Біле жүріңіз

Тұрғындар Төлепбек Назарбековті тани ма?

Еліміз тәуелсіздік алғалы Шымкент қаласында жаңа шағынаудандар бой көтеріп, тұрғындар қоныстанды. Көптеген көшелер салынып, пайдалануға берілді, жаңа атаулар қойылды. Көше есімін иеленген жандар арасында ұлтқа еңбек сіңірген тұлғалар да, көпшілік біле бермейтін елеусіз есімдер де кездеседі. Кейбірін тіпті, көше тұрғындарының өздері де білмеуі мүмкін. Осыған орай «Нұрсәт» шағынауданындағы Төлепбек Назарбеков атындағы орталық көше тұрғындарына «Көшеңіз кімнің атында?» деген сауал қойған едік. 

Назира Бекбосынова, №18 үйдің тұрғыны:

— Шынымды айтсам, кім екенін білмеймін. Өзіміз оқулықтан өсіп өскен, танымал тұлға болғанда мүдірмес едім. Оның үстіне қалада пәтер жалдап тұрамыз. Көшелердің атауына зер сала бермейді екенбіз. Кім болса да, әйтеуір  елге қызмет еткен жан болғаны да. Жаңа ауданнан, орталық көшеден берілгеніне қарағанда танымал адам болған шығар. 

Төреқыз Қабылбекова, №6 үйдің тұрғыны:

—Төлепбек Назарбеков кезінде бірнеше ауданды басқарған. Жас күнімізде сол кездегі облыстың кадр саясатына ықпалды қызметкерлердің бірі болған екен. Үлкен мәселелерді шешкен. Бұрынғы Оңтүстік Қазақстан облысы атқару комитетінің төрағасы болған Терещенконың тағайындалуына тікелей ықпалы болған деп еститінбіз. 1985 жылдары атағы біраз дүрілдеді. Ол кісінің ұстанған саясатын, жүргізген билігін бүгінде біреулер қолдағанмен, енді біреулер  ұната бермейді. Көп адам, әсіресе жастар, тіпті кім екенін де білмейді. Өзіміз де толыққанды ауыз толтырып айта алмаймыз…

Төлепбек Назарбеков кім болған? Деректерді сөйлетсек, ол 1927 жылы Қазығұрт ауданының Тұрбат ауылында дүниеге келген. Еңбек жолын ауылдық кеңестің хатшысы болып бастаған. 1959-65 жылдары облыстық партия комитеті ауыл шаруашылығы бөлімінің меңгерушісі, аумақтық ұжымшар-кеңшар басқармасының бастығы, 1975 жылға дейін Созақ және Бөген ауданы партия комитетінің бірінші хатшысы, облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының бастығы, облыстық партия комитетінің хатшысы қызметтерін атқарды. Ал,  1987 жылға дейін облыстық орман шаруашылығы және орманды қорғау басқармасының бастығы болды. 1992 жылы Д.Қонаев атындағы қордың облыстық филиалының президенті болып сайланған. Бүкілодақтық дәрежедегі дербес зейнеткер.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *