Әлеумет

Құрбандықты онлайн шалуға болады

Ертең, 31-шілде — барша мұсылман қадір тұтқан құрбан айт мерекесі! Дінімізде бұл мерекенің алар орны ерекше. Өйткені, қасиетті Құрбан айт елдің бірлігін күшейтіп, өзара бауырластықты арттырады.

Бұл мерекенің тарихы сонау Ибраһим (ғ.с.) пайғамбар заманынан бастау алады. Құрбан шалу – Ибраһимнің (ғ.с.) сүннеті болып, кейінгі мұсылман үмбеттеріне де дәстүр болып қалды. Мейрамның аты айтып тұрғандай, Алланың разылығы үшін жүрегі ізгі жандар құрбандық малын сойып, етінен тұрмысы төмен отбасыларға таратады. Мүмкіндігінше садақасын да мұқтаж жандарға береді. Бұл күні мүмкіндігі бар әрбір мұсылман баласы Алла Тағаланың ризашылығы үшін құрбандық шалуы тиіс.

Айта кетерлігі, құрбандық шалу тек мал бауыздаумен ғана шектелмей,  адамның ішкі ниеті, шын пейілі, дінге бекемдігі, тақуалығы, басқаларға жанашырлығы таразыға түседі. Сондай-ақ, пенденің пендешілігі мен мәрттігі, сараңдығы мен жомарттығы да сыналады. Əрбір жағдайы бар əрі жолаушы емес мұсылманға құрбандық шалу – уəжіп (мұсылмандық міндет). Құран Кəрімде: «Раббың үшін намаз оқы жəне құрбандық шал» деген əмір бар.

Құрбандық қалай шалынуы тиіс? Ең алдымен құрбан шалынатын жер таза болуы  тиіс. Малды соятын жерге ұрмай-соқпай апарып, оны құбылаға қаратып, сол жағымен жатқызылады. Сосын «Иә, Алла Тағалам, Ибраһим мен Мұхаммед пайғамбарлардан қабыл алғаныңдай менің де құрбандығымды қабыл ала гөр!» деп бата жасалады. Сосын «Аллаһу акбар!» және «Лә иләһа иллаллаһ» деп айтылып тұрады. Құрбан шалатын адам малды қинамай, жұмсақ бауыздауға көңіл бөлуі керек. Малдың көзінше пышақты жалаңдатып қайрауға болмайды. Пышақ өткір болуы тиіс. Өйткені, Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.): «…Құрбан шалатын адам пышағын жақсылап қайрасын, малды қинамай, жұмсақ бауыздасын»,– деген хадисі бар. Міне, мұның өзі асыл дініміздің адам тұрмақ, малдың өзіне жәбір көрсетпеу керек екенін ұқтырып отырған жоқ па?!

Кез-келген мал құрбандыққа жарамайды. Құрбандыққа қой, ешкі, сиыр, түйе малының еркектері де, ұрғашылары да жарамды. Қой мен ешкі төлінің ең кемі бір жасар болуы қажет. Дегенмен, алты айлық қозы бір жасар қой секілді ірі, қоңды болса құрбандыққа жарамды. Ал, ешкі міндетті түрде бір жасқа толған болуы қажет. Сиыр екі жасқа, түйе бес жасқа толғанда құрбандыққа шалуға болады. Сондай-ақ, құрбандық малының дені сау, етті және дене мүшелері түгел болуы керек.

Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) қызы Фатимаға (р.а.): «Құрбандығыңа куә бол. Өйткені, құрбандықтың ең алғаш тамған қанымен барлық қате-кемшілік кешіріледі», – деген екен. Адам құрбандықты өз қолымен бауыздағаны абзал. Өйткені, бұл – құлшылық амал. Мал бауыздай алмаған жағдайда қасапшының жанында тұрып, өз көзімен көргені дұрыс. Мұсылман баласының құлшылық амалдары жамағатпен және ауызбіршілікпен атқарылады. Құрбан айт – соның үлкен айғағы. Бұл мереке исі мұсылманның бірлігі мен берекесін паш етеді. Құран Кəрімде: «…Одан өздерің де жеңдер жəне мұқтажға да жегізіңіздер», – деген аят бар. Құрбандық етін үшке бөліп таратады. Бір бөлігі өзіне қалады, екінші бөлігі ағайын-туыс, көршілерге беріледі, үшінші бөлігі көмекке мұқтаж кісілерге үлестіріледі. Мешіттерімізде жыл сайынғы қалыптасқан дәстүрге сай құрбандық еті əлеуметтік аз қамтылған, көп балалы жəне жағдайы төмен отбасыларға таратылады. Ескере кететін жайт, құрбанға шалынған малдың ешқандай бөлшегінен қасапшының ақысы ретінде төлеуге болмайды. Бұл жөнінде сахаба Әли (р.ғ.) былай дейді: «Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) түйелер құрбандыққа шалынған уақытта басында тұруымды және терілері мен жүндерін таратуымды әмір етті. Олардың ешбір нәрсесін қасапшы ақысы ретінде беруге маған тыйым салды. Қасап ақысын біз өзіміз беретінбіз». Сондай-ақ, Ораза айтта пітір садақасы берілсе, Құрбан айтта жай садақа беріледі. Құрбандық малы Құрбан айт намазынан кейінгі үш күн ішінде сойылады.

Биыл қасиетті Құрбан айт мерекесі  31 шілдеге сәйкес келіп тұр. Бұл туралы Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы хабарлауымен,  30 шілде – Арапа күні,  31 шілде мен 1-2 тамыз күндері – Құрбан айт. Өкінішке қарай, карантин режимінің ұзартылуына байланысты мешіттерде айт намазы оқылмайды. Алайда ел азаматтары Құрбан айтта құрбандық малын қашықтан тапсырыс беру арқылы шала алады. Құрбандық малды 31 шілдеде күн шыққаннан кейін бір сағат уақыт өткеннен соң үш күн бойына шалуға болады.

Айта кетейік, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасында Qurban2020.muftyat.kz сайты іске қосылды. Сайт арқылы қазақстандықтар ешқайда бармай-ақ құрбандық шалуға онлайн тапсырыс бере алады. Алла ниеттеріңізді қабыл етсін!

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *