Қоғам

Қала, қарбалас шақ, қарқынды жұмыс

Өкпеге арналған аппарат енді Шымкентте шығарылады

Өкпені жасанды желдету аппараты енді Шымкенттің өзінде шығарылатын болды. Бұл қуанышты хабар Шымкент қаласының әкімі М. Әйтеновтің «Kazmedpribor Holding» ЖШС директоры Рахат Байзақовпен кездесуінде айтылды. Шаһар басшысы кәсіпорын директорымен кездесуінде пандемиямен күрес мәселелерін талқылады. Рахат Тұрғанбекұлы қала тұрғындарына 150 дана төсек-орын, инфузия құюға арналған 400 дана штатив және 40 дана медициналық бағана сыйлады.        

—Біз бұл жобамен үш ай бойы жұмыс жасадық. Ендігі кезекте қажетті сертификатты алсақ, аппаратты шығара бастаймыз. Алдымен қаланы толығымен қамтып, содан кейін еліміздің өзге қалаларына көмектесетін  боламыз. Бүгінгі басты жаңалығымыз осы, —деді М. Әйтенов. Қазіргі таңда қаладағы медициналық мекемелерде 323 ӨЖЖ аппараты, оның ішінде 130 портативті аппарат бар. Сондай-ақ, «Бобров» тыныс алу аппараты, 10 монитормен қамтамасыз етілген.

         Қаладағы өткен апта қарбалас тірліктерге толы болды. Қазіргі пандемияның өршіп тұрған кезінде жедел іс-шараларды ұйымдастыру жұмыстары кезек күттірмейтін іс. Оның ішінде еліміздің барлық аумақтарында орын алып жатқан дәрі тапшылығы үшінші мегаполисте де айқын сезілді. Міне, дәл осы тұста Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың өз жолдауында айтқан «Медициналық қызмет көрсетудің сапасы мен қолжетімділігін қамтамасыз ету» мәселесінің маңызы барынша арта түсті. Осыған байланысты Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов арнайы жұмыс тобымен бірге дәріханалар мен емдеу препараттарын шығарумен айналысатын кәсіпорындарды өзі аралап шыққандығын газетіміздің өткен аптадағы санында назарларыңызға ұсынған болатынбыз.

         Ағымдағы жұмада да дәрі-дәрмек тапшылығын болдырмауға арналған іс-шаралар бәсеңсіген жоқ. Шымкент қаласының Полиция департаменті дәрі-дәрмектерді жоғары бағамен сатқан дәріхана қызметкерлері мен азаматтарды анықтау мақсатында жедел профилактикалық іс-шаралар жүргізді. Нәтижесінде он шақты заңсыз сату нүктесі анықталды. Т. Әлімқұлов көшесіндегі үш бірдей қойманы тексергенде иесі дәрі-дәрмектерді сатуға арналған арнайы лицензияны көрсеткен. Алайда мамандар бұл құжаттың басқа ғимаратқа арналғаны, ал қоймаларда дәрі-дәрмектердің заңсыз сақталғанын анықтады. Фармацевтер  қоймадан табылған дәрілерді үш топқа бөліп, әрқайсының қандай жағдайда қолданылатынына түсінік берді. Олардың бірінші тобы еліміз аумағында тіркелмеген және сатуға рұқсат берілмеген, «Конвулекс», «Энцефобол», «Алоэ экстрактиньекция үшін» сияқты дәрі-дәрмектер. Екінші топ — респираторлық  вирустық ауруларды емдеуге арналған жоғары сұранысқа ие болған дәрілер.  Ал, үшінші тобы елімізде медициналық тіркеуде тұратын азаматтарға тегін  берілетін дәрі-дәрмектер. Қоймадағы дәрілердің сақталу талаптары өрескел бұзылғаны, емдеу қасиеттерін жойып, адам өміріне қауіп тудыратын жағдайда екені анықталды. Барлығы 229 дәрі-дәрмек түрі айғақ зат ретінде тәркіленді. Анықталған деректер бойынша заң бұзған азаматтар жауапқа тартылады. Арнайы құрылған мониторингтік топпен екі күн ішінде дәрі-дәрмектерді заңсыз сатудың 50-ден астам жағдайы тіркелгенін айта кету керек.

         Қала әкімі Мұрат Әйтенов дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету ісін жеке бақылауына алды. БАҚ өкілдерімен бірге қаладағы көтерме сауда қоймалары мен дәріханаларды аралау жұмысын тоқтатқан жоқ. Шаһар басшысы көтерме сауда қоймаларында жоспарланған дәрілік заттарды жеткізу және тиеу кестесі бойынша резервтік қорлармен қамтамасыз етілуіне көз жеткізді. «Ақ ниет» ЖШС-і директоры Е. Ниязалиев жеткізілген дәрілер қаладағы 52 дәріханаға таратылатынын, оның ішінде «дексаметазон», «дексан», «клексан» препараттары да бар екенін жеткізді. Ал, «Зерде» НПО ЖШС қоймасына 6 камаз дәрі-дәрмек әкелінген. Оның ішінде 1 миллион аскорбин қышқылы, 500 мыңға тарта цефтриаксон, 100 мың азитрамицин, немисил, 20 мыңға жуық  кагоцел, 14 мың ингавирин бар. Қала басшысы жиырмаға жуық дәріхананы аралап, халықтың арыз-шағымдарымен жеке танысты. Сондай-ақ, дәріхана сатушыларына дәрі-дәрмек жоқ болған жағдайда басқа сауда атауымен алуға болатынын түсіндіруді тапсырды.

         Осы тұста Шымкент дәріханаларын тиісті дәрімен қамтамасыз ету мақсатында көрші елдерден дәрі шығаратын фармкомпаниялармен 10 миллион АҚШ доллары болатын дәрі-дәрмек алуға келісімшарт жасалғанын айтып өтуіміз қажет. Қала әкімінің бірінші орынбасары Ербол Садырдың мәлімдеуінше, қаладағы сегіз фармкомпанияға шетелден біржолғы тасымалмен дәрі әкелу бойынша рұқсат берілген. Қазіргі таңда Украина елінен дәрілердің алғашқы легі ұшақпен Алматыға келді. Енді жүк көлігімен Шымкентке жеткізіледі. Осылайша, қаладағы дәріге деген тапшылықты шешу жағы қарастырылып жатыр. Орынбасардың сөзіне сенсек, пневмония мен ЖРВИ-ға байланысты халық арасында сұранысқа ие «левофлоксацин» препаратының 1 млн 600 мың флаконы, 414 мың флакон «цефтриаксон», 100 мың қорап «дексаметазон» және 200 мың қорап «аскарбин қышқылы» сынды 20-дан аса қажетті дәрілерді алу бойынша келісімшарт түзіліпті.

«Бүгінгі таңда Шымкент қаласында тіркелген 560 дәріханада бір айлық дәрі-дәрмек қоры бар. Онда дене қызуын төмендететін, вирусқа қарсы препараттар мен антибиотиктер және «С» дәрумендері бар. Дәрі бағасын бақылау мақсатында құрылған төрт мониторингтік топ бүгінде 167 дәріханада болып, халық сұранысындағы дәрі-дәрмектердің қолжетімділігі мен бағасының тұрақтылығына зерделеу жұмыстарын жүргізген. Нәтижесінде 50-ден аса талапқа сай келмейтін жайт анықталып, оның 10-ына қатысты қылмыстық іс қозғалған.

Шымкент қаласында инвестордың көмегімен стационар ашылған болатын. Алғашқы он күнде мұнда 344 науқас жатқызылып, олардың 200-ге жуығы емделіп шықты. 400 төсек-орындық ЖРВИ және пневмониямен күдікті науқастарға арналған провизорлық емдеу орны күшейтілген режимде жұмыс атқаруда. Емдеу орталығында білікті 21 дәрігер мен 70 орта буын медицина қызметкері бар. Мұнда 34 оттегі балонын қолдану мүмкіндігі қарастырылған. Сондай-ақ, барлық қажетті дәрімен қамтылған. Науқастарға күніне 3 мезгіл ыстық тамақ беріледі. Барлық санитарлық талаптар сақталған.

         Шымкент қаласында қалыптасқан эпидемиологиялық жағдайға байланысты халыққа қолжетімді медициналық көмек көрсету енді қашықтықтан  жүзеге асырылатын болды. Ол үшін 1430 порталы іске қосылады. Бұл сервис ауданның, шалғай мекен тұрғындарының үйден шықпай-ақ медициналық көмекке жүгінуіне мүмкіндік береді. Порталға тіркеліп, қажетті маманды таңдап, онлайн қабылдауға жазылсаңыз жеткілікті.

         «Батыр болсаң жауыңа найзаң тисін, бай болсаң халқыңа пайдаң тисін» демекші, елдегі қалыптасқан ауыр жағдайға байланысты осы кезге дейін халықтың той-томалағынан нәсіп тауып келген тойхана иелері де қол ұшын созатындықтарын мәлімдеді. Нақтылап айтар болсақ, Шымкент қаласындағы мейрамхана иелері эпидемиологиялық жағдай нашарлап, мұқтаждық туса өздерінің меншігіндегі ғимараттарды провизорлы, стационарлы орталықтарға айналдыруға дайын. Бұл ұсыныстарын олар қала әкімі Мұрат Әйтеновке жеткізді. Бұл игі ұсыныстарына алғыс білдірген қала басшысы әзірге қосымша провизорлық орталықтарды ашудың қажеттілігі жоқ екенін жеткізді. Алайда, індеттің таралуы өсіп, науқастар көбейген жайғайда әкімдік мейрамханаларды, тойханаларды провизорлы стационар ретінде пайдаланатын болады.

                                   Жол жөндеу жұмыстары аяқталуда

         «Ең ірі үш қала әкімдіктерінің құзыретін, соның ішінде қала құрылысы саясаты, көлік инфрақұрылымы, қала сәулетін қалыптастыру саласындағы құзыреттерін кеңейту керек. Еліміздің әр аймағының тұрғындарының таза ауыз суға, табиғи газға, көлік инфрақұрылымына қол жеткізу деңгейі біркелкіемес екені белгілі. Осы теңсіздікті жою үшін жұмысты жандандыру қажет». Өз жолдауында осылай деген Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы барлық аймақ басшыларына инфрақұрылым мәселесіне айрықша көңіл бөліп, барынша дамытуды тапсырған болатын. Шымкентте бұл саладағы атқарылып жатқан жұмыстар аз емес. Қарбалас жұмыс қарқын алмаса, саябырсыған жоқ. Жақында шаһардағы бірнеше жолда жөндеу жұмыстары аяқталып, пайдалануға берілді. Атап айтқанда, Шаңырақ шағынауданындағы Атамұра, Бетховен көшелері мен Орманшы тұрғын алабы, Төлеби көшесінің орташа жөндеу жұмыстары толығымен аяқталып, пайдалануға берілді.  

         Қалада қазір ішкі көше жолдарына орташа және күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Нақтырақ айтқанда, биыл маусым айында «Нұрлы жол-7» ЖШС мердігерімен Абай ауданы, Самал-3 шағын ауданындағы Ш. Мұстафаев көшесінде жөндеу жұмыстары басталған. Көшенің ұзындығы 620, ені 6 метр. Бүгінгі күні жол-құрылыс жұмыстары толығымен аяқталып, көше пайдалануға берілді. Еңбекші ауданы, Қаратұрғын тұрғын алабындағы Тойшы ата көшесінде де орташа жөндеу жұмыстары басталған еді. Ұзындығы 1,7 шақырым көшеде жұмыстар толығымен аяқталып, жаңа асфальт жол тұрғындарды қуанышқа кенелтті. Аталмыш аудандағы №86 автобус аялдамасынан мазаратқа дейінгі атауы жоқ көшеде орташа жөндеу жұмыстары басталған болатын. Ұзындығы 1,8 шақырым көше пайдалануға берілді. Ал, Абай ауданы, Ынтымақ шағынауданы, Зеленая көшесі мен «Отан Мұнай» жанар май құю бекетінен кейінгі атауы жоқ көшеге «ДостықСпецТранс» ЖШС мердігерімен орташа жөндеу жұмыстары жүргізілді. Көшенің ұзындығы 3,3 шақырым, ені 5 метр. «Ақжайық» шағынауданындағы Сырым батыр көшесі де жөндеуден өтуде. Қазіргі кезде көлік қатынасының көбеюіне байланысты жолдың ені 1,5 метрге кеңейтілген. Құрылысты «АНДАС ГРУП» мердігер компаниясы жүргізуде. Ал, А. Байтұрсынов көшесінің Ж.Арғынбеков көшесі қиылысынан дендросаябаққа дейінгі бөлігінде күрделі жөндеу жұмыстары жүруде. Бұл жолға бұған дейін шағал тас төселген болатын. Қазір бұл жерге асфальт салынып, жаяу жүргіншілер жолы, веложол және ирригация жүйесі қарастырылған. Жолдың ұзындығы 500 метрді құрайды.

         —Биыл 45 мердігер мекемемен 414 шақырым жолға қайта құру және күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Құрылысқа 2300-ге жуық жұмысшы,  400 техника жұмылдырылған. Қаладағы ішкі көше жолдары құрылысының сексен пайызы тамыз айында аяқталады деп жоспарлануда, — дейді жауапты мамандар.          Қаладағы қарбалас кезеңге қарамастан атқарылып жатқан жұмыстар қарқынды. Олардың барлығы да тұрғындар игілігі үшін жүзеге асуда.    

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *