көбіне Алматы өңірінің тұрғындары ұнатса, күнгейліктер жуастау қымызды жақсы көреді. Бүгінде бие сүтінің шипасын іздеген жандар Алғабасқа арнайы қона жатуға келіп, қымыз ішуді үрдіске айналдыруда. Олардың арасында дәрігерлер бауырын жарамсыз санап, ем қонбайдыға жатқызған науқастар да кездеседі. Алайда, үмітсіз шайтан ғана. Олар соңғы үмітпен біраз күн қымыз ішіп, қайта УЗИ аппаратына түсіргенде бауыр қызметінің қалыпқа түсе бастағаны байқалған. Мұны көрген ақ халаттылардың таңқалмасқа амалдары қалмапты. «Ескеретіні, асқазаны ауыратын адамдарға қымызды таңертең аш қарынға аздан, күніне бір пиала, үйрене келе бір кесе, екі кеседен ішкен жөн. Ал алғашында он күн саумал ішіп, арасында үзіліс жасап, осыны үрдіске айналдырғандардың денсаулығы көп түзеледі. Бұл іс жүзінде дәлелденген дүние. Денсаулықты түзеудің осы жолын таңдаған адамдар үшін арнайы төсек-орын жағдайы жасалып, диеталық тамақтар дайындалады», — дейді қымызшылар.      

Соңғы кезде өңірде пандемияның өршуіне байланысты қымызға деген сұраныс күрт өсті. Шымкент қаласындағы сауда нүктелерінде тіпті, әр адамға үш литрден артық бие сүті сатылмауда.

—Қымыздың пайдасы туралы қанша айтсақ та артық емес. Жаңадан сауылған бие сүтінде небәрі үш-ақ минут тіршілік ететін, адам ағзасына аса қажет дәрумен бар екенін Швейцария ғалымдары дәлелдеді. Біздің аядай ауылда барлығы қымыз ішіп, жылқы бағып жүреді. Таңқаларлығы, бір де бір адамның ауырдым дегенін, не болмаса дәрігер іздеп, аурухана жағалап жүргенін  көрмейсіз. Бұл да бие сүтінің ғажабы! Өзімнің тоқсанға келген анам бізден қымыз алдырып ішеді. Денсаулығы жақсы, күніне үш-төрт шақырым жерді жаяу жүруге шамасы жетеді, —дейді қымызшы Айған.

  Жылқышылардың айтуынша, қымыз қан айналымын жақсартып,  иммунитетті көтереді. Қан қысымы төмен жандарға ащы қымыз пайдалы болса, керісінше, қан қысымы жоғарылардың дертін басуға сүтті қымыз жақсы көмектеседі.

          Аурудың белең алған кезінде қымыз жетіспеушілігін алғабастық шаруалар да сезінуде. Сондықтан қожалыққа бие қосамын дейтін шаруалар болса қуана-қуана келісетінін айтады. Тәжірибелі жылқышылар жүз биені жиырма күннің ішінде үйретіп шығара алатындарына сенімді.

         Үш қыз, үш ұл өсіріп, екі келін түсірген алғабастық жылқышылар отбасы атакәсіптің қыр-сырын жастарға да үйретіп, баулуда.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *