Біле жүріңіз

Цой тағы 42 млрд. теңге сұрады

Қазақстанда коронавирус ахуалы тұрақтала бастады. Бұл туралы 21 шілде күнгі үкімет отырысында денсаулық сақтау министрі Алексей Цой мәлімдеді. Оның айтуынша, соңғы екі аптада күн сайынғы науқастар өсімі 4 пайыздан 2,1 пайызға азайған. Жазылғандар 60 пайызға көбейген. «Соңғы аптада коронавирус жұққандар мен адам өліміне байланысты ахуалдың тұрақталғаны байқалады. Күн сайын 1500-1600 науқас анықталып жатыр», — деді министр.

Ведомство басшысының сөзіне қарағанда, соңғы үш аптада провизорлардағы орындар 89 пайыздан 69 пайызға, реанимациялық бөлімдерде 73 пайыздан 67 пайызға дейін босаған. Жедел жәрдем көлігін шақыру да 23 пайызға азайған. Министр аймақтарда арнайы тұрақтандыру қорлары құрылып, амбулаторияларды қамтамасыз ететін дәрі-дәрмек тізімі кеңейетінін, бір айға дәрі-дәрмек қоры жасақталатынын айтты.

Алексей Цой сонымен бірге ПЦР-тестен өткізу үшін республикалық бюджеттен 42 млрд теңге бөлу қажет екенін де айтты. «170 млн теңге зерттеу жүргізуге тартылған ветеринарлық зертхананың 67 маманына жұмсалады», — деді ол.

Қазақстанда соңғы мәлімет бойынша коронавирус жұқтырғандар саны 73 мыңнан асты. Бұл көрсеткіш бойынша Қазақстан әлемде алғашқы 30 елдің қатарына кірді. Кейбір сарапшылар елде коронавирус жұқтырғандар ресми деректе айтылғаннан әлдеқайда көп болуы мүмкін деп санайды. Постсоветтік кеңістікте алғашқы отыздыққа Қазақстаннан бөлек тек Ресей (4) ғана енген.

Қазақстан 1 тамыздан бастап қоздырушысы белгісіз я зертханада расталмаған вирустық пневмонияны коронавирус статистикасына қоспақ. Жыл басынан 15 шілдеге дейін 234 мың адам пневмонияға шалдыққан, оның 3,3 мыңы қайтыс болған. Денсаулық министрлігі мұның қаншасы қоздырушысы белгісіз пневмония екенін айтпады.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *