Біле жүріңіз

«Бір-ақ ауыз өлеңмен тарихта аты қалған ақындар бар»

Кәрима ОРАЛОВА, айтыскер ақын:

             — Кәрима Датанқызы, биыл наурызда «есік қаққан» пандемиялық жағдай өнердің сан саласының, оның ішінде айтысты да «жүрісінен жаңылдырды». Кейінгі жылда онсыз да сирек болып жүрген жыр додасының өтпей қалуы сізге қалай әсер етуде?

         — Айтыс мүлде тоқтап қалды деп айта алмаймыз, өйткені, көрерменсіз болса да, онлайн форматта бірнеше жыр додасы өтті. Оның бірі — Шымкенттің 2200 жылдығына арналған онлайн айтыс. Сол сияқты бірді-екілі аламандар әлеуметтік желі арқылы ұйымдастырылуда. Қазір М. Әуезов атындағы ОҚМУ-да шәкірт тәрбиелеудемін. Күні кеше Абай Құнанбаевтың 175 жылдығына орай өткен студенттердің онлайн айтысында Ардақ Орынбек, Нұржанат Базарбек, Құралбай Бақдәулет сияқты шәкірттерім үздік өнер көрсетті. Айтыс өнеріне қосқан еңбегім еленіп, биыл Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова өз қолымен «Мәдениет саласының үздігі» төсбелгісін кеудеме тақты. Бұл да болса карантин жағдайында өнер иелеріне көрсетілген  құрмет, олардың шығармашылығын бағалау деп білемін.

— Түйеге мінген қазақ төрт ауыз өлең біледі, бірақ оның бәрі ақын емес. Ал, сіз  айтыссүйер қауымға өнеріңізбен ерте танылдыңыз. Ақындық ата-тегіңізден дарыған ба? 

— «Алма ағашынан алысқа түспейді». Анам Бунар ақынжанды, тойдың сәні болған өлеңшіл кісі еді. Нағашы ағам Құрал да өз заманында жақсы ақын болған екен. Ел аузынан атам «Ыбыраш айтты» деген тапқыр әңгімелерді жиі естимін. Әкем Датан Арыс станциясында ұзақ жыл теміржолшы болып жұмыс істеген. Тоғыз ұл-қыз тәрбиелеген отбасыда өстім. Мектеп қабырғасында оқып жүргенімде 8-сыныптан бастап бойымдағы ақындық қабілетімді байқаған  ұстазым Әбдіхалық Әбдірайымов өлең өлкесіне жетеледі.

— 1980-90 жылдары әр облыста қалыптасып үлгерген ақындық мектептердің алдыңғы көшінде әсіресе, сол кездегі Шымкент облысының ақындары талай бәйгеден дара озып келді. Осы кездерді еске ала отырыңызшы…

—  Расында, тәуелсіздік жылдарынан кейін айтыстың мазмұны, сипаты өзгерді. Ақындардың тіліндегі тұсау мен ойы шешілді. Мұхамеджан Тазабеков, Бекарыс Шойбеков, Оразәлі Досбосынов сияқты жас перілер әрбір сөзін шегелеп айтып, қамырдан қыл суырғандай кесек сөздерімен көш бастады. Айтыстың сатиралық деңгейінің көтерілуіне Есенқұл Жақыпбеков пен Балғынбек Имашов, Айтақын Бұлғақовтың уытты әзілдері, көрермен көңіліне қаяу салмайтындай оралымды шумақтары езуге еріксіз күлкі үйірді. Алматының халқы жаңадан жас ақын жарқ етіп көрінсе, алақанына салып көкке көтеретін. Біздің жұлдызымыздың жанғаны да осы кездер болды.

— Сахнада қарсыласыңызды әзіл сөзбен шымшылап, «шағып» айтасыз. Қалжыңқойлық табиғатыңызға жақын ба әлде айтыстағы ұстанымыңыз ба?

—  Көпшілік өзі де, сөзі де салмақты Маржанды көбінесе Әселхан апаның, мені  шалдардың бәрін әзілмен қиратқан Тәушен апаның сіңлісі деп айтады. Маған «домбырам не дейді, мен не деймін» деп ұзақ жырлап отырмай, нақты әрі мәнді, шаппа-шап айтыс жасаған ұнайды. Шынын айтқанда, халық қазір  айтысқа демалу үшін келеді. Аузыңа қарап отырған ағайынды күйкі тірліктің күйбеңі қажытып-ақ жүр, олардың көңілін көтеру өнер иесінің міндеті деп түсінемін.

— Қазір айтыскерлердің деңгейін тақымына басқан темір тұлпармен өлшейтін болды. Өзіңіздің айтыс сахнасында жүргеніңізге 25 жылдан асыпты. Осы жылдарда қанша мәшине мінгеніңіз құпия емес шығар?

— Тарихта бір-ақ ауыз өлеңмен аты қалған ақындар бар. Сондықтан шын жүйріктерді дүние деген қолдың кірімен бағалауға болмайды. Ал, өзім қателеспесем, «тірідей» 5 көлік мініппін. Бүгінде айтыстың жүлдесін «мәшиненің құны» деп ақшалай беріп жүр ғой, мұндай қанша мәшине алғаным   белгісіз. Көлік жүргізуді бір аптаның ішінде үйрендім. Жаратушы ием теріп жейтін несібемді өлеңге шашып қойған екен. Жасымнан осы өнердің арқасында өз арбамды өзім дөнгелетіп келе жатырмын.

—  Заманында Гетенің патшаларға мадақ өлең айтатынын байқаған Бетховен «Мен сені ақындардың патшасы десем, патшалардың ақыны екенсің ғой» депті астарлай. Бүгінгі күнде той-жиындарда лауазым иелерін мақтап, арнау өлеңдер айтып, айтыс демеушілерін орынсыз жер-көкке сыйғызбайтын ақындар көп сияқты. Ал, сіздерді айтысқа жүлдесіне қарай таңдап, талғап барады дегенді жиі естиміз…

—  Бұл «ақындар бәйге үшін ғана айтысады» деген сөз емес. Бұрынғыдай алып-ұшып тұрған жас емес, көпшілік бізді сахналық тәжірибесі қалыптасқан айтыскер деп біледі. Сондықтан шақырғанның көңілін қалдырмай қатыса беру қисынсыз. Барған жерде лайықты құрмет жасалғанын әркім қалайды. Оның үстіне, несіне жасырамыз, айтысқа бару-келу, жатын орын, басқа да шығыны  болады. Жас ақындардың айтысында өнер көрсетіп, жағаласуымыз тағы орынсыз. Бұл сыбағасы аз деп, сыйлағанды білмеу емес.

— Сахнада өлеңіңіз ұйқаспай, берекеңіз қашқан кездер болады ма? 

— Сөзден тосылып, тілің күрмелетін кездер болмайды деп айта алмаймын. Бірақ, осы айтысып жүрген жиырма бес жылда бірде-бір айтыстан жүлделі орынсыз қайтпаған екенмін. Тек, Жамбылда өткен бір айтыста ғана ақтық сынға өтпей қалдым. Сонда Айнұр Тұрсынбаева «финалға өтпей қалғаныңды «жумайсың ба?!» деп қалжыңдағаны бар еді…

         — Халқымыздың дәстүрлі жыраулық өнерінде еліміздің географиялық аймақтарына қарай тыңдаушылардың айырмашылығы бар. Айтыс тыңдаушылары арасында мұндай ерекшеліктер байқала ма?

— Әрине, тыңдаушының тыңдаушыдан айырмасы бар. Батыс өңірі сөздің мәніне қарағанда, ақынның адуынды, ұзақ айтатынына қарай бағалайды. Біздің өңірде термелеп, майдалап айтқанды ұнатып, Сарыарқаның әуенімен аңыратып айтатындарды тыңдай алмайды. Ал, Алматы мен Астана зиялы қауымдардың мекені болғандықтан, өлеңді кәсіби тұрғыда ғана мойындайды. Себебі бұл қалаларда айтыс көрермендерінің көпшілігі ақын, бәрінің кеудесі сайрап тұр. Дегенмен, құдай қызыл тілге қуат берсе, шын жүйрік қайдан болса да бәйгені алып келеді.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *