Өмірдің өзі

Отбасы татулығы

«Отан – от басынан» демекші, туыстықтың, ұлттың және мемлекеттің негізін отбасы құрайды. Ал отбасын құрайтын адамның әрқайсысы – бір әлем. Осы әлемнің өзіндік ұстанымы, өмірде кездесетін жағдайға өзіндік көзқарасы бар.

Пайғамбар (с.а.с.) «Кім Аллаға және қиямет күніне иман келтірсе, туысқанымен қарым-қатынасын үзбей, жалғастырсын» (Бухари, Мүслим), «Туысқандық қарым-қатынасты үзген кiсi жәннәтқа кiре алмайды» (Бухари әдеп, 11) деп туыстан қол үзудің үлкен күнә екенін білдіріп, ол күнәні арқалағандардың жаннатқа кіре алмайтынын ескертсе, «Жарлыға жасалған садақада бiр ғана сауап бар. Осы садақа туысыңа берiлсе, екi сауапқа кенелесің. Бiрі – садақа сауабы, екiншiсі – туысыңа қарайласқанның сауабы» (Имам Термизи) деп туысқандықтың жібін ешқашан үзуге болмайтындығын көрсеткен.

Бақытты, өзара сыйластық пен сүйіспеншілік негізінде, Алладан басқаға қарызы жоқ отбасынан құрылған мемлекеттің іргетасы да мықты. Көп жағдайда, бақыт түсінігіне: халал мен харамнан жиналған мал-мүліктің, қаражаттың молшылығын, мансаптың жоғарылығы, өтірік-шыны аралас елдің пәленшеке, түгеншеке деген қолпаштауымен байланыстырамыз. Ал ой жүгіртіп, сараласақ, алдап-арбап, қорқыту мен үркіту аралас, қайтсем көбейткен үстіне көбейтемін мақсатында, басқаға пайдаң тимей, ұйқы күлкіден айрылып жинаған мал-мүлкің, оны сұқ көзден, ұры-қарыдан қалай қорғаймын, мемлекетке кем төленген салықты біреу болмаса біреу біліп қойып, тиісті орындарға жеткізсе жағдайым не болады деген уайыммен өмір сүрген пенде шын мәнінде өзін бақытты сезіне ала ма?! Қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқыттырмай, бар ерік-жігерің соның керегіне жарасын деген ниетпен өсірген ұрпағың маскүнем, нашақор, екі сөзге келмей ұрыс-жанжал жығаратын тоңмойын, көрсеқызар, бардың қадіріне бойламай, бекер мал шашуға әдеттенген, адамгершілік қасиеттен жұрдай болып ержетсе, бұл бала сізді бақытты қыла ала ма?! Аз уақытқа ғана басыңа қонған, ертең-ақ еріген мұздай, алақаныңнан сусып кететін, аспанда қалықтатып, санаңа  менмендікті сіңіріп, маңайыңа мұрын шүйіре қарауға себепкер мансап өмір бақи бақытты қыла ма? Осының бәрі бір сәт бақытты сезінуге себеп болғанымен, ерте ме кеш пе, өміріңнің соңына дейін ұмытылмайтын өкінішке әкеледі.

Нағыз бақыт – барға қанағат қылатын, қайырымды, байлыққа мастанбай, жоққа күйремейтін, тәрбиелі біліммен сусындап өскен отбасы мен ұрпағың.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *