Басты жаңалықтар Мәселе

Басшы дауласып жүргенде оқушы интернетсіз отыр

Жаңа оқу жылындағы алғашқы сабақтар басталып та кетті. Бұл уақытта мектеп оқушылары білім бұлағына алаңсыз бас қоюы тиіс. Білім және ғылым министрлігі жаңа оқу жылында өрендердің ешқандай мәселесіз сапалы білім алуы үшін жаз бойы жүйелі жұмыс істеді. Ақпаратты техникамен қамту, интернет байланысын жақсарту сияқты жұмыстар жолға қойылып, мұғалімдердің дәстүрлі тамыз кеңесінде оның есебі пысықталды. 

Міне, осындай маңызды кезеңде білім бөлімі басшысының өзі дауға шатылуы саладағы сапаға кері әсер ететіні анық. Қазақта «Екі түйе сүйкенсе, арасында шыбын өледі» деген мақал бар. Сол айтқандай, білім бөлімі басшысының соттасуы оқушылардың үлгерім көрсеткішіне кері әсер етпейді деп кім айта алады? Осы даудың салдарынан ауданның білім саласы біраз уақыт бойы басшысыз қалды. Ұзаққа созылған дау Төлеби ауданында орын алуда.

Біз осы даудың туындау себебі, неліктен ұзаққа созылып жатқаны жайында Төлеби аудандық білім бөлімінің басшысы Роза Аманованың өзінен сұрап көрдік.

— Маған қатысты оқымай диплом алды деген айыптау жалған, бұл туралы толық ақтау үкімі шықты. Түркістан қаласындағы Абай атындағы орта мектепті 1999 жылы қызыл аттестатпен бітіріп, сол жылы А. Ясауи атындағы ХҚТУ-дің күндізгі бөліміне оқуға түскенмін. Көп ұзамай тұрмыс құрып, балалы болуыма байланысты аталмыш оқу орнында күндізгі бөлімдегі оқуымды жалғастыра алмадым. Екінші сәбиім де дүниеге келіп, академиялық демалыс алуға тура келді. Отбасылық жағдайыма байланысты оқуымды Түркістанда жалғастыру мүмкін болмаған соң 1998 жылы сол кездегі Шығыстану инстиутына құжат тапсырдым. Кейін үшінші, төртінші перзенттерім дүниеге келіп, мен үшін  бірінші кезекте отбасы тұрғаннан кейін оқуым жалғаспады. Мектепті үздік бітірген, оқуға өз күшімен грантқа түскен перзентінің болашағына, от басы, ошақ қасынан ұзамай қалғанына төркінім алаңдаса керек. Марқұм болып кеткен  жездеміз бір диплом әкеп берген екен. Бірақ, ол құжаттың мен пайдасын да көрмегенмін. Өзімнің өмірлік принципім, алға қойған мақсатым айқын болғандықтан оған сүйеніп жұмыс істеген емеспін. 2006 жылы қайта ізденіп жүріп, жоғары оқу орнына түстім. Дипломымның жалған еместігін білім беру ұйымдары да растап, жазбаша куәлік берген. Оқу жүйесінің толық бағдарламасын меңгеріп шыққаным сотта дәлелденді, — дейді бөлім басшысы.

Даудың екінші жағында жергілікті журналист Ләззат Асанова тұр. Оның да айтар өз уәжі бар.

— Роза Аманованың екі жалған дипломы бар, — дейді ол. — Ол бір жалған құжаттың негізінде екіншісін де алған. Рас, Түркістан қалалық сотының судьясы А. Ержановтың 1-шілде күнгі қаулысы бойынша ақталды. Бірақ, қаулыда Амановаға тағылған айыптаулардың бәрі де көрсетілген. Өзімнің жеке пікірім, судья шешімінде бұрмалаушылық бар деп ойлаймын. Қазір іс аппеляциялық соттың қарауында жатыр.  

Бөлім басшысы осылайша даумен басы шатылып жүргенде «Қазақстан» ауылында бір топ ата-ана БАҚ өкілдеріне интернет байланысы жоқтығын  айтып, наразылық білдірген болатын. Аудан орталығынан небәрі жиырма шақырымдай жерде орналасқан ауыл оқушылары байланыс жүйесінің нашарлығынан бағдарламаны толық игермей қалуы мүмкін. Біз ата-аналардың осы шағымын да бөлім басшысының назарына ұсындық.

— Жалпы, мектепке баратын оқушылар саны аудан бойынша 26 150. 21 мектепте кезекші сыныптар ашылып, онда 847 оқушы білім алып жатыр. Интернет байланысы аудан орталығы Леңгір қаласында жақсы жолға қойылған. Дегенмен Төлеби ауданы таулы аймаққа жататын өңір екенін білесіздер. Тау етегіндегі Қасқасу, Төңкеріс ауылдарындағы мектептерде бала саны аз болуына байланысты 11.00-ден 13:00-ге дейін кезекші сыныптар оқытылып жатыр. Интернет байланысы бойынша айтарым, жыл сайын «Транстелеком» және «Қазақтелеком» компанияларымен келісім-шартқа тұру арқылы интернет желісі орнатылатын. Жалпы, интернет желісімен қамтуға биыл 52 миллион теңге қаржы қаралған еді. Бірақ, қаңтардан бастап өңірлерде бұл қызмет Цифрландыру басқармасы құзырына берілді, бөлінген қаражат та аталмыш басқарманың бюджетінде. Өкініштісі, басқарма тарапынан интернет мәселесі әлі жолға қойылған жоқ. Біз қайта келісім-шартқа отырмағаннан кейін  жоғарыда аталған компаниялар да өздері құрған байланыс нүктелерін ажыратып алды. Осы қиындық бізді алаңдатып отыр. Қазіргі кезде 33 мектепте интернет жоқ.

Оқушыларды ақпаратты технологиямен қамту мәселесіне келсек, мектептердегі 1437 компьютер қазір тиісті оқушыларға таратылып берілді. Сонымен қатар, облыстық білім басқармасы тарапынан аз қамтылған отбасы балаларына 2321 ақпаратты техника, оның ішінде компьютер, ноутбук,  планшет уақытша пайдалануға берілді. Ал, 750 баланы планшетпен біржола қамту үшін мердігерлермен келісім жасалған. Алғашқы он күндікте оқушылардың қолына тиеді деген жоспар бар. Жалпы қашықтан оқыту мәселесінде әрбір оқушының мүмкіндігі ескеріліп, басшылыққа алынды. Ақпаратты техникамен қамту осы тізім бойынша жүзеге асуда, — дейді ауданның бас ұстазы.

    Иә, бітіспес дауға айналып бара жатқан білім бөлімі басшысының басындағы жағдай өз кезегінде саладағы жұмыстарды үйлестіруге, оқушылардың сапалы білім алуына жағдай жасауға кедергі болмаса игі.  Жалпы, білім бөлімі дауласатын емес, өскелең ұрпаққа тәрбие беретін сала болғандықтан, ұрыс-жанжалдан барынша аулақ болған жөн. Білім беру саласын басқарып отырған азаматтар осыны қаперінен шығармаса, жұмыс та жүйесіз болмайтыны анық.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *