Қоғам

Жалған дауыс тозады, жанды дауыс озады.

Елімізде жалған дауыспен, яғни фонограммамен ән айтушылар енді бұл әрекеттерін көрерменге хабарлауға міндетті. Жақында ҚР Мәдениет және спорт министрі А. Райымқұлова Мәжілістің жалпы отырысында бұл туралы көпшілікке мәлімдеді. «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне мәдениет мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» жаңа заң жобасына сәйкес фонограмманы қолоданушылар оны көрерменнен жасырып қала алмайды. Ол туралы барлық жарнамалық өнімдерде және кассалар жанында міндетті түрде фонограмманы пайдалану бойынша хабарлама беріледі. Бұл көрерменге фонограмманы пайдаланумен өтетін концертке билет сатып алу немесе одан бас тарту таңдауына мүмкіндік береді және билеттің құнына да әсер етеді.

Жалған дауыс пен жанды дауыстың нағыз тартысқа түскен кезі осы болмақ. Өйткені, бұған дейін фонограммамен ән айтуға шектеу қою туралы қанша айтылса да, заң аясында оған тыйым салынбаған еді. Министрдің жаңа мәлімдемесі де көпшілікті елең еткізгенмен, оның орындала қоюы екіталай дейтіндер де жоқ емес. Өйткені, жаңа заң жобасынан фонограмма қолданушыларға әлі де рұқсат беріп отырғандығы, тек оны тыңдау, тыңдамауды көрерменнің өз еркіне қалдырғаны аңғарылады. Бұл бастаманы әншілер қалай қабылдап отыр?

Сахнада даусы барлар емес, аузы бардың бәрі ән салып кетті деп, киелі өнердің қадірі қашқанына жанашыр болып жүретін белгілі әнші, бірнеше конкустардың жүлдегері Мамадияр Тәукеевтің пікірін тыңдап көрген едік. «Бұл бір қуантарлық жағдай болды. Әзірге бастама жаман емес, яғни сең қозғалды деп айта аламыз. Бірақ әлі де заңнаманы жетілдіру керек деп ойлаймын. Тек сахнада ғана емес, ән мен  әнші атаулының жүрген жерінің барлығында жанды дауыс ұғымы қалыптасуы керек. Бұл тыйым той-томалақтарда да орындалуы тиіс. Көркемдік кеңес құрылып, орындаушының шығармашылық қоржынынан бастап, сахналық образына дейін сүзгіден өтсе. Тағы бір айта кетерлігі, авторлық қауымдастықтар әншінің авторлық құқығын мықтап қорғаса. Себебі кез-келген әншінің «хит» әнін тойдың бар әншісі орындайды. Бұл алғашқы әншінің нанына талас деген сөз. Еңбегі елеусіз қалмас үшін той әншісі авторға ақысын төлеп отырсын. Сонда тепе-теңдік орнайды. Әйтпесе «дайын асқа тік қасықтар» көп. Біреудің пәленбай мыңға жазған дүниесін екінші біреу неге тегін пайдаланып, ақша табуы керек? Сахна — киелі ұғым, оның қадірін тек шын талант біледі.  Әншілерге арнайы лицензия беру керек және ол әншінің барлық жерге барып өнер көрсетуіне толық мүмкіндік беретін құжат болуы тиіс. Ал оған қолы жетпегендерге мүмкіндікті де шегеру қажет деп ойлаймын. Шектеуді бұзған  жағдайда заң аясында салық төлеп, мемлекеттің қазынасына құйып отырсын. Сонда ғана шын таланттар тыңдалады. Халық айтып жүргендей, «шырылдап жүрген шегірткелер» ыршып, өздерінің ұясын табар еді.

Талқыға салатын тағы бір мәселе — концерттік залдардың жалға алу ақысының тым қымбаттығы. Мен өз басым әншілер концерт беріп, пайда табады дегенге сенбеймін. Осы мәселе де қолға алынуы керек. Жанды дауысқа сай заманауи техникамен жабдықтауды қамтамасыз ету жағын да ойластыруды күн тәртібіне көтерген жөн,  — дейді кәсіби әнші. 

Шынында да фонограммасыз ән айтуға мәдениет сарайларының техникалық мүмкіндіктері қаншалықты мұрсат береді? Осы сауалды «Шымкент қалалық мәдениет үйі» концерттік ұйымы МКҚК «Қайнарбұлақ» клубының меңгерушісі Әнуар Әлімовке қойдық.  

Жалпы, министр бұл мәселені жылдың басынан, осы орынтағына келгелі көтеріп жүргенінен хабардармыз. Бұл біраз уақыттан бері қозғалып жүрген өзекті жайт дер едім. Бірақ, әншілердің фонограммасыз сахнаға шығуына біздегі мәдениет ошақтарының барлығы бірдей талапқа сай емес екенін де жасырмауымыз керек. Акустика, зал, қондырғы, музыкалық аппараттар жанды дауыспен өнер көрсетуге әлі де лайықсыз. Шымкенттің өзінде бұрынғы кеңес дәуірінен келе жатқан қазіргі орыс драма театры мен кейінгі салынған «Түркістан» сарайы ғана осы талаптарға сай деуге болады. «Түркістан» сарайының өзі де бұрын облыс меншігінде болғандықтан, музыкалық жабдықтарын жаңа облыс өзімен бірге алып кетті де, қажетті аппараттар енді алынып жатыр. Бізде қазіргі кезде шетелден қандай да бір әнші келіп, концерт қоямын десе өзінің райдерін ұсынады. Райдер дегеніміз әншінің концерт өткізетін мекемеге қоятын талабы. Талап етілетін техниканың ішіне мықты аппаратура, сүйемелдеуші музыканттар, микрофон сияқты жабдықтар кіреді. Ал, бізде оның барлығы әр жерден сұрастырылып құрастырылады.

Жалпы, заңдағы қабылдануы күтіліп отырған өзгерістер мен толықтырулар біздегі мәдениет сарайларының жағдайын жақсартуға бастама болады деп ойлаймын. Неге десеңіз, фонограммамен ән айтуға тыйым салынған  соң әнші концерт өткізетін мекемелерге өзінің талаптарын қоя бастайды. Осыған сай, концерт залдары да өзінің барлық жағдайын жақсартуға, талапқа сай жабдықтармен қамтылуға тырысады. Ал, жанды дауыста ән салғаннан  тыңдаушының деңгейі, орындаушының мерейі өседі. Қаланың да, даланың да сахнасында нағыз таланттар қалады, яғни табиғи түрде електен өтетін болады. Сонда Роза, Мақпал апаларымыздың қасында өзін жұлдызбын деп жүрген қаншама өнерпаз олардың шаңына ілесе алмайды. Міне, мұндайлар сахна төрін көрермендер орнына алмастыруы қажет. Бұл енді менің эстрада әншілеріне қатысты айтарым, ал дәстүрлі өнер өкілдеріне дауым жоқ, — дейді мәдениет маманы.

Біздің мәдениет мамандары мен өнер жанашырлары айтқан пікірге алып-қосарымыз жоқ. Қуантарлығы, енді жаңа заң жобасына сай сахнада әншілердің көрерменмен моральді қарым-қатынасты бұзған және әдепсіз сөздер бар  репертуар таңдаған өнерпазға да тиісті жауапкершілік шарасы қолданылмақ. Ән мен әнші түзелсе, тыңдаушы да түзелері анық. Бүгінгі қазақ әні халықты тәрбиелеу құралына қайта айналып жатса, мақсаттың орындалғаны.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *