Басты жаңалықтар Мәселе

«Авторитет» жинап жүрмін»…

Түрмеге түскен жеткіншек осылай дейді

Жөргекке сыйған баланың есейгенде жер-көкке сыймауы бүгінде ата-ананы ғана емес, қоғамды алаңдатып отырған мәселе. Бұлай деуімізге қалада тұратын көршіміздің басындағы жайт себеп. Төрт перзент өсіріп отырған танысымыз ұлдары өсе келе олардың қызығын емес, шыжығын көруде.

Ортаншы ұлының жастайынан қолы сұғанақтыққа үйір болып өсті. Қапысын тауып, көрінгеннің қалтасын жымқыратын ол мектеп жасында-ақ темір тордың дәмін бірнеше рет татты. Биыл он бірінші сынып оқуы тиіс ұлды ата-анасы таныстарына ақша ұсынып, жалынып жүріп, бес-алты рет тар қапастан шығарып алды. Бірақ, басынан өткен жайттар ұлға сабақ болмады. Керісінше, жат әдеттері үдей түсті. Тіпті, өз анасының алтын бұйымдарына дейін қолды етті. Қайғыдан қан жұтқан ата-анасы баласы темір тордан кезекті босап келген сайын «Мұның қалай?» деумен әлек. Ал, ол еш саспастан «Қазір түрмеге отырмаған адамды ешкім мойындамайды. Мен «авторитет» жинап жүрмін» дейтін көрінеді.

         Осы оқиғаны естігенде жағамызды ұстадық. О заманда бұ заман, бұрын Отан қорғайды деген оғландарымыз әскерге барса ғана өздерін нағыз азамат сезінуші еді. Бүгінгілер түрмеге түскенді «авторитет» санайтын кез келгені ме? Мұның барлығы айналып келгенде ұлттық тәрбиені ұмытып, идеологияның қазығын босатып алғанымыздан болып тұр. Соңғы жылдарда уыздай ұрпақ қойын-қалтасына қару жасырып, білім ұяларын атыс алаңына айналдырды. Санасы ақпаратты техниканың атыс-шабыс ойындарымен қаруланған оқушы жат әдетке де тез бейімделді. Олардың арасындағы ерегес көбіне өздері тұратын шағынауданды, мектепті, ауылды «ұстау» үшін атамандыққа таластан  туындайтыны жасырын емес. Атамандықтың ақыры бірінің кісі қолынан көз жұмуымен, екіншісінің жас ғұмырын темір тордың ар жағында өткізу туралы сот үкімімен аяқталуда. Ал, қыздар арасында білім жарыс емес, киім жарыс өршіп тұр. Баланы бақылаусыз қалдырған ата-ананың күйттегені күнкөрістің қамына айналды. 

         Елімізде жасөспірімдер қылмысына қатысты мамандар биылғы жылдың алғашқы төрт айына жасаған талдауына үңілсек… Аталған мерзімде елімізде кәмелетке толмаған 655 адам қылмысы үшін жауапқа тартылыпты. Жұбантарлығы, былтырғы қаңтар-сәуірге қарағанда қылмыс саны 31 пайызға азайған. Ал, алаңдатарлығы — қылмыс жасағандардың сексен пайызы 16-17, он жеті пайызы 14-15 жастағы жеткіншектер. Олардың дені ұрлық, тонау, алаяқтыққа барған. 74 оқиға бұзақылыққа жол беру бойынша тіркелген. Кішкентай қылмыскерлердің көшін 63 оқиғасымен Алматы облысы бастап тұр. Өткен жылы, тіпті, 88-ге жеткен болатын. Бұдан кейінгі орындарда Түркістан облысы (62, былтыр 90 болған) мен Шымкент (58, былтыр 63 болған) тұр.

Бағамдасақ, оқушының бос уақытын тиімді тірлікке бағыттайтын бұрынғы кеңестік жүйенің идеологиялық саясаты келмеске кетті. Пионерлік галстук таққан балаға ол кезде комсомол құрамына өту арман болатын. Жас өскіндер жанын ізгілікке баулитын «тимуршылар командасы да» адамзаттың рухани әлеміне бос кеңістік қалдырмады. Смартфон мен көкжәшікке телмірген ұрпақтың санасы мен бос уақыты кеңістікке толы, алға жетелейтін стимул жоқтың қасы. Осы бос кеңістікті азғындық пен қылмыс әлемі жайлап алуда.

         Әне-міне дегенше, жаңа оқу жылының басталуына да бір ай қалды. Ресми органдардың мәліметтері оқушылар қылмысының нағыз өршитін уақыты осы кез екенін айғақтайды. Себебі, өткен оқу жылында «мектепті ұстаған атаман» 11-сыныпты бітіріп кеткендіктен, ұлдар арасында лидерлікке талас басталады. Талас соңы төбелеске апарады, «разборкаға» ұласады. Ал, баланың көңілі далаға ауған осындай кезде, өкінішке қарай, ананың көңілі балада болмай шығады. «Ата-ана көбіне айыпты балаға «Сен кімнен кем болдың? Қарның тоқ,  көйлегің көк» деп ұрсып, жазғырады. Оған шын мәнінде алақан жылуы жетпейді, сырын бөлісер жанашыры жоқ, — дейді мектеп психологтары. Ал, сөмкесіне кітап емес, қару салып келетін оқушыдан қорыққан кейбір ата-ана баласын мектепке жіберуге алаңдайды. 

        PS: Осыдан біраз жыл бұрын Қазығұрт ауданының Алтынтөбе ауылында болған оқиға көпшіліктің жадынан ұмытыла қоймаған болар. Ауылдағы орта мектепте балаға төмен баға қойғаны үшін қазақ тілі мен  әдебиеті пәнінің мұғалімі оққа ұшқан болатын. Ал, мұндай қаныпезерлікке қолы барған қандықол қылмыскер емес, аузынан уызы кеппеген өз оқушылары болып шыққан еді. Бұл оқиғаны жергілікті билік пен білім саласы кезінде жасырып-жабумен әлек болғаны мәлім. Бірақ, Алтынтөбеде атылған оқ «ауруды жасырғанның» ақыры қандай болатынын әркез еске салып тұратынын уақыт дәлелдеді. Ендеше, жасөспірімдер қылмысына келгенде «жауырды жаба тоқымай», оның себебімен күресетін уақыт жетті.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *