Өмірдің өзі

«Ауылда жазушы емес, көптің бірі ғанамын»

 Алпысбай БОРАНБАЕВ, сатирик жазушы:  

—Алпысбай аға, өткен ғасырдың соңғы жылдарында «Пойызға мінсеңіз, кітап сатып жүр бір семіз. Алпысбай Боранбаев, аты-жөнін  білсеңіз» деп өлеңдетіп, пойызда төл туындыларыңызды сатып, қалың оқырманға танылған жазушы болдыңыз. Алпысыңызда «Алпыстағы Алпысбайдың алпыс жердегі алпыс тоғыз минуттық кездесуін» өткіздіңіз. Биыл жетпіске келіп жым-жырт жатқан өзіңізді оқырман ұмытып кетпеді ме?

         —Ұмытса ұмытқан шығар, қазір ешкім кітап оқымайды, ешкім кітап сатып алмайды. Жиырма жыл пойызда жүрдік, енді пойызда да жүргізбей қойды. Сондықтан, Ақбиік деген ауылымда, табиғаты тамаша Түлкібасымда зейнет демалысындамын. Немере бағамын, телефоннан саяси хабарлар тыңдаймын. Ауыл өмірі баяғыдай қайнап жатқан жоқ, бәрі өз тіршілігімен. Жастар күнкөріс қамымен басқа қалаларда, жұмыс жоқ. Жері мен малы барлар  аздап сонымен айналысады.

         —Ендеше, сатираның қазанын сақылдап қайнатқан сол бір отты жылдарды оқырман назарына қайта оралтсақ. «Қожанасырдың қоржынына» қай жерден, қай кезден бастап таластыңыз?

—  Түлкібас ауданы, Ақбиік ауылындағы Боранбай деген шалдың  баласымын. Шалдың жалғызы болғаннан кейін бетімнен ешкім қаққан жоқ. Менен 5-6 жас үлкен Жақсылық деген ауылдасымыз болатын. Соған еріп,  ешкімге айтпастан Жуалыға жаяу асып кеткенім бар. Үш-төрт күн үйдің бетін көрмедім. Әке-шешем әбден уайымдаған. Осындай әпенділіктерім болатын.

Әйтсе де, кітап десе ішкен асымызды жерге қоямыз. Асқар Тоқмағамбетов, Сейіт Кенжеахметов, Шона Смаханұлы, Оспанхан Әубәкіров сияқты  тілінің тікені бар сықақшылардың шығармаларын жата-жастана оқимын. Жаттап алып, сахнаға шығарамын. Бірде түлен түртіп, өлең жазуға әуестендім. Аудандық газетке жазған-сызғандарымды апарып беремін, баспайды. Бір күні Алматыда троллейбуста келе жатсам, әдеттегідей қолымнан тастамайтын кітаптарға әлдекім жармасады.

         — Әй, бала, мынау қандай кітап, қайдан алдың? Өзің сықақты жақсы көресің-ау, — дейді. Сайтанға ұқсап қайдан сап ете қалды деп жауап беруге асықпадым. Аялдамадан түсіп едім, жаныма келіп отырып алды. Таңдамалы сықақтар жазылған альбомымды ақтарып отырды да «мынау менікі, мынау менікі» деп санамалай бастады. Сол кезде таңданғанан аузыма сөз түспей «Ойбай, Шонасыз ба?» деппін екі көзім алақандай болып. «Иә, Шона Смаханұлымын» деді ол кісі жайбарақат. Сөйтіп, мекен-жайын беріп қоштасты. Кейін бірге араластық. Қожанасырдың қоржынына жармасуыма бірден-бір ықпал еткен сол кісі.

— Нарықтың қиын жылдарына төтеп беріп, пойызда өз кітабын өзі сатқан жазушы сіз ғанасыз. Идея қайдан туды?

      — 1993 жылы Қызылордаға кетіп бара жатқанымда вагондарды аралап сусын сатып жүрген екі келіншекті көріп, ойға қалдым. Неге пойызда кітап сатпасқа? Тәуекел дедім де, жинақтарымды қоржынға буып-түйіп, сатуға шықтым. Шеткі вагонға кіріп бір саудагерге «кітап сатып жүрмін» дегенім сол еді, әлгі «бері келіңдер, мұнда жазушы кіріп кетіпті» деп айқай салмасы бар ма? Алушылар аз болған жоқ.

Пойызда қызық оқиғалар да көп болатын. Әсіресе, біздің қазекемде неше түрлі адам аттары бар екенін жол үстінде білесіз. Білесіз де, күлесіз. Кітабымды сатып алған Москва атты келіншекке қолтаңба жазып бергенмін. Сол кездегі одақтас елдер астанасының құрметіне ата-анасы көп ойланбай-ақ осылай атай салғанға ұқсайды. Ал, тіпті бір оқырман әйелден қолтаңба жазғалы атын сұрағанымда «Жақсы екен» деген жауабына түсінбей, «Есіміңіз кім?» деп қайта бетіне қараппын. Тағы да «Жақсы екен» дейді. Сөйтсем, аты  Жақсыекен екен. Мұндайды кім естіген?

— Жаңа ғасыр оқырмандары «2030-шы жыл екен» атты өлеңінізді

    жатқа оқыды…

         —  Ол пойызда шығарған өлеңдерімнің бірі. Кітап алушылар азайып,

  жазу-сызудың салмағы жеңілдей бастаған кезде толғанғанмын.

         2030-шы жыл екен…

         Өлмеппін, әлі тірі екем!

         Федерациясын футболдың

         Қазақ басқарып жүр екен.

         … 2030-шы жыл екен

         Шетелдіктер дорба арқалап,

         Жұмыс іздеп бізде жүр екен.

         Бір француз, бір жапон,

         «Қой бақсақ қалай болар?» деп,

         Қазақша сөйлесіп тұр екен, — деген шумақтар еліміздің ертеңіне деген арманнан туған. Жалпы, өз басым сатираны әдебиеттегі оппозиция жанры деп білемін. Қоғамның дамуы барысында адам мен заманның кемшілігін сынау сатираның маңдайына жазылған. Сықақтың түпкі мақсаты күлдіру емес, ойландыру, оның бір ауыз сөзі адамды ойға салса немесе сыналған кейіпкер өзін-өзі танып, ұялса болды.

          — Сатира жанрының бүгіні туралы не дер едіңіз?

Қоғам үшін бұл жанр керек. Ол әлсіреген шығар, бірақ өлтіру мүмкін емес. Өйткені, ол – қоғамның дәрісі. Бірақ кейде біреулер «сатира жоқ» десе,  қоғам бас шұлғып отыра бермеуі керек. Ол адамға «соңғы рет кімнің шығармасын оқыдың және қандай сықақшыларды білесің?» деп сұрақ қойыңызшы. Өкінішке қарай, қазақ сатирасын соңғы кезде әзіл-сықақ театрларының деңгейімен өлшеп жүрміз. Алайда, халықты жеңіл-желпі дүниемен алдауға айналдырғысы келетіндерді сатира театры емес, күнкөрістің қамымен жүрген көркемөнерпаздар үйірмесі дер едім. Белгілі сықақшы  Толымбек Әлімбек бұл туралы «сатира әдебиеттің бір саласы болғандықтан, ол көркем дүние болуы тиіс» дейді. Расында, аталған театрларда сол көркемдік кемшін. 

          — Алпысбай аға, өзіңіз жұртты күлдіріп жүрдіңіз, ал өмір сізге күліп қарады ма?

— Жазушы Мархабат Байғұт маған «Өмірді сықақ деп ұғасың» деп кейде ұрсып алады. Негізінде жиі ашуланбаймын. «Әттеген-айлар» да жоқ емес. Кейде шығармашылық ортаны сағынасың. Ауылда мен жазушы емес, көптің бірі ғанамын. Әдеби басқосуларға шақырып, кеш өткізіп, шығармаңды талқылап жатқан және біреу жоқ. Құдайдың зарын айтпай, үйдегі барын айтсам,  бір әйел, алты балам бар. Оның бәрін пойызда кітап сатып жүріп оқытып-шоқыттым. Ал, тәрбиесі жұбайым Толғанайдың мойнында болды.

         — Әңгімеңізге рахмет!

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *