Өмірдің өзі

«Мені «Өнерден» ешкім қуған жоқ»

Әбідхалық ӘБДІРАЙЫМҰЛЫ,  ақын-сазгер, «Шымкент-шоу» театрының негізін қалаушы: 

Осыдан он бес жылдай бұрын Шымкент қаласында еліміздегі ең алғашқы «Жас ақындар мен имправизаторлар» мектебі ашылып, талантты жастардың шығармашылығын шыңдауды қолға алды. Игі іске білек сыбана кіріскен мектеп директоры Әбдіхалық (Сәбит ақын) Әбдірайымұлы қаншама өрендерді сахнаға жетеледі. Қазір аталмыш оқу орнында білім алған жастардың барлығы да өнер мен өмір жолында өздерінің бағытын адаспай, анық таба білген. Шәкірттердің шамшырағын жаққан ұстаз, ақын, сол кезде аты дүркіреген «Шымкент-шоу» әзіл-сықақ театрының негізін қалаған Сәбит ақын қазір қайда, нендей шаруамен айналысып жүр деген сауал қызықтырып, оның жауабын алу үшін өзімен жолықтық.

«Көптеген театрлар құрыла сала Астана асуға құмар,

ал «Шымкент-шоу» ізденісін ауыл аралаудан бастады».    

         — Әбдіхалық Әбдірайымұлы, өнерсүйер көрермен өзіңізден көз жазып қалғалы біраз болды. Қазір қайдасыз?

         — Шымкент қалалық мәдениет басқармасына қарасты «Түркістан» сарайында өнер саласында қызмет етудемін. Бұрыннан жасырып ән жазатыным бар еді. Қазір осы салаға ден қойдым десем болады. «Таутұлға», «Рақмет, дәрігер», «Ақ мақтадай арулар» деп аталатын әндеріме жұрт жылы пікір  білдіріп жатады.

— Жұртты күлкіге қарық қылған «Шымкент-шоу» көпшілікке кеңінен танылғанмен, сіздің сол театр директоры екеніңізді көрермендер біле бермейді екен. Неге?

         — Расында,  «Шаншар» — Уәлибектікі, «Нысана» — Әбекенікі, «Алдараспан» —Туканікі екенін көрермен біледі де, «Шымкент-шоудың» директоры кім екенінен жұрт бейхабар екен. Кейбіреулер театрдың иесі «Күлпаш-Берік» екен деп жүр. Мүмкін оның себебі, мен сахнада әртіс болып  рөл ойнамағаннан шығар. Жоғарыда аталған әзіл-сықақ театры басшыларының бәрі әртіс, оларды ел таниды, сахнаға шығады. Ал, мен «Шымкент-шоуды» шығардым, өзім сахна сыртында басшылық жасадым. Алғашында маған оны «Сәбит-шоу» деп ата дегендер де болды. Бірақ, Сәбитті кім таниды? Керісінше Шымкент десе ел құлағы елең ете қалады. Сосын «Шымкент-шоу» деп атауды жөн көргенбіз.  

         —Әртіс болмасаңыз да осындай әзіл-сықақ театрын ашу идеясы сізде алғаш қайдан пайда болды?

         — Менің жаным жаңалыққа, жақсылыққа, өнерге құштар. Осы театрды құру идеясы да сол өнерге қызығушылықтан туған. Идеяны жүзеге асыру барысында маған қолұшын созған ел ағалары болды. Олар Манап Өтебаев, Қуаныш Төлеметов, Нұрмахан Жолдыбаев сияқты өнер жанашырлары еді. Байқасаңыз, көптеген театрлар құрыла сала Астана мен Алматыға жол тартып, алғашқы концерттерін республика сарайында өткізуге құмар. Ал, «Шымкент-шоу» шығармашылық ізденісін ең алғаш ауылдарды аралаудан бастады. Ауылдық клуб көрермендерін күлкіге бөлеп, ризашылықтарына бөленгеннен  соң ғана үлкен баспалдақтарға өрлей берді. Өйткені, тәжірибе жинап, сахна тілін жетік меңгеру болды. Сол кездегі алғашқы шығармашылық құрам да кілең мықты жас әртістерден құралды. 2000 жылы арнайы іріктеуден өткен үміткерлердің арасында қазіргі Берік-Күлпаш, Қарлығаш, Арман-тракторист, Гүлзада Шоланбаева сияқты талантты жастар бар еді. Кейін, тіпті, театрымыз отбасылық театрға қалай айналып шыға келгенін уақыт ағымымен өзіміз де байқамаппыз. «Шымкент-шоудағы» жастар бір-бірімен көңіл жарастырып, үйленіп, шаңырақ құрды. Арман-тракторист Алтынайға, Берік Қарлығашқа үйленді.

         — Олай болса, енді сіздің өзге қырларыңызға қарай ойыссақ. Айтыс өнерінде өзіндік қолтаңбасы бар ақын ретінде де танылдыңыз.Ең алғаш сахнаға шыққан кезіңіз есіңізде ме?

         — «Елу жылда ел жаңа» дейді ғой. Ең алғаш рет ірі додаға Арыста өткен айтыста түсіп, өмірдегі және өнердегі досым Құрманәлі Жылқыбаевпен айтыстым. Сол жылдары Арыс ауданын басқарған Қуаныш Айтаханов ағамыз мәдениет саласындағы жауапты қызметкерлерге «жас ақындарды іздеп  табыңдар» деп тапсырған  екен. Сөйтіп, Көктөбенің көкжалы Құрманәлімен сөз қағыстырдым. Ол кезде екеуміз де жаспыз, бір-бірімізді танымаймыз. Екеумізде де не ұстаз, не бағыт-бағдар беретін адам жоқ. Әйтеуір жеті буынмен төкпелеп  ойға келген жырды айттық. Бізді тыңдаған ақын Көпбай Омаров «Ойпырмай,  мыналарда бірдеңе бар-ей. Бірақ, көпшіліктің алдында қалай болар екен?» — дей бергенде мен «Көке, еш уайымдамаңыз. Сеніміңізді ақтаймыз» деп едім, риза болып, батасын берді.

         «Шәкірт тәрбиелеген адамға екі дүниенің есігі ашық»

Күнгей өлкенің талантты жастары далада қалмасын деп жас ақындар мектебін ашып, кейін іргесін кеңейтіп, «Өнер» мектебіне айналдырып, директоры болдыңыз. Небір өнерлі жастың бойына үміт отын жақтыңыз. Бірақ, ойламаған жерден Астанаға жол тартып, ел ішінде «Сәбитті ол жерге сыйдырмапты, мектебін тартып алыпты» деген қауесет тарады. Шынында солай ма?

         — Бірде Мұхаммед пайғамбардың (с.а.с.) хадистерін парақтап отырып, «жол, көпір салған және шәкірт тәрбиелеген» адамға екі дүниенің есігі ашық дегенді оқыдым. Содан маған ақындар мен жыршы-термешілерді даярлайтын  мектеп  ашсам деген ой келді. Өйткені, қаншама өнерлі жастар бағыт-бағдар  беретін адам болмағандықтан, жанбай жатып сөніп қалатынын білетінмін. Осылайша, үлкен айтыстан кетіп, ұстаздық жолда бағымды сынамаққа бекіндім. Әйтпесе, айтысатын күш-қуатым бар еді. Бұл идеяны сол кездегі облыс әкімі Бердібек Сапарбаев та қолдап, әлгі мектепті аштық. Шүкір, еңбегіміз далаға кетпепті. Қазір байқап отырсақ, сол өнер ордасынан қырыққа жуық ақын, жыршы-термеші шығыпты. Оның ішінде Еркебұлан Қайназаров өзінің суырыпсалмалық шешендігімен, ішкі мәдениетінің тереңдігімен айтыста жүйрік ақындар қатарында есімі аталады. Нұрлан Есенқұлов, Қалижан Білдәшов,  Нұрлыбек Мейірманов, Қажымұқан Абзаловтар да осал емес. Жазба өлеңде Мұқағали Кенжетайды мақтан тұтсам, баспасөз саласында өзіңмен иықтас қызмет ететін Ғабит Сапарбековтің де қадамы қуантады.

Мені ол жерден ешкім қуған жоқ. Қысым да көрсеткен жоқ. Бірде «Шымкент-шоу» сахналаған «Қуғыншылар» қойылымын Елбасымыз да тамашалап, рахаттана күліпті. Өнерпаздарымызға риза болған ол кісі «Мына театр Астананың мәдениетін көтеруге қабілетті ұжым екен» деген ойын  білдіріпті. Содан жоғарыдан ұсыныс түскеннен кейін аяғынан тік тұрған «Өнер» мектебін өзгелерге аманаттап, Астанаға тартып кеттік.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *