Біле жүріңіз

ӨГЕМ ТАУҒА БАРДЫҢ БА, «ҚЫРЫҚ ҚЫЗДЫ» КӨРДІҢ БЕ?

Кең-байтақ қазақ даласы киелі мекенге бай. Қасиетті орындарды ата-бабамыз ежелден қадір тұтқан. Мұндай мекендер өзіміз туып-өскен өлкенің асыл мекені, ардақты орны саналған. Киелі мекендер туралы ғажайып аңыз-әңгімелер де ұрпақтан-ұрпаққа ел аузымен тараған.

Түркістан облысындағы киелі аймақтардың бірі — «Қырық қыз» қасиетті орны. Өгем шатқалынан төмен қарай жүрсеңіз бір топ керуендей шоғырланған  ұзын тастардың көрінісі таңқалдырмай қоймайды. Бұл ғажап көріністі шебер табиғаттың өзі жартастардан қашап әдейі жасағандай.

«Қырық қыз» туралы ел аузында тараған аңыз әртүрлі болып келеді. Соның ішінде ең көп таралып, бүгінге жеткені мынадай: хан қызы ұзатылар кезде тосыннан жау әскері тұтқиылдан шабуыл жасайды. Ер-азаматтарды қынадай қырып, мал-мүліктерді талап, таңдаулы де­ген қырық қызды ұстап, елдеріне әкет­келі жатқанда қолдарын көкке жайып, жалбарынған екен. «Жатқа қор қылғанша сүйегіміз өз елімізде, жерімізде қалсын, бізді тас қыл» деген қырық қыздың тілегін Жаратқан қабыл қылған деседі. Қыздардың ниеттері қабыл болып, бәрі бір мезетте тасқа айналып кеткен. Ал, жауыз әскербасын ит бейнесіндегі тасқа, жау әскерін қарқылдаған қарғаларға айналдырған екен.

Жалпы, Өгем тауындағы «Қырық қыз» тас мүсіндері екі аймақта кездеседі. Біріншісі — Тұрбат ауылының солтүстік-шығысындағы Аққұм өзенінің бастау алар жерінде орналасқан. Оны ауылдан 5-6 шақырым жердегі сарқырама жардың қасынан көруге болады. Ал, «Қырық қыз» деп аталатын екінші тас мүсіндер Өгем қойнауына түсе беріс жерде — Қазығұрт тауының Шығыс мүйісінің («Орда қонған») оңтүстік-шығысында 4-5 шақырымдай қашықтықта орналасқан. «Қырық қыз» бейнесіндегі екі тасмүсіннің аңыздары да жаугершілік заманды сипаттайды. Айта кетерлігі, қырық қызға қатысты қамалдар мен ескерткіштер көршілес елдерде де бар. Мысалы, осыдан біраз жыл бұрын Қарақалпақстанның Бернуи қаласынан 27 шақырым жерден біздің дәуіріміздің ІІІ-YI ғасырына жататын қалашық табылған. Қаланы зерттеген  ғалымдар ол жерде «Қырыққызқала» атты қамалдың болғанын айтады. Сондай-ақ, қарақалпақтарда осы аңызға ұқсайтын «Қырық қыз» атты дастан да бар екен. Ал, көрші өзбек ағайындардың Сұрхандария қаласы аумағында Әзербайжан елінде осымен аттас жерлер кездессе, «Қырық қыз» туралы аңыз көрші қырғыз  фольклорында да кездеседі. Ғалымдардың зерттеуінше, қырғызшада бұл жырдың аты «Мұзарт тауы» деп аталады екен. Мұзарт сөзі қырғыз тілінде мұзды тау деген мағынаны білдіреді. Бұл бауырлас екі елдің тұрмыс-салтындағы ұқсастық пен қырық санын киеге балаған ырымына қатысты ұғымнан туса керек.

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласында айтқандай, бүгінде «Қазақ мемлекетіндегі тарихи жәдігерлер­ді, қасиетті мекендерді және олардың тарихын оның әрбір азаматы білуі шарт». Ол үшін табиғат қорғау мекемелері, жергілікті өңірдегі жауапты мамандар қандай жұмыстар атқаруда?  

«Рухани жаңғыру» бағдарламасына орай елімізде республиканың тарихи маңызы бар нысандары бір географиялық белдеуге біріктірілген болатын. Бұл әр аймақтағы қасиетті жерлерді зерделеуге, танып-білуге зор мүмкіндік ашты. Бүгінде киелі жерді қорғау, насихаттау бағытында түрлі шаралар ұйымдастырылады. Жергілікті мектеп орманшыларымен, колледж студенттерімен туған өлкені танып-білу мақсатында кездесулер, саяхаттар өткізіліп жүр. Ал, орманшы-қорықшылар қасиетті жердің тазалығына, өсімдіктер мен жануарлар дүниесін қорғауға үлес қосып жүр, —дейді «Сайрам-Өгем» МҰТП мамандары.  Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласында айтылғандай өскелең ұрпақтың «патриоттық сезімін кіндік қаны тамған жері мен өскен ауылынан, туған жеріне деген сүйіспеншіліктен бастауына» тер төгіп жүрген табиғат қорғаушылардың еңбегі ерекше. Түркістан облысында қолға алынған туристік жобалар жүзеге асып, «Қырық қыздың» қасиеті әлі де таныла береді деген үміт мол.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *