Басты жаңалықтар Мәселе

Махажанов халық үніне құлақ асуға құлықсыз ба?

Кентаулықтар үшін әкімге кіру қол жетпес арманға айналғандай

Кентау қаласы тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында ауыр күндерді бастан өткергені белгілі. Кәсіпорындар тоқтап, жылу мен ауыз су мәселесі күрделеніп, жұмыссыздық белең алған шақта қала тұрғындары үйлерін тастап, үдере көшті. Шет мемлекеттерге қоныс аударғандар да жоқ емес. Қаңырап бос қалған үйлер қала көркін бұзып қана қоймай, қылмыстық ахуалдың күрделенуіне де себеп болғаны рас.

Осындай олқы шақта қалаға Үкімет тарапынан көмек бола бастады.Үкімет ұсынған көмекті тиімді пайдаланған сол кездегі қала басшысы Әбдібақыт Мақұлбаев бас-аяғы бірнеше жылда Кентауға байырғы байлығын қайтаруға көп күш жұмсады. Осылайша Қаратау тәжі қайта жарқырап, Кентаудың екінші тынысы ашылғандай болды. Кәсіпорындардың жұмысы жанданып, қараусыз қалған үйлер жөнделді. Тұрғындар бұрын тастап кеткен пәтерлеріне қайта орала бастады. Ал Түркістан қаласының облыс мәртебесін алуы көрші жатқан Кентаудың бағын тағы бір мәрте ашты десек те болады. Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев Түркістан мен Кентаудың егіз қозыдай бірге дамитынын атап тұрып айтты. Алайда, Түркістан қаласы дамудың даңғыл жолына түскенімен, Кентаудың оған ілесе алмай жатқаны байқалады.

Әрине, Кентау қаласының дамуына Үкімет мүдделілік танытып, облыс басшылығы қолдау көрсетпей отырған жоқ. Мәселе – жергілікті атқарушы биліктің ұйымдастырушылық қабілетіне байланысты болып тұрған секілді. Дәлірек айтқанда, Кентау қаласының әкімі Дәурен Махажанов Президент өз жолдауында атап тұрып айтқан «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын іске асыруға мүдделік танытпай отырғаны байқалады. Қ.Тоқаев Жолдауда «Азаматтардың барлық сындарлы өтініш-тілектерін жедел әрі тиімді қарастыратын «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын іске асыру – бәрімізге ортақ міндет. Билік пен қоғам арасында тұрақты диалог орнату арқылы ғана қазіргі геосаяси ахуалға бейімделген үйлесімді мемлекет қалыптастыруға болады», — деп айтқанын осы жерде тағы бір еске түсіруге мәжбүрміз.

Біз бұл мәселені босқа көтеріп отырған жоқпыз. Кентауға әр барған іссапарымыз сайын біздің қала әкімінің қабылдауына кіре алмағанымыз айлап әкімдік есігін тоздырып жүрген жергілікті тұрғындардың қасында ештеңе емес екен. «Мен желтоқсан айынан бері әкімге кіре алмай жүрмін. Неге екенін білмеймін. Жалпы бөлімге бірнеше рет тіркелгенмін. Ол жердегі қыздар телефон арқылы хабар беретін болған, бірақ ешкім хабарласпады. Одан кейін бірнеше рет өзім де келдім. Кезекте адам көп дейді. Қаңтар өтті, ақпан өтті, міне, маусым айы да орта беліне ауып барады, әлі кіре алмай жүрмін. Қазір тағы жазылып қойдым. Менің әкімге айтар бірнеше мәселем бар. Оған әкімнің өзі жауап беруі керек. Не себепті екенін білмеймін ол мені қабылдамайды. Тіпті орынбасарларының да қабылдағысы жоқ. Себебін түсіндірмейді. Жұмыстағы мұндай жауапсыздыққа кім жауап береді?», — дейді Кентау қаласының байырғы тұрғыны Альбина Зволинская бізбен әңгімесінде.

Біз бұл мәселені қала әкімінің орынбасары Бегайдар Әлімбетовке жеткізіп, не себепті қала әкімінің қабылдауына тұрғындардың айлап кіре алмайтынын сұрадық. Ол кісі бұған жауапты мамандарды шақырды. Өз кезегінде олар «Албина Зволинская әкімнің қабылдауында болған» деп жалтаруға тырысты. Сол жерге Албина Владимирқызының өзін алдыртқанда ол: «Мені қашан кіргіздіңдер? Өзіміз телефон арқылы хабар береміз деп қайтарып жібересіңдер», – дегеннен кейін барып, есіне әлдене түсті ме, әйтеуір ертеңіне әкіммен онлайн қабылдау ұйымдастыратынын айтты. Сонда әкімнің қабылдауын ұйымдастыратын мамандар тұрғындарды «тізімге алып қойдық, өзіміз шақырамыз» деп алдап жүре бере ме? Бұл мамандардың қитұрқы әрекеті ме, әлде әкімнің жасырын тапсырмасы ма?

Халық үніне құлақ аспағандықтан болар, әкім Д.Махажановтан бастап оның орынбасарлары да елдегі болып жатқан көптеген жайттардан бейхабар ұқсайды. Біздің бұлай деп отырғанымыз, 25 мамыр күні үйі өртенген жалғыз басты ана Зейнегүл Оспанованың басындағы ауыр жағдайды әкім орынбасары Б.Әлімбетов 11 маусым күні бізден естіді. Ал әкім Дәурен Сәбитұлы келесі күні А.Зволинскаямен онлайн сөйлескенде аталған оқиғадан хабары жоқ екенін айтыпты. Сонда Кентауда жалғыз басты ана баспанасынан айырылып, баз кешіп жүрсе, әкімдіктегілер ол жайттан бейхабар отыра бере ме? Халықты басына түскен қиындықтан құтқармаса, олардың хал-ахуалын білмесе ол несіне, кімге әкім болып отыр деген сұрақ туындайды.

Осы сәрсенбіде үйі өртенген З.Оспанова тағы хабарласты. «Сіздер келіп кеткен соң үйдің төбесін жапты. Бірақ, 1 шілдеден бері он төрт күн уақыт өтсе де құрылысшылар келмеді. Әлі далада, шашылған құрылыстың ортасында отырмын. Үйде газ да, жарық та жоқ. Ыстық тамақты ұмыттым», – деген кейуананың сөзін есітіп қайран қалдық. Өткенде білмеген екен, ал бұл жолғы жаныашымастығына не жорық? Әлде әкімдер халықты шырылдатып қойып, жоғарыға жалған ақпарат берумен айналыса ма?

Мақаламыздың басында бұрынғы әкімнің тұсында Кентау қаласының көркейгенін еске салдық. Ал қазіргі әкім Дәурен Махажановтың тұсындағы Кентау қандай күйде? Алысқа бармай-ақ, Кентаудың іргесіндегі Байылдырға барар жолда үйілген қоқыс жатыр. Қазіргідей жаз мезгілінде қоқыс жұқпалы ауру тудырмасына кім кепіл? Оны тазалайтын мекемелердің не айға, не қайда қарап жүргені белгісіз. Ал, Кентаудағы құлағалы тұрған электр бағандарын көріп, бұл қалада тоқырау кезеңі қайта басталған ба деген ойда қалдық. Бұл енді алдағы уақыттың еншісіндегі мәселе болмақ.

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев алқалы бір жиында «Әкімдер халықтың қызметшісі екенін ұмытып кетеді», – деген болатын. Біз Түркістан облысындағы барлық аудан әкімдері өздерін халықтан алшақ ұстайды деп айта алмаймыз. Бірақ облыс орталығымен «ауылы аралас, қойы қоралас» жатқан Кентау қаласының әкімі Дәурен Махажанов Елбасы айтқандай өзінің халықтың қызметшісі екенін ұмытып кеткен бе деген күдік ұялайды. Әлде оның осындай қырынан көрінуіне айналасындағылар кінәлі ме? «Әкім бол, халқыңа жақын бол», «Ұлық болсаң кішік бол» деген халық даналығы осындайда еріксіз ойға оралады екен.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *