Біле жүріңіз

Әл-Фараби не үшін «Екінші ұстаз» атанды?

Әбу Насыр Мұхаммад ибн Тархан ибн Узлағ әл-Фараби – адамзат біліміндегі көптеген салада терең ізін қалдырған Ислам Ортағасыр ұлы ойшылдарының бірі. Оның логика, метафизика, жаратылыстану, әлеуметтік философия, этика мен саясаттағы іргелі еңбектері, Шығыс ислам және ортағасырлық Батыс мәдениеттерінің дамуынан кейін Қайта өрлеу мен Жаңа заманға үлкен әсерін тигізді. Әлемдік мәдениет тарихында ол Шығыс Аристотелі әрі ортағасыр әлеміне табиғатты, адамзаттық қоғам мен адам жанын зерттеудің құпия пердесін ашушы Ұстаз ретінде танымал.

Әл-Фараби логика мен көптеген теориялық ғылымдар жайындағы еңбектердiң иесi екенi мәлiм. Әсiресе, олардың басым көпшiлiгi – мантық (логика) ғылымы. Ғалым шамамен Аристотельдiң барлық кiтаптарын араб тіліне аударып, оларға түсiнiктеме берген. Мысалы, «Бiрiншi Аналитика», «Силлогизм туралы кiтап», «Екiншi Аналитика» деп танылған «Дәлел жайындағы кiтап», «Топика», «Он категориялар жайындағы кiтап», «Софистика», «Риторика», «Поэтика», «Табиғи үйлесiмдiк», «Аспан және әлем», «Аспандық белгiлер» және тағы басқа.

Батыс әлемі Аристотельді әл-Фарабидің арқасында таныды. Өйткені Еуропа Аристотельдің кітаптарын түпнұсқада оқып түсінуге шарасыз болған. Сол үшін олар грек тіліндегі Аристотельді араб тілі арқылы тануға мәжбүр еді. Тіпті кейбір қолжазба беттерінде әл-Фарабидің «Бұл кітапты қырықтан астам рет оқыдым» деген жазулары бар екені нақты деректерде кездеседі. Осылай әлемнің Бірінші ұстазын танытқан әл-Фараби «Екінші ұстаз» атанды.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *