Басты жаңалықтар Мәселе

Әкесі әкімдерге жауапкершілік жоқ па?

Ашынған арызданушылар осылай дейді

Осыдан үш жыл бұрын көлік рөлінде мас күйінде отырып, бағдаршамның қызыл түсіне өтті деген айыптаумен басы дауға қалып, ақырында жұмыстан кеткен бұрынғы прокурор Нұржан Полатов ұзақ уақыт жұмыссыз жүрмегенге ұқсайды. Ол бүгінде «Сырдария-Түркістан» мемлекеттік өңірлік табиғи паркі Түркістан филиалының директоры қызметін атқаруда.

Біз мұны не үшін қайта қозғап отырмыз? Бұл сауалдың жауабын тарқатар болсақ, тағы да дауға тап келеміз. Ол дау да жәй дау емес, арыздың алды Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевқа да жөнелтіліпті. Н.Полатовтың іс-әрекетіне қатысты арыз, сонымен қатар, Президент Әкімшілігінің басшысы Е.Қошановқа, Бас прокурор Н.Нұрдаулетовке, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы А.Шпекбаевқа, Экология, геология және табиғи ресурстар министрі М.Мырзағалиевке және басқа да көптеген лауазымды азаматтарға жолданған. Арыз иелері Әлібек Абдіжаппар, Шалдаров Абылай,Төреханов Нұрғиса, Алтыбеков Ақылбек, Пазылбеков Талғат, Сапарбаев Қанат, Додабаев Нұралхан есімді азаматтар. Оқырманға түсінікті болу үшін біз жоғарыдағы арызданушылардың сенімді өкілі, Шымкент қалалық адвокаттар алқасының жеке дара адвокаты Мұрат Жолшиевтың жазған арызының қысқаша нұсқасын редакциялап, оқырман назарына ұсынғанды жөн көрдік. Онда былай делінген:

«ҚР Президентінің, ҚР Бас прокурорыныңатына «Сырдария-Түркістан» мемлекеттік өңірлік табиғи паркі КММ бас директорының орынбасары Ақылбек Абдикадиров пен «Сырдария-Түркістан» мемлекеттік өңірлік табиғи паркі Түркістан филиалының директоры Нұржан Полатовқа қатысты қылмыстық іс-әрекеттер бойынша жазған арызымыздың жөнелтілгеніне алты айдың көлемі болса да бірде-бір дұрыс жауап алғанымыз жоқ. Байқағанымыз, жазылған арызымыз жоғарыдан облыс прокурорына, одан төменгі сатыдағы прокуратураға, олар қайтадан аудандық ішкі істер бөліміне жолдаумен шыр көбелек айналып жүр. Сол секілді ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігіне, Сыбайластық жемқорлыққа қарсы Агенттікке жолданған арыздар да алғашқысының кейпін киіп, екі ортаны жол етуде. Былайша айтқанда, біз үстінен арызданып жүрген мекемеге қатысты шағымымыз тура осы мекемелердің өздеріне айналып қайта келуде. Ал олардың өз қателіктерін өздері анықтап, жоғарыға мәлімет беруі мүмкін бе?

         Тек 28 тамыз 2020-жылы ғана Бас прокуратураның Қоғамдық мүдделерді қорғау қызметі бастығының орынбасары Б.Мизанбаевтың қолымен «Сырдария-Түркістан» мемлекеттік өңірлік табиғи паркі КММ-де мемлекеттік меншік талан-таражға салынғаны туралы уәждерді тексеру үшін Түркістан облысының мамандандырылған табиғат қорғау прокуратурасы мен Түркістан облысы бойынша ішкі мемлекеттік аудит департаментіне тексеру туралы талап жолданды» деген жауап алдық. Дегенмен, бүгінгі таңға дейін облыстың құқық қорғау органдарынан А.Абдикадировпен Н.Полатовқа қатысты іс-әрекеттер бойынша арызда көрсетілген фактілер негізінде бірде-бір тексеру жүргізілген жоқ. 

          Түркістан облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекция басшысының 2020 жылғы 30 наурыздағы № 29-Н санды бұйрығымен инспекция басшысының ЕҚТА (Ерекше қорғалатын табиғи аймақ) жөніндегі орынбасары А.Суюбаев, инспекция қызметкерлері С.Жолдықараев, Н.Уразымбетовтың және арызданушы А.Шалдаров пен куәлік етуші Н.Төреханның қатысуымен 01.04.2020 жылы тексеру жүргізіліп, 103, 107, 93 орамдардан 2019-2020 жылдары кесілген, диаметрі 8-20 см аралығындағы 290 дана жиде мен тораңғыл ағаштарының кесілген діңгектері анықталып,акт түзілген болатын. Бірақ бұл акт инспекция басшысы, Н.Полатовтың туған қайын атасы — М.Аязовқа, әлде әкесі — Созақ ауданының әкімі С.Полатовқа ұнамады ма, әйтеуір инспекция басшысы М.Аязовтың 2020 жылғы 01 маусымдағы № 55-Н санды бұйрығы негізінде инспекция басшысының ЕҚТА-ға қатысы жоқ өзге бір орынбасары — М.Жылқышиевтың төрағалығымен коммиссия құрылады. Сөйтіп арызда көрсетілген жайттарға байланысты арызданушының қатысуынсыз қайта тексеру жүргізіп, алғашқы актіде көрсетілген фактілерді теріске шығарып, шындыққа жанаспайтын мәліметтермен жаңа акт түзген.

Бұл мәселеге байланысты бірнеше дәлел бар. Айталық кейінгі актіде тексеруге Шәуілдір орманшылығының орманшысы Т.Пазылбеков қатысты деп көрсетілген. Ол комиссиялық тексеруге қатыспақ түгілі, ол жайында өзге біреуден есітіп, комиссия мүшелерін қайтып бара жатқанда жолдан күтіп алып, жолыққан. Яғни актіде қатысты деп көрсеткен орманшы, куәлік етуші Т.Пазылбеков шын мәнінде тексеруге қатыспаған. 

Жаңадан құрылған коммиссия арызданушылардың қатысуынсыз 21 орам, 4 телімдерінен кесілген, диаметрі 8-20 см. 55 дана жиде ағаштарына қатысты 2013 жылы 21 орам, 4 телімінен 28 текше метр жиде ағаштарын кесуге уәкілетті органнан рұқсат алынып, іріктеп, санитарлық кесу жұмыстары жүргізілген деген жалған құжат тіккен. Яғни арызданушы көрсеткен 21 орамдағы ағаштар заңды кесілген деп акт түзген. Осы актіде көрсетілген мәліметтің шынайылығына көз жеткізу үшін 11-13 тамыз аралығында Отырар аудандық Ішкі істер бөлімінің және инспекция, өңірлік табиғи парк қызметкерлерінің қатысуымен барып, аталған жиде ағаштарын Айдарбеков Мұрат деген азаматтың кесіп алғанына, ол ағаштардың М.Айдарбековтың егістік жеріне қоршау үшін пайдаланғанына, ағаштар бүгінгі таңда қадаулы тұрғанына көз жеткіздік. Айта кететін жағдай, Отырар ауданының ІІБ-ің бастамасымен кесілген ағаштардың түбірлерін қайта санау барысында ормандарды түгел тексермегеннің өзінде кесілген ағаштар саны 288 емес, 648-ден асып кетті.

Жоғарыдағы комиссия актісінің төртінші бетінде: «ҚР Ауыл шаруашылығы министрінің 30.01.2015 жылғы №18-02/53 «Мемлекеттік орман қорында таңбалар қолдану қағидаларын бекіту туралы» бұйрығына сәйкес, 1 кестеде заңсыз кесілген деп көрсетілген ағаштардың заңды кесілгендігін дәлелдейтін таңба басылған. Алайда, бұл ормандағы телімдерге тораңғыл және жиде ағаштарына 2013-2019 жылдары аралығында ағаш сүректерін кесуге рұқсат берілмегеніне қарамастан, 138 дана заңсыз кесілген ағаштарды заңдастырып таңбалаған. Неліктен комиссия 138 ағаштың заңсыз кесілгендігін анықтай отырып, тиісті шара қолдану үшін материалдарды құқық қорғау органдарына жолдамай, деректі жасырған. Н.Полатов тарапынан заңсыз кесілген ағаштарды жасырушылық тек Шәуілдір орман шаруашылығындағы 138 ағашпен шектелмей, басқа да орман шаруашылықтарында орын алып отырмағандығына кім кепіл?

         Біздің арыздар негізінде Отырар аудандық полиция бөлімінде бір емес үш қылмыстық іс қозғалды. Анықталған құқықбұзушылықтар бойынша лауазымы төмен инспекторлар мен бөлім басшыларына ғана тәртіптік шара қолданумен шектелген. Ал мекеме мен инспекция басшылары неліктен жауапкершілікке тартылмайды? Әлде әкімнің баласы үшін жауапкершілік жоқ па?

         Құрметті Қасым-Жомарт Кемелұлы! Нұрдәулет Ғиззатуллаұлы!

Жоғарыдағылар негізінде Сіздерден арызда көрсетілген «Сырдария-Түркістан» мемлекеттік өңірлік табиғи паркі КММ-інде заң бұзушылық іс-әрекеттердің толық және сапалы тексерілуін өз бақылауыңызға алып, қадағалауыңызды және тексеруді түрлі созбалаңға салып, өздеріне жүктелген функционалдық міндеттерін дұрыс орындамай жүрген ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар комитетінің төрағасы Қайнарбековтың, Түркістан облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекция басшысы Б.Қалымбетовтың, шындыққа жанаспайтын акт түзіп, жалған мәлімет берген инспекция басшысының орынбасары М.Жылқышиев бастаған коммиссия мүшелерінің жауапкершілігін қарап, шара көруіңізді сұраймыз».

Арыз иелерінің арасында аты аталғандардың бірі Талғат Пазылбеков «Біз мұны еріккеннен айтып жүргеніміз жоқ. Табиғатқа жанымыз ашиды. Мен тоғайдың жағасында көп жыл қой бақтым. Сол кезде тоғайдағы ағаштың қалыңдығынан ішіне атпен кіре алмайтынбыз. Қазір сол қалың тоғай құрып бітуге таяп қалды. Бұлай жалғаса берсе бірнеше жылда тоғайдың орны бос қалуы мүмкін. Адамдар қызыл кітапқа енген ағаштарды аяусыз кесіп жатыр. Соны айтамыз деп қуғынға түстік. Жұмыстан кеткендер де бар», — дейді ашынып.

Әрине, арыз дегеніміз жан-жақты дәлелін тапқан соттың үкімі емес. Онда арызданушылар тарапынан да жалған мәлімет айтылып, жала жабылуы мүмкін. Осындай келеңсіздікке жол бермес үшін арызда аты аталған лауазым иелерінің де пікірін білмек болып, хабарластық. Алдымен «Сырдария-Түркістан» мемлекеттік өңірлік табиғи паркі КММ бас директорының орынбасары Ақылбек Абдикадировқа хабарласқанымызда ол өз уәжін төмендегіше жеткізді. «Тексеру барынша таза болу үшін екі жақтың да өкілдерін қатыстырып, комиссия құрдық. Сол комиссияның тексеру қорытындысы бар. Ол қорытындыны бұл жақта отырып біз дұрыс немесе бұрыс емес деп айта алмаймыз. Әркім қай жаққа арыз жазса да өз құқы ғой. Жаза берсін. Айыптаулары дәлелін таба ма, жоқ па оны уақыт көрсетер. Дегенмен, өз жазғандарын дәлелдей алмаса біз де қарап қалмаймыз. Заң алдында жауап беретін болады. Шынымды айтсам, бұл мәселеге қатысты ойланып та жүргенім жоқ. Өйткені, одан да ауыр жайттар орын алуда. Адамдар сырқатпен алысып, өз денсаулықтарымен әуре. Осындай қиын кезеңде дауласуға да зауқымыз жоқ. Негізінде біз оларды, олар бізді тікелей танымаймыз да. Жуырда өткен бір жиналыста бітімгершілікке келуге қол алысылған болатын. Ал енді не болғанын түсініп отырған жоқпыз».

Ал дауға тікелей себепкер болып отырған «Сырдария-Түркістан» мемлекеттік өңірлік табиғи паркі Түркістан филиалының директоры Нұржан Полатовқа телефон шалғанымызбен, тілдесудің сәті түспеді. Дәлірегі, тұтқаны көтермеді. Бәлкім, ол кісінің де өз айтары бар шығар. Алдағы уақытта хабарласып жатса, уәжін тыңдауға әзірміз.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *