Әлеумет Қоғам

Талғам неге табанға түсті?

Шамамен осыдан алты-жеті жыл бұрын «Егемен Қазақстан» газетінің тілшісі Айнаш Есалы әлеуметтік желінің әлеуметтік жауапкершілігі туралы мақала жазды. Ұмытпасақ, мақала тақырыбы «Біз де тамақ істей аламыз» болса керек. Онда оқырманның айтыскер Айнұр Тұрсынбаеваның істеген  тамағын күн сайын желіге жүктеп жататынын, оны пәленбай оқырман көріп, «лүпілдетіп» отыратынын сынап, редакцияға хабарласқаны жазылыпты. Ол кезде әлеуметтік желінің елімізге енді дендеп еніп жатқан, оны пайдаланушылар үшін жылт еткеннің бәрі қызық болып тұрған кезі еді.

         Жақында отандық сайттардың бірі актриса Жұлдызай Дүйсенбиеваның «Күйеулері гүл сыйламаса, әйелдерінің өзі кінәлі» деген сұхбатын жариялады. Сұхбаттың негізіне Жұлдызай ханымның еденді де, қажет болса кірді де қолмен жуатыны арқау болған. Фейсбук әлеуметтік желісінде таралған әртістің осы әңгімесінің асты қып-қызыл пікір-талас алаңына айналыпты. Тіпті, пәленбай коммент жазылып, үш мыңға жуық лүпіл басылған. 

        Осыдан кейін ойға қаласыз. Қазір аудиторияның барлығы әлеуметтік желіде отыр деп «кітапханаларды жабатын болып жатырмыз». «Қажетті ақпараттың барлығы интернетте толып тұр, газетіңді оқымаймыз» деп  педагогтардың өзі танымдық құралмен алысып  жүр. Ал, әлеуметтік желіні ашып қалсаңыз, жұрттың бәрі арзан әңгіме мен бос сөздің айналасында жапатармағай жарысып, қызылкеңірдек болып отырады. Мәселен, танымдық  мақсатта жарияланған, адам дүниетанымының көкжиегін кеңейтетін қандай да бір мақаланың сілтемесін фейсбукқа оқырман қажетіне жаратар деген оймен  бөлісе қалсаңыз, ең көбі он-он бес лүпіл басылады. Ал, оның ішінде мақаланы ашып оқитыны кемінде үш-төртеуі ғана. Зерттеу мен құндылыққа толы ойларды оқымайтын әлеумет әртістердің жеке өміріне қызығушылықтан әлі күнге аса алмай жүргені қынжылтады. Бұл бұрыннан айтылып жүрген жайт қой. Бірақ, «еден мен кірді қолмен жуатынын» жаңалық қылған әртістің сұхбатынан кейін талғамның осыншалықты төмендеп, табанға түскеніне шынымен де көзіңіз жете түседі екен.                                            

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *