Өмірдің өзі

Абысын белгілі, ал ажын кім?

Қазақтың туыстық атауларында бізге сыры беймәлім сөздер де кездеседі. Жақында бір танысымыз: «Қайынәпкемнің жолдасы, яғни жездем «Осы «абысын» деген кім екені белгілі, ал, «ажын» деп кімді айтамыз»? деген сауал қойды. Расында, күтпеген сұрақтан тосырқап қалдық. Жездеміз сөйтсек: «сенің келіншегің маған келін емес, ажын болып келеді» дейді. Бағамдасақ, халқымызда «абысын-ажын»,  «дос-жаран», «жекжат-жұрағат» «бала-шаға» деп қосарлана айтылатын туыстық атаулар көп. Осы сөздердің екінші тіркесіне мән бересіз бе?

Біз осы жайттан кейін абысын сөзімен қосарлана айтылатын ажын сөзінің мағынасына үңіліп көрген едік. Жалпы, абысын-ажын жоғарыда айтқанымыздай, туыстық қатынасты білдіретін  ұғым. Тіл мамандарының зерттеуінше, «абысын» сөзі  — «апа», «сыңыл» (сіңіл) сөздерінің фонетикалық, семантикалық өзгеріске ұшыраған формалары. Сонда қос сөздің ежелгі лексикалық мәнін апалы-сіңлілі әйелдер деп түсінуге болады. Зерттеушілер мұндай тіркестің тілімізде неліктен қолданыс тапқанын да түсіндіріп береді. «Ер Төстік» ертегісінде ежелгі замандарда бір отбасында қанша ер бала болса, екінші бір отбасында сонша қыз бала табылғанда ғана құдалық жасайтын дәстүр болғандығы аңғарылады. Еске түсірсек, Ерназар балаларына қалыңдық іздеп жүргенде бір үйде ілулі тұрған сегіз сырғаны көріп, жылай бастайды. Бәйбіше: «Не болды?» деп сұрағанда: «Тоғыз ұлым бар еді, бір сырға жетпей тұр» деп жауап береді. Сонда бәйбіше: «Сегіз қызым бір төбе, Кенжекейім бір төбе» деп басқа бір жерден тоғызыншы сырғаны алып көрсетеді. Содан кейін ғана құдаласады. Осылайша бір отбасына келін болып түскен апалы-сіңлілі қыздар «абысын-ажын» болған деген тұжырым жасалады. Кейін келе бір аталықтан, тіпті бір рудан апалы-сіңлілі қыздарды алғанда да бұл қос сөз өз мәнін жоймағанға ұқсайды. Сонымен біздің заманымыздағы «апалы-сіңлілі әйелдер» ұғымы көне тілде «абысын-ажын» тұлғасында айтылып, қазірге дейін жетіп отырғандығы туралы деректер бар. 

Тіл мамандары сондай-ақ, орыс тіліндегі «жена» (әйел) сөзінің көне түркілік «ажын» сөзімен дауыссыз дыбыстары бірдейлігінде бір сыр бар екендігін айтады. «Ажын» сөзіндегі «ж» әріпі өзгеріске ұшырап барып пайда болғандығына дәлелдер келтіреді. Ал, қазақтың қос сөздері туралы белгілі жазушы Мархабат Байғұт:

—Қазақтың қос сөздері халқымыздың ерекше танымынан, тарихи тағдырлы жылдарындағы ойынан қалыптасып, әбден сүзгіден өткен. Ата-бабаларымыздың ойы, арман-аңсары, тұрмысы сөздерге байланысты болған соң мыңдаған жылдар бойы қолданысқа енген. Қазақ тіл ғылымын ғалымдар әркезде зерттейді, түрлі ғылыми еңбектер қорғады. Ал, жазушы ретінде айтар болсам, қос сөздердің екінші сыңары кейде мағыналы, кейде мағынасыз болып келеді. Біріншісі, мағыналы сөздердің жылдар бойы бірігіп, қосарланып айтылып жүріп бір ұғымға айналуы. Ал, мағынасыз болып келетіні — кейбір сөздер қолданылу мәнеріне қарай өзіне сыңар тілеп тұрады. Мысалы, шай-пай, нан-пан деген сөздер бір-біріне ұқсас, ұйқас, ұнасымды болған соң бірдей қолданылып кеткен. Қазақта бұрыннан келе жатқан жөн-жосығы бөлек деген сөз бар. Өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдарында мен осы сөзді әңгімелерім мен мақалаларымда әсерлендіру, құнарландыру, күшейту үшін «жөні бөлек, жосығы ерек» деп құбылттым. Бұл сөз қазір қолданысқа еркін еніп кетті. Кейбір басылымдарда тақырыпқа қолданылып жүр, бірақ ешкім бұл тіркестің меніңкі екенін біле бермейді. Сондай-ақ, халқымызда «талан-таражға салды» деген тіркес бар. Мен осы сөзді алғашқы нарық жылдарындағы өтпелі кезеңде «таланға түсіп, таражға кетті» деп жаздым. Жазушы ретінде қос сөздерді құбылтуға, екі сыңар сөздің де мағынасын айшықтап, әдіптеуге осындай қадамдар жасағаным бар, —дейді бізбен әңгімесінде.

Қазақ ұлттық энциклопедиясын ақтарғанда, «абысын-ажын туыстық қатынасты білдіретін ұғым. Ағайынды жігіттердің әйелдері бір-біріне aбысын-ажын болады. Көбінесе aбысын-ажындар өзара сырлас, мұңдас, тату тұрады. “Ағайын тату болса — ат көп, абысын тату болса — ас көп” деген мақал oсыған орай айтылған. Қолданыстағы «Абысын-ажын» деген қос сөздің әрқайсысының көне түркі-моңғол тілдерінде жеке-жеке мағынасы болған. Келін ағаның әйелін «абысын», ал абысын інінің  әйелін «ажын» деп атаған» деген түсініктеме жолдар бар. Демек, ағаның әйелі —абысын да,  інінің әйелі ажын болып келеді.

Халқымыздың біз жоғарыда айтқан туыстық атауларына байланысты сіздің де айтар ой-пікіріңіз болса, хабарласыңыз, құрметті оқырман!

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *