Қоғам

ҮЗДІК ЖОБА. ҮЛГІЛІ ТӘЖІРИБЕ.

Цифрлы қала 

                Шымкент қаласында тұратын Нағима Көгенованың мамандығы — бастауыш сынып мұғалімі. Бірақ мамандығы бойынша жұмыс істемейді. Ауылдан көшіп келгеніне он жылдан асқан оның жұмыс сұрап бармаған жері жоқ. Алайда, ешбірінен оң нәтиже болмады. Білім беру мекемелерінің біразында мектеп басшылары орын жоқ екенін айтып қайтарса, біраз таныстары жұмысқа тұрғызып беру үшін қомақты қаржы сұрапты. Өзі пәтер жалдап тұратын көпбалалы ананың тапқаны бала-шаға нәпақасынан-ақ артылмайды. Осылайша жұмыс сұрап әр мекемені жағалауды қойған ол табылған істі атқаруға бел буады. Қазір қаладағы сауда үйлерінің бірінде еден жуады.

         Нағима сияқты таныс пен ақшасыз жұмысқа тұра алмайтын жоғары білімді мамандардың енді айы оңынан тумақ. Ол үшін қаладан жақында педагог кадрларды іріктеуге арналған «HR-Process» автоматтандырылған ақпараттық-талдау жүйесі жұмыс істей бастады. Оқушылар сарайында өткен жаңа жобаның таныстырылымына Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтеновтің өзі арнайы қатысты. Бұл жүйе педагогикалық бос орынға өтініш беру және өңдеу барысын автоматтандыруға, үміткерлер мен бос орындардың деректер қорын құруға, сонымен қатар заманауи ақпараттық технологияларды қолдану негізінде педагогикалық құрамды іріктеу процесінің тиімділігін арттыруға арналған. Ақпараттық жоба конкурстық әдіске негізделген. Арнайы комиссия құрамына білім беру мекемелерінің директоры, пән мұғалімдері, психолог кіреді. Конкурстық комиссияның отырысы да енді күмән тудырмайды. Яғни, ашық түрде өткізілетін байқау барысынан әлеуметтік желілерде онлайн көрсетілім жүргізіледі. Ал, нәтижесі сайтта жарияланып отырады. Жүйемен танысқан қала әкімі Мұрат Әйтенов:

         —Шымкентте барлық саланы автоматтандыру және цифрландыру жұмыстары Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес жүргізілуде. Осы сайттың арқасында оқытушы лауазымына үміткерлер онлайн режимде жұмыс таба алады. Педагогикалық құрамды іріктеуді автоматтандырудың мақсаты мен артықшылығы — үміткерді таңдауда меритократия, жариялық және айқындық қағидаларын сақтау болып табылады,  — деді.

            Жаңа жоба педагогикалық қызметке үздік кадрларды іріктеп алуға,  жемқорлықтың алдын алуға мүмкіндік береді. Қазір сайтта жұмысқа қабылдау бойынша 137 білім беру ұйымы тіркелген, 78 бос жұмыс орны бар. 

        Жалпы, жаңа оқу жылы қарсаңында Шымкентте цифрландыру бағытында бірқатар жұмыстар атқарылуда. Биыл білім саласы қызметі жаңа оқу жылына сай толық цифрлы жүйеге көшті. Балалардың қашықтан сабақ алуын  қамтамасыз ету үшін барлық білім беру ұйымдары жоғары жылдамдықты интернетпен қамтамасыз етілуде. Оқушылар мен студенттер білім ұйымдарына қабылдау да электронды форматта жүзеге асты. Техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарына қабылдау, отбасы және балаларға қатысты, тағы басқа қызметтер толық автоматтандырылды.

Цифрландыру саласындағы жағымды жаңалықтардың бірі — мегаполисте «AR-SHUMKENT» атты тағы бір виртуалды жобаның іске қосылуы. Жобаның QR коды арқылы үшінші қалаға келген туристер енді Шымкенттегі ескерткіштер тарихы, жай-күйі туралы смартфондарына ақпарат ала алады. Яғни, бұл жүйе аудио, видео, фотоақпараттарды интерактивті нысанда және 3D  форматта көруге мүмкіндік береді. Қалалық цифрландыру басқармасы мамандарының айтуынша, жобада екі виртуалды ақпараттандырушы қызмет көрсетеді. Біріншісі — қаланың географиялық жағдайы туралы жол көрсетуші виртуалды гид болса, екіншісі сол нысанның тарихын немесе өмірбаянын  айтатын видеобаяндамашы. Жобаның мақсаты — туризм саласын цифрландыра отырып, идеологиялық, ақпараттық-танымды дәстүрлі жарнамалық  шығындарды азайту, заманауи технологияларды қолданудың кері байланыстағы рөлін насихаттау болып табылады. Қаладағы 103 қоғамдық орынға кілттік коды бар 830 арнайы белгі орнатылады. Атап айтқанда, кинотеатрлар, сауда үйлері,  саябақтар, автобустар мен қонақүйлер, қоғамдық орындар таңдалған. 

Үшінші қаладағы цифрландыру саласындағы үздік жобалар мен үлгілі тәжірибелер Мемлекет басшысы Қ. Тоқаевтың халыққа арнаған Жолдауындағы міндеттерді жүзеге асыруды көздейді. «Қазақстан цифрлық экономиканы дамытуды көздеп отыр. Осыған орай көп жұмыс атқаруымыз керек. Біздің міндетіміз – ақпараттық коммуникациялық инфрақұрылымның даму деңгейі бойынша өңірдегі көшбасшылықты нығайту. Үкімет заңнаманы 5G, «Ақылды қалалар», «Үлкен деректер», блокчейн, цифрлық активтер, жаңа цифрлық қаржы құралдары сияқты тың технологиялық құбылыстарға бейімдеу қажет» деген болатын. Мегеполистегі цифрлық экономиканы дамытуға арналған алғашқы талпыныстар нәтижелі болатынына сенім мол.

 Жарық пен жол басты назарда

Еліміздің үшінші шаһарында қала көшелерінің жаңарып, жөнделіп жатқанын қазір әркім-ақ байқай алады. Қалада жол жөндеу жұмыстары қарқын алған. Көшелерді абаттандыру кезінде жаңа аялдамалар орнату мәселесі де назардан тыс қалмаған. 260 дана жаңа аялдама павильондарын орнату жоспарланған. Оның ішінде ТИП 22 түрі — 165,  ал ТИП 20 — 95 дананы құрайды. Осыған сәйкес Абай, Әл-Фараби, Қаратау ауданының әрқайсысына 70, ал Еңбекші ауданында 50 жаңа аялдама орнатылады.

         Шымкентте тұрғындардың қолайлы өмір сүруіне барынша көңіл бөлінуі аудандарда атқарылып жатқан құрылыс жұмыстары, аулалардың абаттануы мен  көшелердің жөнделуінен байқалады. Жақында Қаратау ауданы «Нұрсәт» шағынауданындағы 1,2,3,19,21 үй тұрғындары көпқабатты үй ауласына орнатылған спорттық алаңшаның жөнделуін жергілікті әкімдік назарына ұсынған еді. Әлеуметтік желі арқылы өтініш білдірген тұрғындардың шағымын аудан әкімі Абзал Әліқұлов жерге тастамады. Халық үніне құлақ асып, лезде оқиға орнынан табылған басшымен кездесудің соңы жақсы істің аяқталуымен жалғасты. Жалпы, Шымкентте бұқаралық спортты дамыту мақсатында тұрғын үй аулаларындағы алаңшалар пайдалануға беріліп, тұрғындардың спортпен тегін шұғылдануына мүмкіндік туып отыр. Атап айтқанда, Нұрсәт, Тұран шағынаудандары мен Достық, Қайнарбұлақ тұрғыналаптары мен саяжайында орналасқан 10 ашық спорт алаңшасы тұрғындар игілігіне пайдалануға берілді. Спорт алаңшаларына 50 орындық пен 50 қоқыс жәшігі орнатылды. Сондай-ақ,  қосымша құрылғылар ретінде 15 жаттығу тренажеры мен арнайы жаттығуға арналған спорттық құралдар қойылды. Құрылыс жұмыстарын «АлемСтрой-1» ЖШС мердігер мекемесі жүргізген.

         Әл-Фараби ауданындағы 6 көшеге де аяқжол салынған.

         Биыл алты көшеге жалпы ұзындығы 2850 метр аяқжол төселген.  Қазіргі таңда көпқабатты тұрғын үй аулаларына және ішкі орамдық жолдардың бойына аяқжолдар орнату үшін зерделеу жұмыстары жүргізілді. Нәтижесінде 48 көшенің бойына 30 шақырым аяқжол салу қажеттігі анықталып, тиісті басқармаға ұсыныс жолданды, — дейді бұл туралы аудан әкімі Ғ. Мәуленқұов. 

         Сонымен қатар, биыл аудандағы 47 көшеге ағымдағы жөндеу және 5 көшеге қайта құру жұмыстары жүргізілуде. Қала әкімдігінің баспасөз қызметі мамандарының хабарлауынша, аудандағы 404 көшенің жалпы ұзындығы 282 шақырымды құрайды. Оның 215 шақырымы асфальт жабынымен қамтамасыз етілсе, 55 шақырымы тас жол, қалған 12 шақырым топырақ жолға шағал тас төсеу жұмыстары жүргізілген. Сондай-ақ, 72 көшеде ұзындығы 142 шақырымды құрайтын аяқжол төселген. Оның ішінде үш шақырым аяқжол қалпына келтіруді және 15 шақырым аяқжол салуды қажет етеді.

         Тұрғындарға қолайлы орта құруда түнгі жарықшамдардың да маңызы зор. Бүгінде Шымшаһарда 50 мыңға жуық жарықшамдар бар. Биыл мемлекеттік -жекешелік әріптестік аясында қаланың сыртқы жарықтандыру жүйелерін қайта құру және күтіп ұстау жобасын іске асыру жоспарланған. Жобада электр шамдарын энергия үнемдейтін LED шамдарына ауыстыру, тозуға айналған сыртқы жарықтандыру желілерін жөндеу қарастырылған. Қала әкімінің тапсырмасына сәйкес, «Жұмыспен  қамту жол картасы» бағдарламасы аясында қосымша 39 көшеге жарық жүйесін орнату және 4 көшедегі жарық жүйелерін  қайта құру жұмыстары, Ленгір бағытындағы тасжолдың ескі шамдарын диодты шамдарға ауыстыру және қосымша жарық жүйесін орнату жұмыстары атқарылуда. Мемлекет басшысы халыққа Жолдауындағы «Қуатты өңірлер —қуатты ел» бөлімінде «Жергілікті билік органдары жұмысының тиімділігін арттыруды» тапсырып, тұрғындар үшін әрдайым ашық болуы тиіс екендігін  ескерткен болатын. Міне, үшінші қаладағы тұрғындар мен жергілікті билік арасында қалыптасып келе жатқан ашық қоғамдық қатынастың нәтижесі шаһар келбетінен көрініс табуда.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *