Құқық Мәселе

Қате ем — қылмыспен тең

КОВИД-19 індеті тарағалы дәрігерлерге деген жалпы көзқарас оң бағытқа өзгере бастады. Бұрын жергілікті ақ халаттыларға қырын қарайтындар енді олардың көмегіне мұқтаж. Рас, бүгінгі таңда дәрігерсіз қоғамды елестету мүмкін емес. Алайда, олардың біліктілігі төмен болса ше? Мұндай жағдай сирек кездеспейді.  

Соңғы бес ай Қазақстан үшін коронавируспен күреске толы болуда. Елімізде бірнеше апта Төтенше жағдай жарияланды, карантин әлі күнге созылумен келеді. Халықтың уақытша қиындыққа ұшырағанын айтпағанның өзінде қаншама адам бақилық болды. Ресми мәліметке сүйенсек, елімізде бүгінгі таңға дейін тәжтажалға шалдыққандар саны 100 мыңнан асып кетті. Бір мың үш жүзге жуық адамның өмірін сақтап қалу мүмкін болмады. Ал тамыз айының алғашқы он күнінің өзінде 13 121 адам өкпе қабынуына шалдығып, 152 адам қаза болыпты. Осы дерттен орта есеппен күн сайын 15 адам өмірден өтіп жатыр екен.

Науқастардың өмірімен қоштасып жатқаны өзекті бір өртесе, соған жол беріп алған кейбір дәрігерлердің біліксіздігі қайғыны онан сайын қоюлата түседі. Ашынған адамдар арасында, тіпті, бұрынғы денсаулық сақтау министрі Елжан Біртановты «соншама адамның өліміне себепкер болғаны үшін соттау керек» деп тісін қайрап жүргендері де жоқ емес.

Ел аузында «Жел тұрмаса шөптің басы қимылдамайды» деген сөз бар. Олай болса экс министрді соттау туралы бастама көтергендер де бір дәйекке сүйенгені сөзсіз. Әйтпесе қараптан қарап адамға күйе жағып, дабыра көтеру кімге қажет дейсіз? Қала берді, коронавируске қарсы емдеу тәсілінің дұрыс еместігін, емдеу хаттамасын өзгерту керектігін айтып шымкенттік дәрігер Айна Бақиеваның президентке дейін үндеу жариялауы тегін емес. Айнаның үні министрдің құлағына жетіп, нәтижесінде жаңа министр Цой онымен бір сағатқа жуық әңгімелесіп, уәждерін назарға алатынын білдірді. Бәлкім А.Бақиеваның айтқаны дұрыс болған шығар, әйтеуір содан бастап қауіпті аурудан көз жұмғандар саны кеми бастады.

Осы оқиғадан кейін адамдардың санасында түрлі ойлар сапырылысты. Бәлкім емдеу тәсілін ертерек өзгерткенде, көптеген қайғылы оқиғаның алдын алуға болатын ба еді деген сауал туындады. Себебі дәрігерлерге ем іздеп барып, олар еккен дәріден кейін жан тапсырғандар жайында деректер де бар. Олай болса «Шымкенттегі жекеменшік емдеу орталығының дәрігері білген емдеу тәсілдерін жоғарыда отырған профессорлар мен академиктер, министрлікке кіріп-шығып, жалақы алып жүрген жауапты адамдар неге білмеді» деген сұрақ туындайды. Бұл, әрине, дәрігерлерге деген көзқарастың теріс бағытқа өзгеруіне себеп болуда.

Төрехан Бекмахан есімді оқырманымыз дәрігерлерден құқай көрген сондай жандардың бірі екен. «Мен біраз бұрын қаладағы бір емхананың терапевтіне бардым, — дейді оқырманымыз. — Ол орнынан тұрмастан, мені тексеріп мән-жайға қанықпастан-ақ, айтқан сөздерімнің негізінде дәрі жаза бастады. «Тексермейсіз бе» деп сұрасам, «қажеті қанша» дейді. «Бұрынғының дәрігерлері ауырған тұсты ұстап көретін, әр жерді басып тексеретін, сендердікі қызық екен, айтқан сөзге қарап дәрі жаза беретін» десем, «мен со слов больных емдеймін», – дейді. Тағы бірде невропатологқа көріндім. Ол да тексерместен дәрі тағайындай бастады. «Әдетте невропатолгтар тізеден ұрып тексеретін, соны істемей не жазып отырсың» дегеннен соң барып «ал онда ұрайын» деп қасыма келді. Мұндай дәрігерлерге қалай сенуге болады? Бір байқағаным, көпшілік дәрігерлер қажетті ем-домды ғаламтордан алып жаза салады екен. Демек өздері білмейді. Ал жарық сөніп, интернет ұстамай қалса, сен өлсең де база істемейді деп отыра бермек пе?»

Соңғы жаңалықтарға сенсек, КОВИД-19 бен өкпенің қабынуын енді бір сырқат деп тауыпты. Бұған дейін екі ауру екі түрлі деп оларға әр түрлі емдеу тәсілін қолданған жоқ па? Қалайша енді ол екеуі бір ауру түріне айналды? Бір ауру болса олардың емі де ортақ болмауы керек емес пе? Бәлкім, адамдардың жаппай өліміне осындай біліксіздіктер себеп болған да шығар.

Белгілі журналист Қуандық Шамахайұлының соңғы жазбасын еске алайықшы. Мейірбикелердің өзіне белгісіз дәрі бергеннен кейін жағдайының нашарлай бастағанын әлеуметтік желіге салып үлгермеп пе еді? Сондай-ақ, Түркістан облысының Келес ауданында өзім араласып, аға-іні болып жүрген екі азамат та тап осындай жағдайда ойламаған жерден ажал құшты. Соның бірі Әбдіқалық Үркімбаев Жаңатіршілік ауылындағы амбулатрияға қан қысымын тексертуге барып дәрі еккізгенде дәрігердің бөлмесінде отырып бақилық болған. Ал ауылдағы көптеген мәселелердің шешілуіне атсалысып жүрген белсенді Асылхан Айнабеков ауылынан аудан орталығына жеке жұмыстарымен шығады. Күн ысығанда өзін жайсыз сезініп, бір жерден дәрі еккізген. Сол мезетте жағдайы күрт нашарлап, әупірімдеп ауруханаға жетіп, жансақтау бөліміне түседі. Бас аяғы бірнеше сағаттың ішінде ол кісі де келместің кемесіне мініп кете барды.

Міне осындай оқиғалар мен көріністерден кейін Қазақстанның емдеу жүйесіне қалайша күмәнмен қарамайсың? Бәлкім бұл жерде жоғарыдағылар бекітіп берген хаттама мен ережеден асып кете алмайтын қатардағы дәрігерлердің кінәсі жоқ шығар. Дегенмен, білікті дәрігер болса, мұндай қателікке жол бермес еді. Егер дәрігер немесе мейірбике ол емнің дұрыс еместігін білсе, қолдануға тиіс емес. Ал біле тұрып, «басшылық солай айтты» деп қателікке қарсы тұрмағаны қылмыс болып саналмақ. Сол үшін Айна Бақиева секілді сырқаттың амандығын ойлап, емдеу тәсілінің дұрыс еместігін ашық айта білу керек. Ол үшін ешкім оны жұмыстан қумайды. Оған да сол А.Бақиеваның ерлігі дәлел.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *