Қоғам

Жолдау жүктеген міндеттер

Шымшаһарда жүзеге асуда…

  Жол құрылысы мен аулалар қала әкімінің назарында                   

ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына арнаған  Жолдауында Үкімет пен жергілікті биліктегілерге халықтың жағдайын жақсартуға арналған бірнеше міндеттер мен тапсырмаларды жүктеген болатын.  Соның бірі — инфрақұрылым жұмысын сапалы жүргізу. Бұл туралы Мемлекет басшысы «Ең ірі үш қала әкімдіктерінің құзіретін, соның ішінде қала құрылысы саясаты,  көлік инфрақұрылымы, қала сәулетін қалыптастыру саласындағы құзіреттерін  кеңейту керек. Еліміздің әр аймағының тұрғындарының таза ауыз суға,  табиғи газға, көлік инфрақұрылымына қол жеткізу деңгейі біркелкі емес екені белгілі. Осы теңсіздікті жою үшін жұмысты жандандыру қажет» деп нықтап айтқан болатын.

Өткен аптада пандемия дертінің екінші толқынын еңсеріп, еңсе тіктей бастаған үшінші қала қалыпты тіршілігіне орала бастады. Сәйкесінше, Шымшаһарда құрылыс жұмыстары қарқын алып, жол жөндеу, абаттандыру жұмыстарына баса назар аударылуда. Соның бірі — Шымкент қаласындағы Бадам шағын ауданына қарасты 195-орам тұрғындары биыл толығымен ауыз су мен көгілдір отын және электр жарығымен қамтамасыз етілетін болады. Аталған шағын ауданның тұрғындарымен кездескен Әл-Фараби ауданының әкімі Ғабит Мәуленқұлов осылай деді. Кездесу барысында аудан әкімі барлық инфрақұрылым жұмыстары аяқталған соң асфальт жол төселіп, қала орталығына қоғамдық көлікпен қатынайтынын жеткізді. Сондай-ақ, алдағы уақытта мектеп пен балабақша салынатынын да атап өтті. Бұған дейін 195-орамдағы 300-ге жуық отбасы ауызсуды тасымалдап ішсе, электр энергия жарығын жеке меншік қуат реттегіштен пайдаланып келген. Қазіргі кезде мамыр айынан басталған құрылыс жұмыстары тоқтаусыз жүріп жатыр. Жауапты мердігер компания «Жәнібек Айдос» ЖШС-нің прорабы Теңел Жақсымұратов нысанды қараша айында тапсыратындықтарын мәлімдеді.  Жауаптылардың айтуынша, 195-орамдағы инфрақұрылым мәселесі жыл соңына дейін толығымен шешіледі.

Қаладағы Еңбекші ауданында да көпқабатты үй аулаларын абаттандыру бойынша атқарылып жатқан  жұмыстар аз емес. Бұған дейін ауласы абаттандырылмаған 64 көпқабатты үйдің ауласы жаңартылып, ойын алаңдары орнатылуда. Сонымен қатар, 43 көппәтерлі тұрғын үйдің аулалары мен балалар ойын алаңшаларына қайта жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Бұл жұмыстарға биыл әр ауданның бюджетіне бөлінген 1 млрд. теңгеден 800 миллионнан астам қаржы қаралған. Оның ішінде арнайы мемлекеттік бағдарлама бойынша көпқабатты тұрғын үй ауласын абаттандыруға республикалық бюджеттен 75,8 млн. теңге бөлінген. Нысандар осы жылдың тамыз, қыркүйек айларында пайдалануға беріледі деп күтілуде. Осыған орай  Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов Еңбекші ауданының аулаларын абаттандыру барысымен танысты. Жұмыс сапасына баса назар аударған қала басшысы құрылыс материалдарына сапалы заттарды пайдалануды айтты. Ал, аудан әкімі Ғалымжан Ильясов ауланы абаттандыру бойынша атқарылып жатқан жұмыстар жайын баяндап, биыл 6 ашық спорт алаңшасы мен аула аралық тозығы жеткен 8 мекенжайдағы баспалдақтарды қайта құру жұмыстары жүргізіліп жатқанын атап өтті. Сондай-ақ, аудан әкімі 2021 жылы аудан аумағындағы 100-ден аса үй аулаларын жөндеу және балалар ойын алаңдарын қайта құру жұмыстары жоспарланғанын жеткізді.

Көп қабатты үй аулаларында осындай ауқымды жұмыстардың атқарылып жатқанына қарамастан, коммуналдық қызметтердің жұмысы көңіл көншітпейді.  Осыған байланысты ағымдағы жұмада өткен арнайы жиында Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов сала жұмысын қатаң сынға алып, тиісті басшылардан тәртіп орнатуды талап етті. Қала аумағына қоқыс контейнерлерін орнату, қоқыс жинау жұмыстары бойынша тұрғындар тарапынан наразылық көп екенін айтты.

—Қаланы аралау барысында коммуналдық қызметтер жұмысының өте нашар жүргізілетінін көріп жүрмін. Көптеген қоқыс алаңшаларына санитарлық тазалау жұмыстары жүйелі түрде жүргізілмейді. Ал аялдамалар мен көше бойындағы қоқыс жәшіктері үнемі толып тұрады. Бұл  аудан әкімдігі тарапынан бақылаудың жоқ екенін аңғартады, — деді қала әкімі. Сондай-ақ,  аудан әкімдері мен энергетика және коммуналдық шаруашылық басқармасы басшысының міндетін атқарушы Н.Жаманкөзге қоқыс жәшіктерін орнату жұмыстары кешеуілдеп жатқандығы туралы ескерту беріп, бос сөзден нақты іске көшуді тапсырды. Жеке сектор аумағында арнайы қоқыс алаңшасын орнату туралы тапсырмасының тиісті деңгейде орындалмағанын да атап өтті. Жиынды қорытындылаған қала басшысы алдағы уақытта айтылған сыннан қандай қорытынды шығарылатынын тікелей өзі бақылайтынын ескертті. Айта кетерлігі, жалпы Шымкент қаласында 488 қоқыс алаңшасында 2039 қоқыс контейнері бар. Оның 633 данасы жарамсыз болса, көп қабатты тұрғын үйлердің аумағына 762 контейнерді қосымша орнату керек. Биыл сатылып алынатын 1474 эко контейнердің жарамсыздарын алмастыру және жетіспейтін жерлерге қосымша орнату қажеттігі жоспарланды.

    Мемлекеттік қызметтерді үйде отырып-ақ алуда

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақстанның әлеуметтік жаңғыртылуы: Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамына қарай 20 қадам» материалында «Ақпараттық Қазақстан-2030» Мемлекеттік бағдарламасын әзірлейтін уақыт келді. Осынау стратегиялық құжатта «электронды үкіметті» іс жүзінде жүзеге асыру міндетін алға қоюдың маңызы зор. Электронды үкімет туралы арнайы заң қабылдап, мемлекеттік электронды қызмет көрсету үлгілерін әзірлеу қажет. Жергілікті деңгейде ақпараттық технологияларды пайдалану мүмкіндіктерін ұлғайту керек. «Электронды әкімдіктің» облыс, қала, аудан үлгісіндегі үш деңгейлі бірүлгілік сызбасын әзірлеу қажет. Сол сияқты азаматтардың барлық деңгейдегі әкімдердің, жергілікті шенеуніктер мен жергілікті өзін өзі басқару органдарының жұмыс тиімділігіне электронды баға беру жүйесін құру мүмкін­діктерін де зерттеу керек» деген болатын. «Электронды үкімет» құрудың тиіміділігі әсіресе қазіргі пандемияға байланысты карантиндік шектеу кезінде айқын сезіліп отыр.  

Шымкент қаласында бүгінде жұмыспен қамту және әлеуметтік басқармасы мекемесі тарапынан көрсетілетін мемлекеттік қызметтер онлайн түрде атқарылуда. Азаматтар http://egov.kz/cms/ru порталы арқылы басқарма тарапынан көрсетілетін барлық қызметтерге қол жеткізе алады. Қызметтердің қолжетімділігі бойынша басқарма қызметкерлері азаматтарға ұдайы түсіндіру жұмыстарын жүргізуде. Қазіргі кезде халықтың басым көпшілігі АХАТ тіркеу қызметі мен жұмысынан айырылған азаматтарға берілетін әлеуметтік көмек (42500 теңге) алу бойынша жүгінуде.

Айта кетейік, осы жылдың 21 шілдесі күні 117 туу туралы, 100 неке тіркеу және 1 неке бұзу куәлігі тіркелген. Аталған қызметтердің барлығын онлайн түрде рәсімдеуге болады. Азаматтар белгіленген үлгідегі дайын куәліктерін алу үшін басқармаға келуде. Ал жұмысынан айырылған азаматтарға берілетін әлеуметтік көмекті тұрғындар үйде отырып-ақ онлайн түрде сұраныс беру арқылы алуға болатыны түсіндірілуде. Карантин шектеулері инфекцияның таралуына жол бермеу мақсатында қолға алынып отырғаны белгілі. Сондықтан да басқарма мамандары тұрғындарға карантин шектеулері мен санитарлық талаптарды қатаң сақтауды сұрана отырып, әлеуметтік қызметтердің барлық түрі онлайн негізде қолжетімді екенін еске салады.

Мемлекеттік қызметтердің қала тұрғындарына қашықтықтан көрсетіле бастауы санитарлық талаптарды сақтауға байланысты қолға алынуда. Шымкент қаласында қазір пневмония ауруына шалдыққан науқастардың 80 пайызы  емделіп шықты. Нақтырақ айтқанда, жыл басынан бері пневмония ауруына шалдыққан 12595 науқас тіркелген болса, бүгінде оның 10263-і емделген. Бұл туралы Шымкент қаласының денсаулық сақтау басқармасы басшысының міндетін атқарушысы Тимирхан Варзилов ақпараттық-коммуникациялық орталығында өткен  брифингте мәлімдеді. Сонымен қатар, бүгінгі таңда емдеу мекемелерінде дәрілік заттың жеткілікті екенін атап өтті.

        — Шымкент қаласындағы медициналық ұйымдарда қосымша екі айға жететін дәрі-дәрмектер бар. Бұл қорда 328 027 дана температураны төмендететін препарат бар. Бұған қоса, вирусқа қарсы препараттардың 70 570 данасы, 135 мыңнан астам антибиотиктер, 79 800 антикогулянттар, 110 532 дана емге қажетті витаминдер бар,  — деді Т. Варзилов. Сондай-ақ, 1-шілдеден бастап жедел жәрдем қызметіне түсетін қоңырау саны 65 пайызға төмендеген. Бүгінде «103» қызметінде  жүз жедел жәрдем бригадасы халыққа шұғыл медициналық көмек көрсетуде. Айта кетейік, 15 шілдеден бастап «1430» онлайн кеңес беру мобильді қосымшасы іске қосылған болатын. Аталған сайтқа 486 дәрігер тіркеліп, халыққа тегін медициналық кеңес беруде.

Үшінші мегаполисте өзге бағытта атқарылып жатқан жұмыстар да баршылық. Соның бірі — Шымкент қаласы туризм басқармасының бастамасымен «Ескі қалашықтағы» қамалды қайта қалпына келтіру жұмыстары. Өткен аптада жобалық топтың қызметкерлерімен бірлесе гид-экскурсоводтарға арналған тест-тур өткізілді. Тур барысында экскурсоводтар қалашықтың негізгі нысандарымен танысып, алдағы уақытта жеке тәжірибесінде қолданатын ақпараттар алды.

Ескі қалашық «ҚР туристік саланы дамытудың 2019-2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы» аясындағы туристендіру картасының ТОП-50 нысанының тізіміне енгізілген. Болашақта жоба туристерді тартатын орталыққа айналып, «Тәуелсіздік саябағы», «Ордабасы» алаңы, Қошқар ата өзені секілді жақын орналасқан нысандармен бірлесе тартымды туристік дестинация ретінде қалыптасатын болады. Қазіргі таңда  құрылыс жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Онда амфитеатр, ежелгі мұражай мен галереялар бой көтеріп, қаланың көркіне айналады деп күтілуде. Туристер толастамайтын Ежелгі Римнің Колизейі секілді танымалдығын арттыру мақсатында біршама шаруалар атқарылуда. Қазіргі таңда салалық басқармамен нысан және жалпы кешен бойынша туристік маршрут әзірленуде. Бұған дейін «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасы аясында қалада археологиялық қазба жұмыстары жүргізіліп, онда ежелгі және ортағасырлық қаланың даму динамикасын сипаттайтын қызықты мәліметтер анықталған еді. Сол арқылы қаланың қалыптасу уақыты – б.з. д. 2 ғасыр екендігі нақтыланып, Шымкентке 2200 жыл толғанын тарихшылар дәлелдеген болатын.

Тарихқа бай, туристер мен қала қонақтарын өзіне ежелден тәнті еткен Шымкенттің болашақта да жасап, жайнай беруі үшін атқарылып жатқан тірліктер сан алуан. Мұның барлығы да елімізді көркейтуге бағытталған мемлекеттік шаралар мен жоспарлар аясында қарқынды дамуда.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *