Мәселе

Бірінші сынып қалай оқытылады?

Биыл білім саласы бірінші сынып бүлдіршіндеріне «Мектебің мынау, класың…» деп есігін айқара аша қоймайды. Себебі белгілі, елімізде пандемиялық дерттің үшінші толқынының күзде өршіп кету қаупі жоғары.  Осыған байланысты жаңа оқу жылында оқушылар қалай оқиды деген сауал ата-аналарды алаңдатып отырған болатын. Жақында бұл сұраққа Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов ресми мәлімдеме жасап, өзінің ұсынысында бастауыш сыныптарды қалай оқыту туралы айтқан еді. Ал, білім саласына жауапты мамандар: «Оқу барысында бала саны аз кіші топтар құрылып, бірнеше ауысым қарастырылады. Сабақтар әр сынып үшін бөлек бөлмеде өтеді. Оның үстіне кейбір пәндер қашықтан оқытылатын болады» деген болатын.

Оқу жылының қашықтан басталатыны оқушыларды қуантқанымен, ата-аналардың көңілі әлі де күпті. Бұл, әсіресе, мектеп табалдырығын алғаш аттайды деп отырған балалардың ата-анасын айтарлықтай алаңдатуда. Өйткені, әлеуметтік желі арқылы негізі қаланған білімнің зардабын ертең баламыз тартпаса игі деген олардың дені, тіпті, бірінші сыныпқа беруден бас тартып отырғанға ұқсайды. Өйткені, баланың даму сатысы, алғашқы сауат ашуы — әріпті қалай тануына тікелей байланысты. Ал, интернетпен оқыған сабақ ойдағыдай сауат ашарына көңіл күмәнді.

Тамыз айында балам алтыға толады. Мектеп директоры бірінші сыныпқа әкеле беріңіз деп отыр. Бірақ қашықтан оқыған жағдайда үлгерімі нашар болып кете ме деген күмән бар. Бұл жалғыз мені мазалап отырған  жай емес. Көршілерімнің біразы «қашықтан оқу баланың сауатына әсер етеді, келесі жылы бере саламыз» деп отыр, — дейді Шымкент қаласында тұратын Ұласбек Балқыбай (аты-жөні өзгертілді) есімді ата-ана.

Ата-аналар көңілін алаңдатқан жайттарды Шымкент қаласы мен  Түркістан облысы аудандарындағы білім саласына жауапты мамандарға көлдеңең тартқан едік. Шымкент қалалық білім бөлімінің баспасөз хатшысы Махаббат Махамбеткәрім бұл туралы:

Бастауыш сыныптарды, оның ішінде бірінші сыныптарды қалай оқыту туралы мәселе бойынша әзірше тек ұсыныстар әзірленуде. Бұл ұсыныста қаладағы мектептердің әрқайсысының ішкі жағдайы, оқушы саны, тағы басқа ескеретін жайттар назарға алынған. Биыл мегеполисте 24 мыңнан астам оқушы бірінші сыныпқа қабылданады деп күтілуде. Ал, соңғы шешім тамыз айының басында минситрлік тарапынан хабарланатын болады, — дейді. Ал, Жетісай аудандық білім бөлімінің басшысы Тұрсын Мырзалиевке хабарласқанымызда:

Бастауыш сыныптарды кезекші сыныптар ашып, онда бес-алты баладан аспайтындай етіп, барлық санитарлық талаптарды сақтай отырып оқыту туралы ұсыныс айтылған еді. Бірақ, біздің мектептерде ол талаптардың сақтала қоюы қиын. Өйткені, қалада халық саны тығыз, сәйкесінше оқушы да көп. Әр сыныпқа жиырма бес баладан келеді, оны екіге бөліп, арасын екі метр қашықтық сақтай отырып оқытқанның өзінде бір сыныпта 10-15 бала отыруға тура келеді. Бірақ, баласын бірінші сыныпқа бермей, келесі жылы оқытамыз деп отырған ата-аналар бірен-саран болмаса, жалпы ондай мәселе жоқ. Түсіндіру жұмыстары жүргізілуде. Бірінші сынып оқушыларының құжаты тоқсан пайыз қабылданды,  — дейді.

Ал, Отырар ауданында бұл жағдай керісінше. «Әр мектептің мүмкіндігі әртүрлі. Бізде баламды оқуға бермеймін деп отырған ата-ана жоқ. Халық саны  қаладағыдай тығыз орналаспаған. Бала саны аз болғандықтан мектепте оқытуға жағдай бар», — дейді аудандық білім бөлімінің басшысы Жанат Мұсатаева.  

Иә, оқушының бірінші сыныпты мектеп партасында отырып немесе үйден оқуы туралы қоғамдық пікір, мамандардың ойы әзірге екі жарылып тұр. Бірі «бала денсаулығынан маңызды ешнәрсе жоқ» десе, екіншісі «білімнің іргетасы бірінші сыныпта қаланады, қашықтан оқыту арқылы болашағына балта шауып аламыз» деуде. Ал, нақты нүктені тамыздың басында министрлік қоятын болады. Десек те, ескеретін жайттар бар. Биыл ата-аналар білім сапасына күмәнмен қарап отыр. Оның үстіне қайта оралған әліппенің келесі жылдан бастап қана оқытыла бастайтынын білген соң, ата-ана баласының алғашқы сауатын А. Байтұрсынұлының оқулығымен ашқанды жөн санап отыр. Мұндай жағдайда биыл бірінші сыныпқа баратын бала таппай, ал келесі жылы мектептерде оқушы саны күрт көбею ықтималдығы зор. Жергілікті мамандар министрлікке әзірлеп жатқан ұсыныстарында осы жайтты да ескеруі тиіс деп ойлаймыз.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *