Құқық

Кепіл мүлкі жоқтарға несие алу жеңілдеді

Газетіміздің №36 санында «Кәсіпкер мен шаруаға несие қалай беріледі?» тақырыбында бір малын екеу етсем деген ниеттегі азаматтарға көрсетілетін қаржылай қолдау туралы мәлімет берген болатынбыз. Мақалада биыл тамыз айынан бастап ауыл тұрғындарына төлем кепілі бойынша жеңілдіктер енгізілгенін, ол туралы толығырақ жазатынымызды айтқан едік. 

«Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» кепілдендіру және сақтандыру бөлімінің басшысы Азат Мүйтембаевтың айтуынша, кәсіппен немесе мал шаруашылығымен айналысқысы келетін ауыл тұрғындарының басты проблемасы кепілге қоятын мүліктің болмауы екен. Енді бұл мәселе шешімін тапты десе де болады. Аталмыш қор екінші деңгейлі банктермен  меморандумға қол қойған. Қазір бұл бағытта мамандар «Атамекен» КҚО мен  банктерге, аудан орталықтарына барып түсіндіру, насихат жұмыстарын  жүргізуде. 

         Мемлекеттік қолдаудың жаңа шарты бойынша екінші деңгейлі банктерден алынатын үш миллиард теңгеге дейінгі несиеге енді кепіл мүлік үшін жеңілдіктер қарастырылған. Несие мерзімі он жылды, ал өсімі он жеті пайызды құрайды. Кейбір мемлекеттік бағдарламаларда, нақтырақ айтқанда, «Қарапайым заттар экономикасы» жобасы бойынша алынатын несиеде өсім он бес пайызды құрайды. Оның тоғыз пайызын мемлекет субсидияласа, қалған алты пайызын шаруаның өзі төлейді. Айта кетерлігі, мүлік кепілдігіне мемлекеттік қолдау тек ауылшаруашылығы саласындағы кәсіпкерлерге ғана төленеді. Мысалы, тауар өндіруші, өңдеуші, қайта өңдеу, тамақ өнеркәсібі,  азық-түлік саласы бойынша қаржылай қолдауға ие болғысы келетіндерге тиімді мүмкіндік. Осыған сәйкес «кепілдендіру ақылы ма?» деген сұрақ туындайтыны заңды. Маманның айтуынша, бұл отыз пайызды құрайды, яғни, 29,9 пайызын  ауыл шаруашылығы басқармасы төлесе, небәрі 0,1 пайызын шаруаның өзі өтейді.

Кепілге ауылдағы кез келген тұрғын үйлер, ғимараттар жарамды. Оның қандай материалдан салынғанына шектеу қойылмайды. Өйткені клиенттердің басым көпшілігі ауыл тұрғыны болып табылатындықтан, қатаң талап қою тиімсіз. Ескеретіні, үйдің немесе ғимараттың салынғанына алпыс жылдан аспауы керек. Сондай-ақ, несие алушының өз меншігінде болмаса да еліміздің кез келген аумағынан кепіл мүлікті үшінші тұлғаның келісімі арқылы қоюға болады. Ал, мал асыраймын деген жанның меншігінде бұған дейін қанша малы бар екендігі де ескерілмейді. Яғни, жаңадан шаруа бастағысы келетін кез-келген жанның төлем қабылеті мен несие тарихы дұрыс болса және қора-жайы, ең бастысы ниетіне берік болса қайтарымды қаржылай қолдауға жеңілдік түрлері көрсетіледі.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *