Әлеумет

Жаңа жобалар мегаполистің әлеуетін арттырады

                      Қаратауда қарқын алған тірлік көп

         Қаратау ауданы Шымкент қаласына жаңадан қосылған аймақ болып саналады. Сондықтан да, ауданда инфрақұрылым, құрылыс жұмыстары қарқынды. Жаңа жолдар мен абаттанған аулалардың иглігін ең бірінші аудан орталығындағы «Нұрсәт» шағынауданының тұрғындары көріп келеді. Жарықтандыру, байланыс желісі мәселелері де жолға қойылған.

Бүгінде Қаратауда 47 мыңнан астам тұрғын үй бар. Оның 80,8 пайызы мемлекеттік қуат көзіне қосылған. Ал, қалған 19,2 пайызы жекеменшік  трансфарматордан қуат алады. Қазір аудандағы бірнеше шағынауданда электр желілерін тарту жұмыстары жүргізіліп жатыр. Атап айтқанда, былтыр  «Достық» тұрғын алабындағы электр желілерінің құрылысына бюджеттен 400 миллион теңге қарастырылып, жұмысы басталған болатын. Биыл тағы 240,6 миллион теңге бөлініп, электр бағаналары орнатылуда. Жалпы жоба құны 848,1 миллион теңгені құрайды. Мердігер «ҚазАльфаСтрой» компаниясы электр желісін келесі жылдың қараша айында құрып бітіруі тиіс. Нәтижесінде 47 шақырым желі және 13 дана КТП орнатылатын болады. Мұнан өзге Тұран  шағынауданында электр жарығы құрылысына биылдың өзінде 256, 3 миллион  теңге қарастырылып, «АБМ Билдинг» ЖШС-ы тарапынан жұмыстары басталды. Жалпы құны 2 миллиардтан асатын жоба 2021 жылы қараша айында қолданысқа беріледі. Ал, «Асар-2» шағынауданындағы электр желілерінің құрылысына 2019 жылы бюджеттен 700 миллион теңге қарастырылған. Биыл  болса 474,8 миллион теңге бөлініп, құрылыс жұмыстары атқарылып жатыр.  Құны 1 млрд. теңгеден асатын қуат желісін «Ремстрой Алматы» компаниясы күзде салып бітуі қажет. Мұнан  бөлек, Қаратау ауданындағы Тассай, Азат,  Қайтпас шағынаудандарында да электр бағаналарын орнату жұмыстары жүруде.  

Ауданда газ құбырларын тарту жұмыстары да қарқын алып келеді. Тұрғын үйлерге табиғи газ берілгенге дейінгі барлық жүйелер дайын болуы үшін құрылыс жұмыстары қыза түскен. Нақтырақ айтар болсақ, наурыз айында Тұран шағын ауданын табиғи газбен қамтамаыз ету бойынша магистралды жүйенің құрылысы бастау алған еді. Бүгінде «StroyGazCompany» компаниясы жұмыстың 1-кезеңін қараша айында аяқтауды жоспарлап отыр. Сондай-ақ, Қайнарбұлақ тұрғын алабында да магистралды газ құбырының құрылысы жүргізіліп жатыр. Достық және Асар шағынаудандарының да көгілдір отынға қосылар кезі алыс емес. Достықта 46,06 километрді құрайтын, ал Асар  шағынауданында 50,4 шақырым болатын ішкі орамдық жүйелердің құрылысы жүргізілуде. «Газовое хозяиство Шымкент газ» ЖШС, «Отау Строй» ЖШС компаниялары құрылысты толығымен келесі жылы аяқтайтынын айтуда. Сонымен қатар, Азат шағынауданында табиғи газ жүйелерінің құрылысын жүргізу үшін жергілікті бюджеттен 30,7 миллион теңге қаржы қаралып отыр. «Ынтымақ бес арыс» компаниясы құрылыс жұмыстарын мамыр айында бастаған болатын. Жалпы құны 236,3 миллион теңгені құрайтын жоба құрылысы кесте бойынша келер жылы аяқталуы тиіс.

Үшінші мегаполисте биыл сәуір айында басталған орташа жол жөндеу жұмыстары да аяқталды. Ұзындығы 7 шақырымнан асатын ішкі көше жолдарының құрылыс жұмыстары толығымен аяқталып, пайдалануға берілген  болатын. Әрбір атқарылып жатқан жол құрылысы жұмыстарын қала әкімі Мұрат Әйтенов қатаң бақылауға алған еді. Жол құрылысы жұмыстарын  жүргізуде де Қаратау ауданы тарапынан атқарылып жатқан тірліктердің үлесі мол. Бүгінде аудандағы Сайрам тұрғын алабы Фурхат, Атой 1,2,3 көшесіне мердігер мекеме «Теміртас» ЖШС-і орташа жөндеу жұмыстарын жүргізді. Бозарық тұрғын алабындағы Ұста Мұхаммед көшесінен бастау алатын атауы жоқ көшеде орташа жөндеу жұмыстары аяқталды. 

                   «Абай» ауыз су мен газбен қамтылуда  

Шымкент қаласында тұрғындарды таза ауыз сумен қамтамасыз ету мәселесі назардан тыс қалған емес. Қазір Абай ауданындағы 5 тұрғын алап пен  2 шағын ауданды сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету мақсатында құрылыс жұмыстары жүріп жатыр. Сондай-ақ, Жиделібайсын мен Гагарин көшелерінің қиылысынан Көкбұлақ тұрғын алабына дейінгі 28,3 шақырымды құрайтын  магистралды су жүйесінің құрылысы да кестеге сәйкес атқарылуда. Қазіргі таңда аудан тұрғындарының жетпіс сегіз пайызы ауыз сумен қамтылған.  Аталған құрылыс жұмыстары аяқталған жағдайда ауданда ауыз сумен қамтылатын елдімекендер саны 31-ге жетіп, 87 пайызды құрайтын болады.  Жыл соңында Жаңаталап, Игілік, Қызылжар, Тәуелсіздікке 20 жыл, Көкбұлақ  тұрғын алабындағы 3500-ге жуық отбасы сапалы ауыз суға қол жеткізеді.  Мердігер компаниялар құрылыс жұмыстарын қарқынды жүргізуде.

Қала әкімі Мұрат Әйтенов шаһарды газбен қамту мәселесін де жіті бақылауға алуда. Осыған орай, қаланың шалғай аудандарын көгілдір отынмен  қамтамасыз ету жұмысы қарқын алған. Абай ауданындағы Алтынтөбе тұрғын алабындағы 208 үй келер жылы көгілдір отынға қосылады. Қазіргі таңда «Жылу Энерго Ремонт» компаниясы құрылыс жұмыстарын жүргізуде. Ал, Көкбұлақ тұрғын алабына газ жүйесін тарту жұмыстары бойынша жобалық сметалық  құжаттар дайындалып біткен. Сонымен қатар, Абай ауданындағы шалғай орналасқан он бір мыңнан аса тұрғын үйге газ жүйесін жүргізу бойынша ұсыныс берілді. Оның ішінде Ақтас шағын ауданы, Тәуелсіздікке 20 жыл тұрғын алабы, Ақтас-2 тұрғын алабы, Арғымақ, Ынтымақ-2, Солтүстік саяжай мен Құрсай шағын ауданы бар. Қаладағы шағын аудандар мен тұрғын алаптарды тұрақты түрде сапалы табиғи газбен қамтамасыз ету мақсатында магистралды газ тарату жүйесі бйоынша 200 000 шаршы метрді құрайтын жаңа үшінші автоматтандырылған газ тарату станциясының (АГРС-3) құрылыс жұмыстарын жүргізуге республикалық бюджеттен 2,4 миллиард теңге қарастырылған.

Шымкентте ауыз сумен қамтылатын аудандардың қатарында Асар-2 шағынауданы да бар. Бұл аудан тұрғындары биыл жыл соңына дейін сапалы ауызсуға толығымен қол жеткізеді. Тұрғын үй, коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Жолшыбек Шайхсламовтың айтуынша, биыл маусым айында құрылыс жұмыстары басталған. Жоба құны 1,5 миллиард теңгені құрайды. Биылға 350 миллард теңге бөлінген. Бекітілген қаржыға жылдың соңына дейін 1 мектеп және 300 тұрғын үй ауызсу жүйесіне қосылады. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа арнаған Жолдауында «Мемлекет осы мақсатқа сәйкес 56 миллиард теңге бөліп отыр. Нәтижесінде 2,7 миллионнан астам адам табиғи газбен қамтамасыз етілетін болады. Алдағы үш жыл ішінде тұрғындарды таза ауыз сумен және су жеткізумен  қамтамасыз етуге шамамен 250 миллиард теңге бөлінеді» деген болатын. Жолдауда айтылған осы инфрақұрылым жұмыстары Шымшаһарда қарқынды түрде жүзеге асырылуда.

Спортты дамытудың тұжырымдамасы жасалды

Өткен аптадағы жағымды жаңалықтың бірі — Шымкентте спорт саласындағы бірқатар мәселелерді шешу және дамыту мақсатында қаланың дене шынықтыру және спорт басқармасымен 2020-2024 жылдарға арналған  спорт индустриясын дамыту тұжырымдамасы пилоттық жобасының әзірленгені болды. Жобаны іске асыру нәтижесінде шымкенттік спортшылар 2024 жылы Парижде өтетін Жазғы Олимпиада ойындарына қатысуға 20 лицензия алады, сондай-ақ 5 медаль алу мүмкіндігіне ие болады деп жоспарлануда.

Бұл тұжырымдама қаладағы спорт индустриясын дамытудың негізгі бағыттарын көрсетеді. Атап айтқанда, жаңа спорт нысандарын салу және қайта қалпына келтіру, аула спортын дамыту, білім беру жүйесімен тығыз байланыс орнату,  жалпы білім беретін мектептерде резерв даярлау, спорттық жабдықтармен қамтамасыз ету, сондай-ақ жаттықтырушы кадрларды тарту және өз кадрларын даярлауды көздейді. Сонымен қатар, тұжырымдамада «Damu» бағдарламасы бойынша спортшылар мен жаттықтырушыларды тұрғын үймен қамтамасыз ету, спорт инфрақұрылымын дамыту және спортшыларды даярлау үшін  жеке инвесторларды тарту мәселесі қаралған.

Бұдан бөлек, 2020-2024 жылдары қалада жоғары дәрежедегі жарыстар өткізу жоспарлануда. Басқарма мамандарының мәліметінше, спорт индустриясын дамыту тұжырымдамасының іске асуы қаладағы спорт саласының өркендеп, спортшылардың жарыстағы жетістіктерінен көрініс табатын болады. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына арнаған  Жолдауында спорт саласын дамытудың маңызына тоқталып, «Халықтың     денсаулығын жақсарту мәселесі айрықша назар аударуды талап етеді» деген  болатын. Спорт саласында атқарылып жатқан шаралар мен төрт жылдық  тұжырымдама осы міндеттеме негізінде қолға алынуда.

Тағы бір маңызды жаңалықтың бірі — Шымкентте Азиядағы ең ірі әмбебап  ату кешені салынып жатыр. Бұл жөнінде қалалық дене шынықтыру және спорт  басқармасы хабарлады. Құрылыс аяқталғаннан кейін Шымкентте ату спорты түрлерінен халықаралық деңгейдегі жарыстар өткізу мүмкін болмақ. Мамандардың айтуынша, «Shooting Plaza» жобасы толыққанды жаттығу кезеңін  ұйымдастыру және ату спорты түрлері бойынша әлем чемпионаттары секілді ірі спорттық іс-шараларды өткізу үшін барлық қажетті инфрақұрылыммен  қамтамасыз етіледі. Спорт кешені Азия аймағындағы ең ірі ату кешені болмақ. Жоба құрылысы ату спортын дамытуға үлес қосады. Спорттық кешен  Халықаралық спорттық ату федерациясы мен Азия ату конфедерациясының ұзақ мерзімді ынтымақтастығының нәтижесі. Айта кетерлігі, ату спортының жүйріктері Токиодағы ХХХІІ жазғы олимпиада ойындарына алғашқы екі лицензияны жеңіп алды. Бүгінгі таңда ату спорт түрінен  Қазақстан  ұлттық  құрама командасының негізгі құрамының алпыс пайызы Шымкент қаласында тұрады.

Жалпы, алдағы уақытта кәсіби спортпен айналысушылармен қатар күнделікті тіршілігін салауатты өмір салтымен ұштастыратын азаматтардың қатарын арттыру мақсатында көп жұмыстар атқарылуда. Көпқабатты үйлердің аулаларындағы балалар алаңын жаңарту мен қайта жасақтауға айрықша көңіл бөлу маңызы да осы мақсатпен ұштасады. Сондай-ақ, «Shymkent bike» жобасын қайта іске қосу мақсатында үлкен магистралды көшелерге веложолақтардың салынып жатқаны да салауатты өмір салтын жандандыруға үлес қоспақ. «Shymkent bike» әлеуметтік-инновациялық жобасы шеңберінде 200 велосипедті құрайтын 40 велостанция іске қосылатын болады. Бұл жоба алдағы 1-2 айдың ішінде толығымен жүзеге асырылады деп күтілуде.      

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *