Өмірдің өзі

Медицина бизнеске айналған ба?

Медицина деген қызық, мемлекеттігіне барсаң, сенен сау адам жоқ. Жекеменшігіне барсаң, сенен ауру адам таппайсың. Себебі, мемлекеттігінде «сау болғандықтан» сенен тез құтылады. Жекеменшікте сен «ходячий кошелёксің». Ақшаң көп болса, денің сау. Ал ақшаңды аясаң, медицинаға өкпелеме. Ал ақшасы жоқ, пара алмайтын сорлылар ше? Өз обалың өзіңе.

Әрине, жанға дауаны сатып алған соң ол бизнес. Бірақ, бизнес үшін неге адамдардың салығынан жиналған ақшадан оларға айлық төленуі керек? Бәрі түгел жекеменшікке өтсін ендеше! Оларға бекерге төлеген ақшаны таңғы 5-те тұратын қоғамдық көлік жүргізушілері мен қоқыс жинайтындарға көтере қою керек ал! Неге «Бекерге» дегендерге айтайын: невропатологқа қаралып, алты ай немесе бір жыл сайын ем алуым керек (қызығы сол, бұл менің мед.тарихымда жазылмаған). Бірақ, невропатологтың «тапшылығынан» дәрігерге жазылып кіру ақырет. Жазыласың. Бір айдан соң кезегің келеді. Кезегің келетін күні өңірде аса маңызды іс-шара өтеді. Жұмыстан босамайсың. Сосын қайтадан келесі айға қабылдауға жазылып кетесің.

Айлап жүріп, жылға жетеді ол қабылдау. Ал емнің уақыты өтіп бара жатыр. Болмаған соң дәл сол емханаға, дәл сол дәрігерге ақылы тұрде жазылып, түбіртек алып кіресің. Орын да бар. Кезек те бар. Бірде солай ақылы түрде келдім. Кезекте екі адам отырмыз. Іште бір адам бар. Кезек күтіп отырған келіншек сөзге тарта берді. Өзінің жағдайын айтты. Менің денсаулығыма шағымымды сұрады.

«Ойбу, порталға тіркелмейсіз бе? Біз олай шыдап жүре алмаймыз. Мен жыл сайын «санаторийге» жолдама аламын. Жылына екі рет. Біреуі өзімді сауықтыру үшін, екіншісін қызымды сауықтыру үшін», – деген келіншектің әңгімесі таң қалдырды.

— Ақша бердің бе? — дедім

— Жоооқ, тегін.

— Қай жерде жұмыс істейсің?

— Мен жұмыссызбын. Үйдеміз, – деп қысылғандай күлді ақжарқын келіншек.

— Онда мына айтып отырғаныңның бәрін қайдан білесің? Сен қатарлы үйде отырғандар санаторийге бару тұрмақ, өзіне тиесілі дәрігерлік қызметті пайдалана алмай, тоз-тозы шығып, ақырын «Хронический больноймен» аяқтап жүр ғой? – дедім мен де таңданысымды жасыра алмай.

Ақкөңіл келіншек екен, ол да бар шынын ақтара салды.

– Ой, менің күйеуім дәрігер ғой. Біз өзімізге тиесілі қызметтің бәрін тегін пайдаланамыз. Ақымызды жегізбейміз ғой. Сәл дұрыс болмаса, күйеуім өзі реттейді, – деп мәз болды.

Бәсе! Қайдан ғана! Ол келіншектің ішінде жаман ой жоқ, турасын айтып отыр. Бірақ, мен қызғанып кеттім бе, көре алмай қалдым ба, ішім күйіп кетті. Дәрігердің әйелімен ары қарай сөйлескім келмей қалды…

Телефонымды шұқыған болып әрірек кетіп қалдым да, әй бір сыбап, қарғанғандай болдым. «Әттәңа қоқилар-ай»… Сондағысы, төрт жасар қызының «Р-ға» тілі келмейтіндіктен портал туралап, шипажайға барады. Ал мен енеме былтыр «бәлеқорлығыммен» өмірінде бір рет демалысқа жолдама алып бердім. Жүрегі шыдатпаған соң… Гәптес кемпірлері бар ғой, 3-6 ай сайын шипажайға жолдама алып, ем алғанын мақтанады. «Кішкене шайпұлын берсең болды, дәрігер қойып береді» деп жолын айтып қояды. Енем де, атам да тұрақты түрде дәрімен жүрген кісілер. Бірі инсульт алған. Бірі инфаркт. Оларға қайдағы шипажай? Шауып жүр ғой. Үлкендердің ауруын «кәрілік» деп жауып құтылудан біздің емхана дәрігерлері алдына жан салмайды.

Бұндай жағдай көп. Өте көп. Ести бересің. Ести бересің. Құлақ жауыр болып тынды. «Өздерің құқықтарыңды пайдаланбайсыңдар ма енді?» деп үзіліп кетейін деп сызылатыны тағы бар ғой. Қалай ішің күймейді, ә? Ел болып салықты төлеп, МӘМС аударып, емханаларды қаржыландырып отырмыз. Ал олар бүкіл тегін қызметті тек өздерінің туған-туыстары мен сыйлы кісілерінің туған-туыстарына бұрып отыр. Дәлел ма? Дәлел менің шашымнан көп.

Қазіргі елдің қынадай қырылып жатқаны ауруханадағы емдеуші дәрігерлердің емес, осы емханадағы дәрігерлердің арқасында «жеткен жетістігіміз». Айтпақшы, қазір енем аяғын баса алмай әрең жүр. Алдыңғы апта үш күн ыстығы көтеріліп, есімізді шығарды. Бір кісілер айтпақшы дұға етіп, «Алла» деп отырмыз…

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *