Мәселе

Қан қысымы «жасарып» барады

Соңғы кезде қан қысымы ауруына шалдыққандар жиі кездеседі. Тіпті,  қоғамда жыл өткен сайын бұл аурудың «жасарып» бара жатқаны байқалады. Бұған не себеп? Дәрігерлердің айтуынша, қан қысымының көбеюіне негізінен жастардың спортпен шұғылданбауы, қимыл-қозғалыстың азаюы, бір орында ұзақ отыруы мен бас көтермей көп жатуы себеп болады екен. Сондай-ақ,  майлы, ащы тағамдарды пайдалану да қан қысымының өзгеруіне әкелетін әдет болып табылатын көрінеді.

Қан қысымы өзгерісінің алғашқы белгілері көздің қарауытып, бастың айналуы, бойды әлсіздік билеп, құлақтың шыңылдауынан білінеді. Мұндайда уақыт оздырмай қан қысымын өлшеткен дұрыс. Қан қысымына шалдыққандардың қатары соңғы кезде неге артты, оған  жол бермес үшін  қандай әрекеттерді жиі әдетке айналдырған дұрыс? Бізге бұл туралы Шымкент қалалық №3 емхананың терапевт дәрігері Сандуғаш Ергешова айтып берген  еді.

Қазіргі кезде күнкөріс қамы қиындаған, адамдардың барлығы да қайтсем ақша табамын деумен сабылып жүр. Сыртқы ортаның осындай әсері ішкі күйзеліске әкеліп соқтырады. Күнделікті тұтынып жүрген тағамдарымыз да табиғи өнім емес. Сондай-ақ, қимыл-қозғалыс азайған уақытта майлы, тұзды тағамдарды мөлшерден көп жейміз. Мұндай тағамдар адам ағзасындағы холестеринді, яғни қанда майдың ұлғаюына, қант мөлшерінің көбеюіне әкеліп,  қан қысымына ұшыратады. Артық салмақ қан қысымын жоғарылатады. Жалпы, жұмыс барысы, стресстік жағдайлар адамның эмоционалды көңіл-күйін бұзып, салдары ауруға душар етеді,  — дейді дәрігер.

С. Анарбекқызы ұзақ жылдық тәжірибесінен көз жеткізгендей, қан қысымы ауруымен тіркеуде тұратындардың көбісі тумысынан сабырсыз, күйгелек, ашуға берілгіш жандар болып келеді екен. Мұндай жандарда аталмыш ауру түрі ерте жастан басталады. Сондай-ақ, қан-тамыр жүйелерінің қалыпты ырғағының бұзылуы тұқымқуалаушылыққа да байланысты болып келеді. «Қан қысымымен тіркеуде тұрғандардың ең жасы 27-28 жастан басталады. Бұл маған қарасты аумақ бойынша тіркелгендер. Ал, жалпы емханадағы басқа аумақтарда тіпті 25 жастағы науқастар да бар», — дейді ол. 

Жастар арасында қан қысымына ерте шалдығудың себебі туабітті жүрек ақауы бар, жүрегіне ота жасалған жағдайлар себеп болады екен. Салдарынан  жүректің жұмыс істеу ырғағы бұзылған соң қан-тамыр жүйелеріне кері әсер етеді. Сонымен қатар, біз атап отырған дерт соңғы кезде жүкті әйелдердің толғақ мерзімінің үшінші кезеңінде де жиі кездесе бастапты. Бұл айтарлықтай алаңдатар жайт. «Жүкті аналардың көңіл-күйі соңғы жылдарда тым әсершіл, сезімтал болған. Жүктілік кезде орын алған әрбір жайт оған әсер етеді. Қалаған нәрсесін жей алмай қалса, қалаған затын алмай қалса, тіпті, баласының беймезгіл жылағаны да тез әсер етеді. Сонымен қатар, эндокриндік аурулар, бас сүйектің жабық жарақаты, қант диабетінің, бүйрек ауруының болуынан бөлек, отбасы жағдайында психикалық соққы алған, ашушаң, сабырсыз, сыртқы ортадағы әсерді тез қабылдайтын, рухани әлсіз келіншектер қан қысымына ерте шалдығады. Жүктіліктің үшінші кезеңінде аталмыш дертке ұшырағандардың арасында тіпті, жиырма жасар тым жас аналар бар», — дейді С. Ергешова. 

         Қан-тамыр жүйесінің қалыпты ырғағы бұзылған жандар өз бетімен сүлік салдырып, тағы басқа да ем-шаралар жасауға дәстүрлі медицина өкілдері рұқсат бермейді. Мұндай науқастар тіркеуге алынып, дәрігер бақылауымен қажетті дәрі-дәрмектер қабылдау арқылы ауруды бірқалыпты ұстап тұруға болады. Ал, дерттен біржола құлан-таза айығу мүмкін емес. Қан қысымы ауруы үш сатыға бөлінеді. Дәрігерлер осы сатылар бойынша науқастарды тексеруден өтікізіп, ем қабылдайды. Ал, бүгінгі уақыттың дертіне айналған аталмыш аурудың алдын алу біріншіден әр адамның өзіне байланысты. Мамандар ол үшін кешкі уақытта  бірқалыпты жүріспен 500 метр, жарты сағат болса да жаяу жүріп, серуен құруға кеңес береді. Егер денсаулығыңызға жауапсыз қарасаңыз мұның соңы инфаркт, инсульт, қан диабеті сияқты ауруларға әкеліп соғуы әбден  мүмкін. 

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *