Өмірдің өзі

«Крышам» обком хатшының өзі болды

Менің Ресейде туып-өскен Мұрат деген досым бар. Ол бізде автокөлік жүргізушісі болып жұмыс істейді. Қашан көрсең де жайдары қалпынан  таймайтын ол қызықты әңгіме айтқанды да ұнатады. Әсіресе, шытырман  оқиғалы әңгіме десе жайнап кетеді.

— 1984 жылы Астраханьда «КамАз» айдап жүрген кезім, — дейді бірде басынан өткен оқиғасын еске алып. — Біздің автоколонна негізінен ұзақ сапарға баратын көліктерге мамандандырылған. Көбіне Мәскеу, Ленинград қаласына азық-түлік өнімдері мен техника бөлшектерін жеткіземіз. Бір күні жұмыстан келе жатсам, қала шетіндегі жолда  үлкен қара «Волга» тоқтап тұр екен. Жанында тұрған кісі маған тоқта дегендей белгі берді. Жасы 45-50-лерге келген қасқа басты, денелі кісі жалпылдап амандасып жатыр. 

— Машинамның бұзылып қалғанын көріп тұрсың. Давай братишка,  жәрдем бер. Бізді 12 мөлтекауданға жетікізіп салшы, өтінемін сенен. Міне,  мына мекен-жайға апарсаң болғаны, — деп қиылып болмады. Күн батуға әлі ертелеу. Оның үстіне қауырт жұмыс та жоқ. Нем кетеді, апарсам апарып тастайын деп, әлгі «Волганы» тіркемеге алып, көрсеткен адрес бойынша жүріп кеттік. Жеңіл машинада жүргізушіден басқа келісті бір келіншек те бар екен. Сонымен, екі сағат дегенде діттеген жерімізге жеттік. Әлгі қасқа бас жүргізуші аман-есен жеткенімізге масаттанып, алмаймын дегеніме қарамай бір жәшік консерві қалбыры мен қалтама ақша тықпалай берді. Керек болып қалсам деп өзінің визиткалық картасын қоса ұсынды. Былай шыққан соң қалтамдағыны санасам, жүз сом! Ол уақытта жүз сом дегеніңіз қыруар ақша.

Уақыт солай өте берді. Бір күні кезекті рейске шыға алмай қара басты да қалды. Бәріне кінәлі өзім. Қаланың бір қызын ұнатып жүргенмін. Соның туған күні болып, қыдырып, жұмысқа екі күн бара алмай қалдым. Үшінші күні барсам маған бұйрық шығарып қойыпты. Дереу машинаңды өткіз деп қоқаң-қоқаң етеді. Басым салбырап бас инженерге кірдім. Онымен ара-қатынасым жақсы болатын. Ол «Менің қолымнан ешнәрсе келмейді, бастықтың бұйрығын бұза алмаймын. Егер қаласаң слесарь бол, мен көмектесейін» деді аяушылықпен қарап. Су жаңа «КамАз»-ды өткізу әрине, мен үшін үлкен соққы болып отыр.  Мейлі, слесарь болсам болайын, бірақ үйіммен ақылдасайын дедім. Жолда шөл қандырып алайын деп дүкенге кірдім. Көйлегімнің қалтасынан ұсақ ақшаларды ала бергенде әлгі визиткалық карта қосарланып шыға келді.

«Тәк, бұл картаның менде жүргеніне жарты жылдың шамасы болыпты. Тонымды шешіп алмас, қоңырау шалып көрейін», — деп, бірден поштаны бетке алдым. Қажетті нөмірді теріп, құлағыма телефон тұтқасын тосқанымда арғы жағынан «обкомның қабылдау бөлмесі тыңдап  тұр!» деген қыз баланың дауысы естілді. Сасқалақтап қалдым. Сәл үнсіздіктен кейін есімді жиып, картадағы есімді оқып, «Андреев Сергей Ивановичті бола ма» дедім. «Қазір, бір минут», — деді хатшы қыз. Бір кезде «обкомның екінші хатшысы Андреев Сергей Иванович» тыңдап тұр» деген таныс дауыс естілді. Мен өзімнің кім екенімді таныстыру үшін алдымен аты-жөнімді, кейін күздегі болған бұзылған «Волга» оқиғасын есіне салдым. Сергей Иванович мені бірден таныды. Кішіпейділігін тағы да танытып, жалпылдап жағдайымды сұрап жатыр. Мен жұмыстан, оның ішінде «КамАз»-ымнан айрылып қалғанымды қынжыла жеткіздім. Аз-кем үнсіздіктен соң екінші хатшы біздің автоколоннаның мекен-жайын, басшысының аты-жөнін сұрады. Айтып бердім. «Ал, інішек қорықпа.  Бәрі де ойдағыдай болады. Осылайша, жиі-жиі хабарласып тұр» деді де Сергей Иванович трубканы қоя салды. 

Мен не сенерімді, не сенбесімді, не қуанарымды, не қуанбасымды білмей, есеңгіреген күйі үйге жеттім. Өзімнің әрекетімнің не дұрыс, не бұрыс болғанын бағамдай алар халде емеспін. Бірақ, оның обкомның екінші хатшысы екенін қайдан білейін деп өзімді жұбатқансыймын.  

Сонымен, не керек, ертесіне жұмысқа бардым. Кеңсе алды топырлаған  адам. Бастықтардың көліктері аулада қаздың балапандарындай тізіліп тұр.  Алдымнан бас инженер шықты да: «Ойбай, Сардаров, бол тезірек. Бәрі сені күтіп тұр. Тіке бастықтың кабинетіне бара бер», — деді. Кабинетке кірсем бастықтардың төрт көзі түгел отыр екен. Шетінен жылы амандасып, арқамнан  қағып дегендей бір сәтте мәртебем көтеріліп қалды.

— Бар да машинаңды қайта қабылдап ал. Әзірге осымен істей тұр. Жарты жылдан соң су жаңа «КамАз» береміз. Болды бара бер. Бізден Сергей Ивановичке сәлем айт,  — деп бастық мені есікке дейін шығарып салды.

Міне, осылайша, қазіргі тілмен айтқанда «крышам» обкомның екінші хатшысының өзі болып, оның пәрменімен көлігіммен қайта қауышқан едім. Бірақ ақымақ басым машинама қол жеткізген соң екінші хатшыға рахмет айтуды ұмытып кетіппін,  — деп әңгімесін аяқтады Мұрат досым. 

Басқаны қайдам, маған бұл әңгіме ерекше әсер етті.  Кеңес Одағын қанша жаман дегенімізбен,  сол кездегі басшыларда ең бастысы адамгершілік қағидаттары бар еді. Қарапайым адамдардың талап-тілектерін, арыз-өтініштерін  аяқсыз қалдырмайтын. Бұған біз  жоғарыда айтқан   обкомның екінші хатшысы мен  қарапайым автокөлік жүргізушісінің арасындағы қарым-қатынастың өзі дәлел болып  тұрған жоқ па? Қалай ойлайсыз?

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *