Өмірдің өзі

Театрларда талантты режиссер неге тапшы?

Түркістан облысы мен Шымкент қаласы іргесі ажырамай тұрған Оңтүстік Қазақстан облысы кезінде театрлары ең көп өңір болып саналды. Аймақтар еншісін алып шықса да, мәдениет ошақтары бүгінде көрермендерге қызмет етіп келеді. Бірақ, руханият орындарының барлығына ортақ режиссер мәселесі олардың жұмысын ақсатып тұр десек, қателесе қоймаспыз.

         Театр режиссерлары арасында бүгінде буын алмасу мәселесі аса маңызды болып тұр. Қашан да өз кезеңінің асқақ рухын көрсетуге тиіс сахнагерлер арасынан кәсіби деңгейде жұмыс істейтіндері аз. Кешегі Ерғали Оразымбетов, Әскер Құлданов, Асқар Әлихан сияқты хас шеберлердің қолтаңбасының ізін сахнадан іздеп таппағанда бүгінгі буынның ізденісі кәсіби өлшемдерге сай емес екені аңғарылып қалады. Өңір режиссерлары көбіне көрерменді толғандыратын қойылымдар ұсынып, өздерінің шығармашылық келбетін табудың орнына қарабайыр тартысқа құрылған тақырыптарды сахналаудан аса алмай жүр. Режиссерлік шешім, астарлы мағынаға толы драмалар кемшін.

         Театр «тірі организм» болғандықтан, оның қызметі мықты драматург пен шебер әртіске байланысты екендігі де белгілі. Алайда, бүгінгі режиссерларға қойылып жүрген талап қандай? Оларға жасалып жатқан жағдай көңіл көншіте ме? Осының бәрі айналып келгенде шығармашылық ізденістерге әсерін  тигізбей қоймайтыны белгілі. Ал, арзан қойылымдардың көбеюі шығармашылық құрамның кәсіби деңгейін ғана емес, жалпы сахна мәдениетінің деңгейін төмендетті. Әрине, соңғы жылдарда облыстық әзіл-сықақ және сатира театрынан Мақсат Айтжанов, Түркістан театрынан Айдар Наурызбаев, облыстық қуыршақ және жасөспірімдер театрында «Ләйлі-Мәжнүнмен» көзге түскен Самат Алтай сияқты жастардың қойылымдары көрермен көңілінен  шығып жүргенін жоққа шығармаймыз. Байыпты әрі білімқұмар бұл режиссерлар өзге әріптестерінен өздерінің көркем ой, ілгері ізденістерімен ерекшеленіп жүр. Шығармашылық батылдық та жоқ емес. Осыған сай жаңа буын сахнагерлері көзқарастарын қойылымдары арқылы жеткізуге тырысуда. Дегенмен, ұлттық бірегейлікті тануға талпыныс, дәстүрімізді әлемдік театрдағы жаңашылдықпен үндестірудің жолын іздеу кемшін. Сахналық дәстүр мен  инновацияның біте қайнасуы да өңір театрларында көрінбейді.

         Иә, шығармашылықта белгілі бір кезеңде буын алмасу үдерісі орын алып тұратыны заңды құбылыс. Осыдан он бес жылдай бұрын ақын Бақытжан  Алдияр «Артыма қарауға қорқамын» деп мақала жазып, сол кезде өңірде өзінен кейінгі өскелең ақындардың жоқ екеніне алаңдаушылық білдірген еді. Араға уақыт салып қазір поэзияда жас ақындар шоғыры қалыптасты. Мүмкін, театр сахнагерлері арасынан шын таланттардың оза шауып жатпағаны да осындай үзіліс кезеңі болар? Бұл сұрақты театр маманы, белгілі режиссер Асқар Әлиханға қойған едік.

         — Ақындық — Жаратушыдан берілетін талант. Ал, режиссер дегеніміз ол жан-жақты білім, ізденіспен қалыптасатын дүние. Нағыз сахнагер білімді, драматургияны жетік білетін, шет тілін меңгерген болуы керек. Оқу орындарын бітіруші мамандарға шетел әдебиетін оқып шығу туралы норма болуы тиіс. Біздің кезімізде әлем әдебиетін оқу міндеттелді. Ал, қазір еш жерде талап жоқ, — дейді маман.

         Театр өнерін дамытудың маңызды факторының бірі — шетел режиссерларымен бірге жұмыс істеу деген пікірдің жаны бар. Бұл, біріншіден, кәсіби тәжірибе алмасу болса, екіншіден, театрлық мәдениеттер байланысын нығайтуға ықпал етеді. Бір ғана мысал, әлемдік опера театры өнерінің інжу-маржаны «Кармен» операсының премьерасына көрермен болдық. Дүниежүзі шығармаларының ішіндегі ең қызықты да жеңіл әрі түсінікті қойылымға қазіргі қалалық опера және балет театрының шығармашылық ұжымы салғырт қарағаны ә дегеннен байқалды. Әртістері ұйқылы-ояу, кім не істеп жүргенін білмейтін шығарма мықты режиссердің тапшылығынан ту-талақайы шыққан. Егер осы жергілікті мәдени ұйымдарға шетелдік мамандармен тәжірибе алмасу ісі жүйеленсе, күтпеген режиссерлік шешім, жарқын актерлік жұмыс, жаңа форма туындайтыны сөзсіз. Өркениетті елдерде әрбір жаңа қойылымның көркемдік сапасын ең алдымен театр сыншылары анықтап, бағасын береді. Ал қазір біздің театр премьералары мен фестивальдарына шақыратын біріншіден сыншы жоқ,  екіншіден, барының өзін ұжымдар керек етпейді. Біздегі театр ұжымдарының көркемөнерпаздық деңгейге түсіп кеткенінің бір себебі де осы болып тұр.

         Театр режиссерлары тапшылығы мәселесін Шымкентте өнер академиясын салумен шешу де айтылып жүр. Бірақ, М. Әуезов атындағы ОҚМУ –да болашақ театр мамандарын оқытатын факультеттің өзінде база дұрыс қалыптаспаған.  Студенттер теориялық біліммен ғана шектеліп, көбіне практикалық тәжірибесі ақсап жатады. Сахнаға шығып терлеп көрмеген, музыка әуенімен қимыл-қозғалыс жасап, сахна тілін меңгермеген жас маман қалай білікті болмақ? Оқытушыларға да Мәскеу, Ленинград сияқты қалаларға барып, бір-екі жылдық тәжірибе жинап келетіндей мүмкіндік қарастырылмаған. Сондықтан, арнайы академия ашуға асықпай-ақ, алдымен қолда бар мамандарды дұрыс оқытып,  тәрбиелейтін кадр жасақтап алу керек-ақ. 

         Бәрін айтып, бірін айтқанда біз көтеріп отырған мәселе қазір еліміздегі барлық театрларға ортақ болып тұр. Басқасын айтпағанда, Түркістан облысы мен Шымкент қаласының мәдениет басқармасы соңғы жылдарда басшыға жарымайтын немесе кездейсоқ тағайындала кететін салаға айналды. Мәдениет пен өнерге шын жаны ашитын басшы тұрақтаса әлі де жағдай оңалар деген үміт жоқ емес.

         Осындайда еске түседі. Француз жазушысы Проспера Меримнің белгілі шығармасында испандықтар африкадан қаранәсілділерді құлдыққа алып келе жатады. Кемеде жеңістеріне шаттанып, масаң күйге түскен оларды африкалықтар суға лақтырып жібереді. Әрі қарай кемені қалай жүргізуді білмей өздері де жартасқа барып соғылып, быт-шыты шығады. Бұл оқиға кезінде Ерғали Оразымбетовтей талантты азаматтың басын дауға қалдырып, шығармашылық жұмыспен айналысуына мүмкіндік бермеген басшылардың әрекетін еске салады. Ал, қазір таланттарға кенде болған театр сахнасы қайрандап қалған кемедей көрінеді бізге.  

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *