Uncategorized

«Той тойладық, енді ой ойлайық»

Тойханасын мектепке айналдырған кәсіпкер осылай дейді

Биылғы жаңа оқу жылын күнгейліктер ерекше жаңалықпен бастады.  Қаладағы «Оңтүстік қабылдау үйі» атанған тойхана ғимараты мектепке беріліп, бұл ақпарат қазір ғаламторды шарлап кетті. «Не шықса да Шымкенттен шығады» деген сөз осылайша өз шындығын тағы бір дәлелдегендей болды.

Шымкенттегі ең үлкен даңғылдардың бірі «Нұр-Сұлтанның» бойында, қалалық әкімшілік-іскерлік аумағына қарама-қарсы орналасқан «Оңтүстік» қабылдау үйі бірнеше жыл бойы қала, облыс тұрғындарының қуанышына қызмет етіп келді. Енді бұл жерде оқушылар білім алатын болады. Білім беру орталығы талаптарына сай қайта жабдықталған ғимарат қазір «Әл-Фараби атындағы академиялық мектеп» болып қайта құрылды. Тойхананың мектепке  айналуына себеп болған ең бірінші мәселе — мектеп жетіспеушілігі. «Нұрсәттегі» 1200 балаға арналған №80 орта мектепте 4500-ге жуық бала үш ауысымды негізде оқитыны бұған дейін талай айтылып жүрген өзекті жайт еді. 

— «Болашақ» мемлекеттік бағдарламасымен 2017-2018 жылдары Финляндияда оқып келдім. Финляндия біздегідей жер асты қазба байлықтарына бай емес, өнеркәсібі де өркендеген деп айтуға болмайды, тек білім индустриясымен алға озған шағын мемлекет. Әлемнің қаншама педагогтарын оқытып, олардың жетістігі мен кемшілігін саралай отырып, ең озық үлгісін өз тәжірибелеріне жарату арқылы күнелтіп отырған ел десе болады. Бір ғажабы, осы елде орта білім алу үшін оқушыларға барлық жағдай, мүмкіндіктер жасалған. Финляндияда біздегі «Рixsos» сияқты зәулім сарайлардың мектеп екенін  көріп, алғашында таң-тамаша болғанмын. Бізде де оқушылар осындай ғимаратта неге оқымасқа деген арман көкейімде көптен жүретін. Биыл пандемия кезінде бос тұрған тойханаларды медициналық орталықтарға айналдыру туралы көптің тілегі менің де ойымды қанаттандырды. Сөйтіп,  тойхана иесімен жолығып, қазір бос тұрған ғимаратты мектеп игілігіне пайдалануға беруін сұрадым. Кәсіпкер де менің ойымды бірден құптап,  ғимаратты оқу талаптарына сай қайта жасақтауды қолға алды. СЭС мамандары тексеру, зерттеу жүргізіп, рұқсат бергеннен кейін бұрынғы тойхана мектеп болып ашылды,  — дейді Шымкент қаласындағы №80 орта мектеп директоры Сәуле Қалыбекова.

Рас, алғашында ата-аналар арасында «баламды бұрынғы тойханаға оқытпаймын» деп қарсылық білдіргендер де болды. Бірақ, жаңа мектеп директоры Айшакүл Шайхинаның айтуынша, түсіндіру жұмыстарынан кейін  ата-аналар да жаңа ғимараттың тиімділігінен үміт күтіп отыр. Академиялық мектеп деп аты айтып тұрғандай, оқушылар бұл жерде жан-жақты және тереңдетіп оқу бағдарламасын игереді. Сондай-ақ, мектеп жанынан  мұғалімдерге арналған оқу курсы ашылмақ. Айшакүл Әбдішқызы алға қойған жоспарларының көп екенін алға тартты.

Ал, қаладағы бір мектепті үш ауысым мәселесінен арылтып, тойхананы білім ұясына айналдырып, «айды аспанға бір-ақ шығарған» кәсіпкер кім болды екен? Ол бұған дейін де көпшілікке жақсы ісімен танылған Есбол Қамбаров есімді азамат

— Пандемия өршіп тұрған жазғы маусымда тойхананы провизорлық орталыққа айналдыруға беремін дегенмін. Қала әкімінің сол кездегі орынбасары Ербол Садыр келіп көріп, шаһар басшысымен ақылдасатынын айтып кеткен.  Кейін аурулардың тіркелу көрсеткіші азайып, ахуал жақсарған соң қажет деп таппаса керек. Ал мектептен ұсыныс түскенде қуана-қуана келісім бердім,  —дейді кәсіпкер. Есбол Әуесбекұлының айтуынша, тойхана мектепке айналғалы ел ішінде түрлі әңгімелер айтыла бастаған. Соның ішінде «егер табыс түспесе,  мектепке бермес еді ғой» деген қаңқу көңілін түсіреді.

—  Мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында жасалған келісім-шарт бойынша жиырма жылға дейін мен бұл ғимаратты басқа мақсатқа пайдалана  алмаймын. Мүмкін, алдағы үш-төрт жылдан кейін ғана табыс әкелер. Ал, шын мәнінде, дәл қазір маған мемлекет ешбір аренда төлеп отырған жоқ.   Жасырмаймын, тойхана болып тұрған кезде маусым кезеңінде ай сайын 15-20 миллиондай табыс болатын.

Негізі, пандемияның өзі санасы бар адамға өмірдің нағыз шындығын көрсетіп кетті. Адамға алдымен не керек екенін, өлімнің жақын екенін терең үйретті. Әрбір отбасын ауру айналып өткен жоқ, тіпті қаншама жақындарымыздан айрылдық. Осы жайттар бізге бала тәрбиесіне немқұрайды қарамауды, оларға білім үйретуді, денсаулық саласында да жақсы мамандар даярлауды ұқтырды. Міне, тойхананы мектепке берген мақсатым алдымен болашағымызға деген жанашырлықтан. Рас, алғашында шығынға батармыз, бірақ тек табысты ойламай, елге де сауапты еңбек ету керек. Осындай зәулім ғимаратты қиып бере салу да нартәуекелді қажет етеді. Он ойланып, жүз толғанып кіріскенде істеген жақсылығыңа біреулер дүнияуи сұрақтар қойса жанға батады екен. Бірақ, алға қойған жоспарларымыз мықты. Мектеп химия-математика бағытында сабақ береді. Алдағы екі-үш жылда еңсе тіктеп, алдыңғы мектептер қатарынан көрінсек, бәрі дұрысталады деп ойлаймын,  — дейді бұрынғы тойхана иесі.

Жаңа мектеп ғимаратынан қазір сынып бөлмелері жасақталып, парта, орындықтар қойылып, тақталар орнатылыпты. Мұғалімдер бөлмесі мен  директор кабинеті, оқушылардың сынып бөлмесіне лайықталған жеке кабинеттер бар. Ал, кіреберіс фойесіне бас сұққаннан театр ғимаратына кіргендей әсер қалдырады. Бұл әсемдік оқушыларға да эстетикалық тәрбие беретіні анық. «Бала саны көп» деп отыра бермей, тығырықтан жол тапқан мектеп басшылығы мен бала болашағына алаңдаған кәсіпкердің азаматтығына осындай қысылтаяң кезде сына қақпай, қолдау білдірген жөн. Әлемдік тәжірибеден алынған үрдістің біздің ел болашағына да тигізер үлесі мол болғай. Өйткені, қазір нағыз той тойлайтын емес, ой ойлайтын заман келіп жетті!

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *