Басты жаңалықтар Мәселе

Созақтан жазылған арыз облыс асып, Президентке кетті

Мұны ағайынараздыққа балағандар әлі жайбарақат

Созақ — Түркістан облысындағы мемлекет қазынасына қомақты қаржы құйып отырған донор аудан. Сол себепті де елдің әлеуметтік ахуалында оң өзгерістер көп. Соңғы екі жылдың өзінде жүздеген шақырым жолға тас, асфальт төселген. Ауылдарға көгілдір отын тартылып, электр жүйелері кезең-кезеңімен жаңартылуда. Алайда…

Тұрғындардың тұрмыс-тіршілігін жеңілдету мақсатында мемлекет тарапынан қаншама қаражат қаралып, инфрақұрылымды дамыту жолында игі істер атқарылғанымен, сапа мәселесіне келгенде жиі сын айтылып жүр. Әсіресе, жол жөндеу құрылысына қатысты. Тіпті, ашу-араздықты арқалаған арыз Түркістан облысы әкімінен асып, Бас Прокурорға, Президентке дейін жеткенге ұқсайды. Осы тақырыпты қаузаған жазбалар әлеуметтік желілерде жиі көтерілуде. Көп жазбалардың бірінің авторы Ералы Талдыбаев біздің редакцияға да қоңырау шалыпты. Уәжіне құлақ түріп көрдік.

«Менің Президент Қасым-Жомарт Тоқаев мырзаға, еліміздің Бас Прокурорына, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасына шағымданғаным рас, — дейді Е.Талдыбаев. — Себебі, 2019 жылы Созақ ауданындағы ауылдарға төселген асфальт жолдардың сапасы сын көтермейді. Бұл қаражаттың жеткіліксіз бөлінуінен емес, жұмыстың сапасыз жүргізілуінен деп білемін. Аудандық әкімдіктің автомобиль жолдары және тұрғын үй бөлімінің бұрынғы басшысы Бауыржан Әбенұлы інісінің сыныптасының атынан «ТОО ММG-GLOVAL» деп аталатын компания ашып, екі-үш жылдан бері сапасы сын көтермейтін жолдар салумен шұғылданып келеді. Төселген асфальт жолды қабылдап алуға жауапты азамат Бауыржан Әбенұлының өзі болғасын, олар да сапаға көңіл бөлуді ұмыт қалдырмағанда қайтсін?

Мен Созақ ауданына қарасты Тасты ауылының тұрғынымын. Ауылымыздың жағдайына бей-жай қарай алмаймын. Ала жаздай не істегендерін қайдам, әйтеуір ауылдардың ішкі көшелеріне асфальт өткен жылдың желтоқсан айында, қарлы боран соғып тұрғанда төселді. Сапаға мән беріп, ауыл жағдайына шын жаны ашыған адам осындай қадамға барады ма? Қарлы боранда төселген асфальтта қандай сапа болмақ? Әлде бұл қыруар қаражатты жымқырудың оңай жолы ма екен? Естуімізше, осы секілді ауылішілік 45 шақырым жолға 400 миллион теңгеге жуық қаржы қаралған екен. Бұл не қылған сұрауы жоқ батпан құйрық?

Осы мәселелерді бірнеше рет әлеуметтік желіге салудың нәтижесінде мамыр айында Тасты ауылына Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінен комиссия мен жолдың сапасын тексеретін зертхана келді. Асфальттің сапасыз төселгеніне олардың көздері жеткен болатын, бірақ қорытындысын дұрыс бермеді. Бірақ біз алған бетімізден қайтпаған соң, амалсыз Тасты ауылына екінші рет жаңа асфальт төселді. Алғашқы жол сапалы болса неге екінші рет асфальт төселді және ол кімнің есебінен?

Басқа ауылдарға, атап айтсақ, Шолаққорған, Сызған, Қарақұр, Шу, Кыземшек ауылдарына төселген жаңа асфальт жолдардың да сапасы сын көтермейді. Мемлекеттің бөлген қаржысын талан-таражға салған, сапасыз жолдарды қабылдаған тиісті басшылардың заң аясында жазасын беретін құзырлы органдар қайда қарап отыр? Ауданда орын алып отырған осындай заңсыздықтарды жоғарыдағылардың назарына жеткізгім келді. Бұл менің азаматтық құқым».

Арызда айтылған осы жайттарға байланысты біз Созақ аудандық автомобиль жолдары және тұрғын үй бөлімінің қазіргі басшысы Дәулет Байзақовқа хабарласып, мән-жайдың қаншалықты шындыққа жанасымды екенін сұрадық. «Мен бұл қызметке сәуір айында келдім. Арызда көрсетілгеннің барлығы маған дейін орын алған жәйттер. Мен келгелі Шолаққорған, Таукент, Созақ, Жыныс, Қаратау елді мекендеріне жол төселді. Ол жолдардың жағдайы жақсы, сапасына ешкім шағым айтып жатқан жоқ. Арызда көрсетілген жолдардың қай кезде төселгенінен бейхабармын. Білетінім – ол жолдардың жұмысы аяқталған. Ел құлағы елу ғой, Тасты мен Сызғандағы жолдардың сапасыздығы жөнінде сөз шығып жатқаны рас. Бірақ мына нәрсені де ұмытпау керек: төселген жолдың сапасына қатысты мердігердің екі жылдық кепілдік мерзімі бар. Сапасы төмен бе, келесі жылы қалпына келтіріп беруі тиіс. Тастыда орын алған жағдайға байланысты биыл өзім құрылыс басында жүріп, былтырғы жолдың бетіне бес сантиметр етіп қайта асфальт төсеттік. Сызғандағы жол Тастыға қарағанда дұрыстау екен. Дегенмен, кемшін тұстарын кескізіп тастап, жамап шықтық».

Таразы басын тең ұстау үшін арызда аты-жөні көрсетілген, яғни келеңсіздікке жол берді деп айыпталып отырған Бауыржан Әбенұлының өзімен де хабарластық. Бүгінде аудандағы мемлекеттік активтер және сатып алу бөлімінің басшысы қызметін атқарып отырған Бауыржан мырза өзіне тағылған айыптар жөнінде былай деді: – Арызда айтылған жайттар бойынша тексеру жүріп жатыр. Арыз иесі алыс адам емес, өзімнің немере інім болады. Мен оның бұл әрекетінің барлығына көз жұмып келемін. Өйткені, ол үлкен шаңырақта отыр. Самай деген үлкен атамыз мәңгілік мекеніне сол шаңырақтан аттанған. Негізі бұл жайтқа жол сапасы емес, ағайын арасындағы араздық себеп болып отыр деп ойлаймын. Бірақ, өкпеге қисақ та өлімге қимайтын қазақпыз ғой. Ашуы тарқағасын айыбын түсінер.

Ал енді тендерге қатысты мәселеге тоқталар болсам, жеңімпаз мердігер компанияның иелері Шымкент қаласының азаматтары. Ал менің інім деп отырғаны – әкемнің ағасының баласы. Ол аталған компанияда жұмыс істегенімен, басшылық қызметте емес. Тендердің қалай өткізілгенінің де маған қатысы жоқ. Конкурс қорытындысына орай шағым болып, мердігер сотта жеңіп алды. Одан кейін техникалық бақылаушы соттасты. Сондай себептерге байланысты жұмыс расында қараша айында, мерзімінен кешігіп жүргізілді. Бірақ «қар жауып тұрғанда төседі» дегені шындыққа жанаспайды. Шағымға байланысты тексерушілер келді, кеміс кеткен жерлерін мердігер өз қаржысына жөндеді.

Арызда мені «жемқор» деп айыптапты. Бірақ, оған келтірер дәлелі жоқ. Сотқа жүгінуге арым жібермейді. Ел не дейді? Артымыздан ерген ұрпақтарымызға да үлгі болатын тірлік емес. Оның үстіне кезінде сол ауылда әкім де болғанмын. Қайтемін, өз қолыңды өзің кесе алмайды екенсің. Сөзі жеткен жеріне дейін арыздана берсін, ақылына қонақ берген күні өзі де қояр. Бұл ертеңіміз, перзенттеріміз үшін маңызды. Жалпы, мен соттан қорқатын адам емеспін. Өмір болғасын, дау да кездеседі. Қазір де жұмыс барысында әлдекімдермен соттасып жүрмін. Біреуінен басым түссем, біреуінен жеңілермін, ол маңызды емес. Маңыздысы – ағайын арасындағы алауыздықты ушықтырмау».

Иә, осылайша Созақ ауданында жол сапасына қатысты дау облыс асып, Президентке жетіпті. Оған қатысты деген адам мұны «ағайын арасындағы араздыққа» балап отыр. Ал жол, мемлекеттің қаржысы – ағайын арасындағы емес, бүкіл елдің ортақ мәселесі. Сол себепті бұл дауға Созақ ауданының әкімі Салыхан Полатов та бей-жай қарамауы тиіс. Арызда айтылған жайт шындыққа жанаса ма, тиісті адам жазасын алуы тиіс. Жала болса оған да заңды шара көрілуі қажет. Ал «ағайын арасындағы дау ғой» деп екі азаматтың арасындағы тұтанған отқа жайбарақат жылынып отыру елге шын жаны ашитын басшының байламы болмаса керек-ті.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *