Біле жүріңіз

Мамонттың сүйегі табылды

 Ақмола облысының Бұланты ауданында мамонттың сүйегі табылды! Бұл туралы облыстық тарихи-мәдени мұраны қорғау және пайдалану орталығы ақпарат орталықтарына хабарлаған.

Мамандардың мәліметінше, мамонттың сүйегі Новобратск ауылдық округіне қарасты Буденновка ауылының маңынан ағып өтетін Аршалы өзенінің жағасынан көрінген. Оны осы ауылдың жергілікті тұрғыны Валерий Дубовик кездейсоқ тауып алып, кейін тиісті органдарға хабарлаған. Мамонттың сүйегі табылған жерге облыстық тарихи-мәдени мұраны қорғау және пайдалану орталығының директоры Серік Ысқақов пен мамандары барды.

—Еліміздегі эпидемиологиялық жағдайға, COVID-19 коронавирустық инфекциясының таралуына және карантиндік режимнің енгізілуіне, түрлі іс-шараларды өткізуге тыйым салынуына байланысты, табылған мамонт сүйегін зерттеуге Қазақстан Ұлттық музейінің ғалымдары шақырылмақ. Осы жерде археологиялық қазба жұмыстарын жүргізу үшін 2021 жылғы жоспарға енгізу міндеті алға қойылып отыр, — дейді Серік Ысқақов. Облыстық тарихи-мәдени мұраны қорғау және пайдалану орталық мамандары атап өткендей, кездейсоқ олжа ғалымдар мен зерттеушілерге ғылыми-зерттеу процесінде қызықты болып, жануарлардың тіршілік ету ортасын кешенді зерттеуге мүмкіндік бермек.

Алып жануарлар сүйегі бұған дейін де Зеренді, Шортанды, Жақсы, Целиноград аудандарында табылған болатын. Бұл жолы табылған сүйек осыдан 10 мың жыл бұрын өмір сүрген мамонттың сүйегі болуы мүмкін. Оның ұзындығы 1,5 метр, қалыңдығы 30 см. Қазіргі таңда, аталмыш мамонттың сүйегі дәйекті әрі егжей-тегжейлі зерттеу үшін Ақмола облыстық тарихи-өлкетану музейіне тапсырылды.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *