Қоғам

Коронавирусты тұмаудан қалай ажыратамыз?

Ел ішінде күзгі тұмау маусымы эпидемиологиялық ахуалды күшейтеді деген қауіп жоқ емес. Осыған орай, инфекциялық ауруларды коронавирустан қалай ажыратуға болады? Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының штаттан тыс бас инфекционисті Тамара Ұтағанова осыған орай жақында мәлімдеме жасады.

— Бәрімізге белгілі, күз айларында салқынның түсуіне байланысты көптеген созылмалы аурулар өршиді. ЖРВИ, тұмау ауруынан жаздан кейінгі әлсіздіктен ауырып қалуымыз мүмкін. Адамдардың созылмалы аурулары асқынуы ықтимал. Мұндайда ағза инфекциялық ауруларға ұрымтал келеді. Оның ішінде коронавирустық инфекция да бар. Егер, басқа ЖРВИ-мен ауырып ағзаны әлсірететін болсақ, КВИ толқынына да қауіп бар. Осыған байланысты қазіргі кезде Жұқпалы аурулар ауруханасының эксперттік тобымен, әріптестерімізбен үлкен масштабты жұмыс атқарылып жатыр. ЖРВИ, тұмау маусымына дайындық жүргізілуде. КВИ қосылған жағдайда қалай әрекет етудің алгоритмі жасалған, — дейді маман.

Оның айтуынша, жұқпалы аурулардан сақтанудың бірден-бір тиімді тәсілі — вакцинация болып табылады. «Қауіп тобында тұрған адамдар — 65 жастан асқан кісілер, жүкті әйелдер, жиі ауыратын балалар, жүрек, өкпе, бүйрек созылмалы ауруларымен есепте тұрған адамдар, медициналық қызметкерлер тұмауға қарсы жылда екпе алады. Екпе тұмаудан сақтай отырып, КВИ үдеуіне, қарқынды таралуына кері ықпалын тигізетіні белгілі», — дейді Т. Ұтағанова.

Биыл тұмау маусымы 1 қазан мен 31 наурызға дейінгі аралықта жалғасуы мүмкін екен. «Жылда қаланың инфекциялық қызметі осы уақыт аралығына дайындалады. Биылғы дайындық уақытында басталды. Әлбетте, қаладағы инфекционист мамандар КВИ мен тұмауды ажырата біледі. Тұмау мен ЖРВИ клиникалық белгілері бұрыннан белгілі. Мамандар дифференциалды диаогностика жасай алады. Тұмау белгілері — дене қызуы, мұрыннан су ағуы, тамақ қышуы, аяқ-қолдың сырқырауы, жөтел. Қабақ ісіп, көз қызарады. Симптомдар жедел басталғандықтан бірден сезіледі. Осындай белгілер пайда болғанда, тұрғындарға учаскелік дәрігерге хабарласуын сұраймыз» — деді ол.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *