Өмірдің өзі

Дұғасы қиыс кетпеген Қияқбай әулие

Раббымыздың ерекше назары түскен, пайғамбарлар жолын жалғап, иман нұрын таратушы жандар ел арасында әулиелер деп аталған. Олар ерекше қасиетке ие, қарапайым жұрттың қолынан келе бермейтін хикметтерді жасайтын жандар. Пайғамбарлардан кейін адамзат қауымы азғындыққа түспес үшін жалған дүниедегі пенделердің парызын еске түсірушілер болған.

«Ислам» энциклопедиясында «әулие» — діни наным бойынша тірілердің тағдырына ықпал жасай алатын, қасиетті, киелі адамдар» деп анықтама берілген. Қазақта «Әулие — Құдай емес, Құдайдан былай да емес», «Әулие аттаған оңбас» деген ұғымдардың қалыптасуы да тегін емес.

Ел аузында өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдарының ортасында Шардара ауданы, «Қазақстан» кеңшарында өмірден өткен Қияқбай әулие туралы түрлі аңыз-әпсаналар айтылады. Ол 1911 жылы Ақтөбе облысы,  Байғанин ауданында дүниеге келген. Жастық шағы Ақтөбе жерінде өткен ерекше жан жастайынан өзгенің айтқанына көне қоймайтын, мінезі тентектеу, әруақты бала болып өсіпті. Әкесі Жұмабай ахун да ескіше хат танитын, ілімді адам болған деседі. Қияқбайды бес жасқа толғаннан сауатын ашып, білімге баулып, ауыл молдасына береді. Халықтың басына бұлт үйірілген нәубет жылдары Қияқбайды да «ескінің көзі» деп қудалағандар болды. Бұл кезде ол көріпкелдігімен көзге түсіп, таныла бастаған еді. Әулие басына қауіп төнерін  біліп, жиі орын ауыстырып отырған. Бір жерде тұрақтап, ұзақ қоныстана алмаған екен. Кеңес өкіметінің солақай саясатының кесірінен  Ұлы отан соғысы басталғанға дейін, нақтырақ айтқанда, 1928-1940 жылдар арасында бернеше рет көшіп-қонған. Кіндік қаны тамған мекеннен алыстап, Бесқала, Бозашы,  Тәжікстанға дейін бас сауғалаған. Қырқыншы жылдары қатты науқас тартқан  Қожабай деген кісіні емдеп жазғаннан кейін қызметіне риза болған ол кісі әулиеге өзінің қарындасын береді. Қияқбайдың одан бір қыз, төрт ұлы өрбіген.  

Қияқбай қария ауыл ағасы, «Мырзакент» мақта өңдеу зауыты Шардара ауданындағы филиалының басшысы болған Сейсен Қуанның жақын ағайыны болып келген екен. Айтуынша, әулиенің сүйегі бүгінде Көксу қорымында жатыр. Оның өзіндік тарихына кейінірек тоқталармыз. Алдымен әулиенің қандай қасиеттері ел аузына кеңінен тарағаны жайындағы оқиғаларды баяндасақ.

Таңқаларлығы, Қияқбай әулиенің қарғысы ешқашан қиыс кетпеген екен.  Бірде көзі көрмей қалған Базарбай Кенжекұлы деген кісінің қайын інісі Бораш оған құмалақ аштырады. Құмалақты шашып жіберген қасиетті кісі: «Базарбай қызыл жорғасын маған берсе көзі жазылады» деп анықтап айтыпты. Бораш емшінің сөзін бұлжытпай жездесіне келіп жеткізгенде атты беретін болып келіседі. Ертеңіне Қияқбайды әкеліп емдеткенде айтқанындай науқастың екі көзі шайдай ашылады. Бірақ, уәдесінде тұрмаған ол жорғаның орнына сиыр мен кілем беріп жібереді. Сонда Қияқбай: «мен оның қызыл жорғасына қызығып отырған жоқпын, әулиелер аян берген соң айтып едім, мұнысы жөн болмады.  Егер айтқан уәдесін орындамаса, екі көзі бүгін түнімен тағы мазалап шығатын  болады» деген екен. Айтқаны айдай келіп, сол түні Базарбайдың көзі ауырып шығады. Ал, таңертең қызыл жорғаны өз ықтиярымен жетелетіп жібергеннен кейін көзі қайтып мазаламапты.

Ел аралап емшілік жасап жүретін Қияқбай әулиенің тағы бір ерекшелігі, қолақысына берген ешкі-қойды байламай-ақ алдына салып айдап кете берген. Арнайы шақырып, ем-домын алған адамдар атаған малды шын көңілмен берсе, өзі-ақ әулиенің алдына түсіп жүре берген. Егер оны пендешілікпен қимай берсе жолда жан-жаққа қашып әурелейді екен. Алдына ешкі-қой салып, атпен айдап келе жатқан Қияқбайдан әзілі жарасқан құрдастары кейде сауға, базарлық сұраған. Ондайда дүниеге қызықпаған, жаны жомарт емші елдің сұрағанын беріп жүре беретін болыпты.

Айтқаны айдай келетін емші қиянатқа, әділетсіздікке жаны қас, қарапайым шаруа болған екен. Оның мірдің оғындай өткір қарғысы кісі ақысын жегендер мен әлсіздерге қиянат жасағандарды сұлатып салған. Ал, кейбір ауру-сырқауды бір сипап жазып жіберген. Бүгінде жасы алпысқа таяған шардаралық Гүлпаршын апаның бала кезінде анасы Зүбәйра безгек болып ауырыпты. Халық еміне жүгінген туыстары Қияқбайды шақыртады. Балаларды науқастың жанына жақындата қоймаса да, Гүлпаршын апаның есінде жасы орталап қалған бір кісінің келгені қалыпты. Бірақ, қандай ем жасағанын білмейді, әйтеуір, көп ұзамай анасы аяқтан тұрып кетеді. Ал, Гүлпаршын апаның жолдасы Жолдас аға кезінде ол кісімен дастарқандас болған. Қияқбайдың бойында бір кереметі бары құрдастарының кейде оған қалжыңдап «мынаған кереметіңді бір көрсетіп қоясың-ау, білгішсініп көп сөйлеп кетті» деп отыратынын-ақ байқалады. Ал, әулие шын мәнінде Маңғыстаудағы пір Бекеттің тікелей ұрпақтарының бірі, тіпті ол туралы жазылған кітапта айтылған екен.

Ал, енді жоғарыдағы Сейсен ағаның әңгімесіне тоқталсақ, дүниеден озар алдында әулие ет жақындарына өзінің қабірін Көксудан қазуды аманаттапты. Ол ағайындарға: «Қабірден бір көк тас шығуы мүмкін, оны лақтырып тастамай, басыма белгі етіп орнатыңдар. Бірақ, дертіне дауа іздегендер менің әруағымды мазаламай, шипаны Алладан сұрасын» деген екен. Шынында да, ауыл қариялары қабір қазылып жатқанда көк тас табылғанын айтады. Біраз жыл әлгі көк тас молада тұрыпты. Алайда, дертіне шипа іздегендер қайта-қайта барып, әулиенің ақырғы аманат сөзіне құлақ аспағандықтан қабірстаны аяқасты болуға шақ қалады. Сөйтіп, ол тасты Алматыда тұратын балалары алып кетіпті.

Осылайша өзінің кереметімен ерекшеленіп өмір сүрген Қияқбай әулиенің көзін көріп, қолын алған, қасиетін сезінгендер арамызда сирек болса да әлі бар. Тіпті, еміне дауа тапқандардың оқиғалар тізбегінен бір кітапқа арқау болар дүние шығардай. Айта кетерлігі, оның балаларының ешқайсысы ата жолын жалғастырмаған. Үлкен ұлы Сатыбалдының ғана ұстанымы болған екен, бірақ ол да қайтыс болып кеткен.

Мінекей, қазіргілер арабтың сөзіне теңеп жүрген «әулиелер» жаңа ғасырға дейін біздің дәуірде өмір сүрген. Олар туралы ел ішінде аңызға бергісіз ақиқат көп тараған. Соның бірі біз қасиетіне аз-кем тоқталған, дұғасы қиыс кетпеген  Қияқбай әулие еді.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *