Өмірдің өзі

Бір үйдің батырлары

Батыр Бауыржан Момышұлының «Ешкім батыр болып тумайды. Батырлық та мінез секілді өскен орта, көрген тәрбиеге байланысты қалыптасады» деген сөзі бар. Расында ерлік тек соғыста ғана емес, бейбіт күнде де жасалады. Ауылдастарын, тіпті танымайтын жандарды да өмірлік қиындықтардан, тосын жағдайлар мен төтенше оқиғалардан құтқарып қалған ержүрек жандар арамызда аз емес. Ал, бұл қасиет өскелең ұрпақтың бойынан табылып жатса тіпті қуанасыз.

Жақында Ордабасы ауданындағы Қарааспан елді мекенінде орын алған оқиға еріксіз жүрек жылытады. Ауыл тұрғыны, биыл сегізінші сынып оқитын Нұрасыл Оразбеков суға шомылып жүріп батып кеткен кішкентай балдырғанды ажал тырнағынан аман алып қалды. Арқандалған малды қарауға шыққан  ол кешкісін су жағасында жанұшыра жүгіріп жүрген ересек адамға ұшырасады. Айтуынша, шомылып жүрген балалардың бірі су түбіне кеткен, ал өзі жүзе білмейді екен. Мұны естіген Нұрасылда ойланып тұратын сәт болған жоқ. Қазанарықтың суына үстіндегі киімін шешпестен сүңгіп кетті. Біраз уақыт  көзден ғайып болған ол көп ұзамай суға кеткен балақайды жағаға шығарды.

Жағаға шыққаннан кейін де Нұрасыл тиісті жедел шараларды дұрыс қолдана біліп, алғашқы көмекті өзі көрсетті. Жазатайым оқиғаға тап болған бірінші сынып оқушысы Жәдігер Темірханұлының кеуде тұсын уқалап, жұтып қойған суын шығарды. Бұл кезде жиналып қалған көпшілік жедел жәрдем шақырып та үлгерген болатын. Бірақ медицина мамандары келіп жеткенше Жәдігер ес жиып, оңалып қалған еді.

Біз Нұрасылдан алғашқы көмек көрсетуді қайдан үйренгенін сұраған едік. Сөйтсек, Оразбековтер отбасында бұл бірініші рет жасалып тұрған ерлік емес екен. Былтыр ағасы Ерасыл да осы маңда шомылып жүріп суға батып кеткен балаларды құтқарып қалыпты. Сол кезде көргендерін ұмытпаған Нұрасыл осылайша бір адамның өмірін сақтап қалды. «Алғашында болған оқиғаны есітіп, балаларымыздың өмірі үшін қорықсақ, кейін мақтаныш сезімі бойымызды кернеді», — дейді бір үйдің батырларын тәрбиелеп отырған ата-ана Ермахан мен Жібек.

Нұрасыл ауылдағы Бейсен Оңтаев атындағы мектепте оқиды. Сынып жтекшісі Шынар апай қазір шәкіртін мақтан тұтып, ол туралы аудандық газетке мақала дайындау үстінде. 

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *