Әлеумет

Тамылжыған табиғат. Қайнаған тіршілік.

Журналистер Түлкібас ауданындағы оң өзгерістерді көзбен көрді 

Түлкібас ауданы өңіріміздегі табиғаты тамаша, қай жағынан алсаңыз да адамдардың өмір сүруіне қолайлы және жайлы аудан есептеледі. Ауданда инфрақұрылым мәселесі де түгелге жуығы оң шешімін тапқан. Туристерді құшағына тартып, таңдай қақтыруға қауқарлы ауданда диқандадың жерден несібе теруіне де жағдай жасалған.

Өткен аптада Түлкібас ауданы әкімдігі мен ішкі саясат бөлімінің ұйымдастыруымен бір топ қалам ұстаған қауым таулы аймақтың тыныс-тіршілігімен танысып қайтты. Күн ырысын егістік даласында деп білетін шаруаларды таң азанымен жасыл алқаптан таптық. Біз алғаш келген жер «Ерсары» шаруа қожалығы болды.

Түлкібас ауданына қарасты Жаскешу ауылында орналасқан «Ерсары» шаруа қожалығының жалпы аумағы 5 гектар жерді құрайды. Бірінші өнім ретінде ерте көктемде 2 гектар жерге қияр, қалған 3 гектарына ақ желкен егіп, бүгінде оның жемісін көріп отыр. Атап айтар болсақ, бірінші егін сарымсақтан 20 тонна, картоптан 75 тонна өнім алып, сарымсақтың келісін 550, картоптың келісін 110 теңгеден өткізген. Шаруа қожалық егесі Сабыржан Төлепбергеновтің айтуынша Сайрам, Түлкібас аудандарынан келіп түсетін тапсырыстар көлемі біршама ұлғайған. Жалпы, аудан аумағында 155 шаруа қожалығы көктем мезгілінде 266 гектар жерге бірінші өнімі ретінде көкөніс, бұршақ дақылдары мен картоп егіп, 610 тонна өнім алған. Бүгінде бірнеше қожалықтар егістікке еккен екінші өнімдерін жинауда.

Құлашын кеңге жайып, мөл өнім беріп жатқан егістік даласын сумен қамтамасыз ету жүйесі де тиімді жолға қойылуда. 2022 жылға дейін аудан аумағындағы 13 су нысанына күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп, 7015 гектар суармалы жер қайта айналымға қосылмақ. «Қазсушар» Республикалық Мемлекеттік Кәсіпорнының Түркістан облыстық филиалы Түлкібас өндірістік бөлімшесінің аға инженері Қуандық Өмірәлиевтің сөзіне сенсек, ауданға қарасты 520 шақырымды құрайтын 111 су нысандарының ішіндегі 13 каналды темір бетондармен қаптау жұмыстары қолға алынған. Жыл соңына дейін оның сегізінің құрылысын аяқтау жоспарланған. Егер осы жоба толық көлемде атқарылса 4 мың гектар жер қайта айналымға қосылады. Қазіргі таңда ұзындығы 9 мың 800 метр болатын Боз каналын жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Оған 309 млн. қаржы бөлінген. Ал келесі жылға 21 каналды темір бетонмен қаптау жұмыстары қолға алынбақ. Сондай-ақ, жыл соңына дейін 69,1 шақырымды құрайтын «Құлый», «Танта», «Қызыл», «Боз», «Ұзын», «Бесқасқа», «Бала Құлан» сынды магистралды каналдар 5064 гектар ауыл шаруашылығы бағытындағы жерлерді сумен қамтамасыз етуді көздеп отыр екен.

                   Түлкібастың  бренді – тәтті алмасы         

Тамылжыған табиғаты, мөлдір суы, тынық ауасымен ерекшеленетін аймақтың тағы бір айрықша тұсы – дәмді алмасында. Түлкібастың бренді саналатын, жұпары аңқыған алма жемісі туралы айта кетпесек жарамас. «Кентау» ЖШС Түлкібас өңірінде 2013 жылдан бастап қарқынды алма бауын өсірумен айналысып келеді. Жалпы көлемі 231 гектарды құрайтын шаруашылықта алманың Италия, Польша, Түркия сынды мемелекеттерден жеткізген 20 түрі өсіріледі. Серіктестіктің өндірістік директоры Бақыт Құрманбеков өнім көлемін екі жарым мың тоннадан асыру көзделіп отырғанын айтады. Ал алма сақтайтын қойманың сыйымдылығы – 2050 тонна. Әзірге жиналған өнім ел аумағында сатылып жатса, болашақта экспорттау жоспарланған. Алма жинауға жергілікті 160-200-ге жуық адам атсалысады.  

Қазіргі таңда Түлкібас ауданында 2,5 мың гектар алма бау бар. Аудандық ауыл шаруашылық бөлімінің сектор меңгерушісі Абылай Төлепбергенов 2020-2025 жылдар аралығында арнайы дайындалған бағдарламаға сәйкес оның көлемі тағы да 800 гектарға артатынына сендіріп отыр. Өнімдерді сақтайтын 6 қойма жұмыс істейді. Ауданда алма баптаумен айналысатын шаруашылықтардың саны 30-35-ке жеткен.

         Журналистерден құралған топ мүшелері келесі кезекте «Таң Нұры» саумалмен емдеу орталығының жұмысымен танысты. 84 адамға лайықталып жасалған демалыс орнында тынығушылар үшін бар жағдай жасалған. Мекеме басшысы Нұржігіт Қалмырзаевтың айтуынша алдағы уақытта демалыс орнын 170 адамға лайықтау жоспарланып отырған көрінеді.

— Бұл жердің ауасы тыныс алу органдарына өте жақсы ем. Қазір таралып жатқан қауіпті індеттен сақтасын деп саумал алдыртып жатырмыз. Қазіргі таңда мұнда 48 адам демалып жатыр. Сайрам, Қызылорда, Созақтан, тіпті Нұр-Сұлтан, Алматы қалаларынан да келіп жатқандар бар. Жалпы демалушыларға 32 адам қызмет көрсетеді, – дейді шипажайдың бас директоры.

«Таң нұры» шипажайы Түлкібас ауданындағы «Ақсу-Жабағылы» қорығының етегінде орналасқан демалыс орны. Алыс шетелдегі азаматтарды өзіне ынтықтырған аймақтың бір ерекшелігі — суында. Әулие су аталатын бұлақ суының адам ағзасына берер пайдасы мол. 3 мың метр тереңдіктен шығып жатқан су – өкпе тыныс жолдары, ас қорыту жүйесі, қант диабеті мен қан қысымы ауруларынан 90 пайыз емдеуге қабілеті бар екен.

            Несие алып, несібесін арттыруда

«Кәсіп  түбі — нәсіп» екенін түсінген түлкібастықтар бүгінде түрлі шаруаны дөңгелетуге машықтанған. Олардың арасында қолдан келген ісін үлкен жобаға айналдырып, қайтарымсыз несиенің шарапатын көріп отырған азаматтар да жетерлік. Соның бірі, механика маманы Икрам Аброржан: «Атамекен» мектебіне оқуға түсіп, кәсіпкерлікті бастауға сертификат алдым.  Көмек ретінде берілген 505 мың теңгеге Launch pro диагностикасын алып, жұмыс істеп жатырмын. Негізгі мамандығым — автоэлектрик. Тұрақты клиенттер қатары артуда. Қазір күн сайын он шақты адам келіп, көліктерін жөндетеді. Өзім үлгермегесін, қасыма екі шәкірт алып, тәрбиелеп жатырмын. Осылайша, 2018 жылы ашқан кәсібім ұлғаю үстінде. Қазіргі таңда орташа айлық табысым 200 мыңды құрайды», — дейді.

     Ауданда жыл басынан бері 210 адам жалпы көлемі 120 миллион теңгені құрайтын қайтарымсыз несие алған. Халықты жұмыспен қамту орталығы директорының айтуынша олардың басым көпшілігі тамшылатып суару әдісі, екінші бөлігі, сауынды ешкі жобалары, қалғандары мал шаруашылығы саласы бойынша қорғап, ұтып алған.

— Былтыр 340 адамға дәл осы мақсатта 505 мың теңге берілген. «Бастау бизнес» оқыған жастарымыз грантты әртүрлі сала бойынша алды. Грант ұтып алған адамдар 3 ай мерзім ішінде өз жобалары бойынша жұмыстарын жасауы керек. 3 айдан кейін оларға тексеріс жұмыстары жүргізіледі — дейді Халықты жұмыспен қамту орталығының директоры Әскербек Ибраимов.

     Сондай-ақ, Түлкібас ауданында «Жұмыспен қамту жол картасы» 2020-2021 жылға арналған бағдарламасы шеңберінде үш білім мекемесі күрделі жөндеуден өткізілген. А. Байтұрсынов, Г. Титов және М. Ломоносов атындағы білім мекемелерінде биылғы жылдың мамыр айында басталған жөндеу жұмыстары толығымен аяқталып отыр.

— Мектептің іргетасы 1970 жылы қаланған. Биыл мектебіміз күрделі жөндеуден өткізіліп жатыр. Сыртқы, ішкі қабырғалардың барлығы толығымен жаңартылды. Едендер өзгертіліп, жарық, су мәселелері толықтай қамтылды. Мектебімізде 1585 оқушы оқиды және 75 бүлдіршін мектепалды дайындықта. Мұғалімдер саны – 136, — дейді 50 жылдық тарихы бар М. Ломоносов атындағы мектеп-гимназиясының директоры Оспанбек Сапарғали.

         Аудандық білім бөлімінің ағымдағы, күрделі жөндеу жұмыстарына жауапты маманы Сұлтанмұрат Рақымбайұлының айтқан мәліметіне сүйенсек, жөндеу жұмыстарына «Жұмыспен қамту» бағдарламасы аясында республикалық бюджеттен 306 млн. теңге бөлінген. Бұл қаражатқа ғимараттың ішкі әрлеу жұмыстары толығымен, 2400 шаршы метр ағаш еден, электр жүйелері толығымен ауысқан. Барлық кабинетке су жылытқыш, өрт дабыл қаққыш қондырғылар орнатылып, кәріз жүйесі толығымен жүргізілген.

            Баспаханада кеңсе заттары да басылады

Аудан тұрғындары үшін жағымды жаңалықтың бірі – аудандық қоғамдық-саяси «Шамшырақ» газетінің жанынан ашылған баспахананың екінші кезеңінің іске қосылуы болды. Ақпарат үшін айта кетер болсақ, бұрынғы аудан әкімі Нұрбол Тұрашбековтың бастамасымен аудандық газеттің жанынан газет, кітап басатын баспахана ашылған болатын. Жақсы бастаманы әрі қарай дамытып, жаңа мүмкіндіктерге қол жеткізуді жоспарлаған ауданның қазіргі басшысы Нұрлан Байғұттың тікелей себеп болуымен, демеушілер есебінен редакция жанынан қосымша ғимарат салынды. Жаңа құрал-жабдықтар орнатылды. Мамандар дайындалды. Нәтижесінде жергілікті тұрғындар кеңсе заттары үшін бұрынғыдай Шымкентке шапқыламай, іздегендерін аудан орталығынан-ақ сатып алуға мүмкіндік туды.

— «Шамшырақ» қоғамдық-саяси газетінің баспаханасы жаңа ғимаратпен, жаңа баспаханамен толықты. Баспахана газет-журналдар басудан бөлек кеңсе заттарын шығарады. Аудан әкімдігіне қарасты бөлім қызметкерлерін, өзге де мамандарды түрлі кеңселік заттармен қамтамасыз етіп отырмыз. — дейді «Шамшырақ» аудандық қоғамдық-саяси газетінің бас редакторы Марат Қалтаев. Газет жанынан ашылған заманауи ғимарат алдағы уақытта да жұмысын әрі қарай жандандыра түспек.

          Жалпы алғанда, бұл күні журналистер қауымы табиғатының сұлулығына байланысты ел аузында «екінші Швейцария» атанған Түлкібас ауданында атқарылып жатқан көптеген игі істердің куәсі болды. Шаруалар кәсібін дөңгелетіп отырған ауданның туризм саласы да оңды өзгерістерге кенде емес. Түлкібастың туристерді тамсандыратын бұл саласына қатысты да қалам сілтейтін кез келер деген ойдамыз. 

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *